Белсенділер босатылар алдында «идеологиялық әңгіме» жүргізілгенін айтады

0

20 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда қарашаның соңында Еуропа Одағы өкілдігі алдында акция өткізгені үшін он тәулікке қамалған қалған белсенділер босап шықты. Бұлар: Қапар Ахат, Фариза Беспаева, Ақмарал Керімбаева, Болатхан Хамитұлы,Зүбайда Сейдахметова және Макс Ибарев.

Белсенділердің сөзіне қарағанда, бүгін таңертең сағат 8 болмай жатып, оларды Алматы және Байқоңыр ауданы полиция бөлімшелеріне алып барып, «идеологиялық әңгіме» өткізген. Оған жергілікті әкімдік өкілдері мен полиция қызметкерлері де қатысқан.

— Бізден «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы туралы не ойлайсыңдар?», «Сендер ҚДТ-ны қолдайсыңдар ма?», «Неге қайта-қайта наразылық көрсете бересіңдер?» деген сияқты сауалдар қойды. Біз олардың «енді митингіге шықпаймыз» деп жазылған қағазына қол қоюдан бас тарттық, — дейді олар.

Желтоқсанның 9-10 күндері полиция бұл белсенділердің бірін үйінің маңынан, енді бірін жұмысынан, тағы бірін көшеден ұстап алып кеткен. Олардың қамауға алынуына 26-27 қарашада Нұр-Сұлтандағы Еуропа Одағы өкілдігі ғимаратының алдында бейбіт жиын өткізіп, Қазақстан билігінен адам құқығын сақтауды, саяси тұтқындарды босатуды талап етуі себеп болған. Қатарынан екі күн өткен митингіде белсенділер Қытайдың Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалау саясатына да қарсылық білдірген.

10 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік көшпелі соты бұл белсенділерді қаладағы бірнеше полиция бөлімшесінде соттаған. Оларға «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айып тағылды. Зүбайда Сейдахметова мен Фариза Беспаева сот барысында судьяға сенімсіздік білдіріп, соттың қазақша өтуін талап еткенімен талаптары орындалмаған. 20 желтоқсанда адвокаттарымен кездескен белсенділер сот шешімдерін апелляцияға беретінін айтты.

Тәуелсіздік күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда Желтоқсан мен Жаңаөзен оқиғасында қаза тапқандарды еске алу шарасынан кейін полиция ондаған адамды ұстаған. Ақтау, Шымкент, Оралда кейбір белсенділерді үйінен әкеткен.

Ішкі істер министрлігі 16 желтоқсанда Алматы мен Нұр-Сұлтанда 55 адам «заңсыз митингіге қатысты» деп ұсталды десе, құқық қорғаушылар ұсталғандар саны бұдан да көп деп есептейді.

Azattyq