Белсенді Санавар Закирова тіркелмеген партиясының штаб-пәтерін ашты

0

«Наше право» атты партия құрғысы келетін азаматтық белсенді Санавар Закирова 20 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласында құрылмаған әрі тіркелмеген партиясының штаб пәтері мен «Халық дауысы» баспасөз орталығын ашты.

Тіркелмеген партияның штаб пәтері мен баспасөз орталығы Санавар Закированың Нұр-Сұлтан қаласындағы екі бөлмелі үйінде орналасқан. Оның сөзінше, «Наше правоны» ешкім қаржыландырмайды, қоғамдық бастама негізінде жұмыс істейді.

Тіркелмеген партияның штаб пәтері мен баспасөз орталығының ашылуына ондаған азаматтық белсенді келді. Соның бірі Гүлнұр Оразғұлова «Наше Право» партиясы тіркелсе, ірі компаниялар иеленіп отырған табиғи қазба байлықтарды мемлекет меншігіне қайтару, сот тәуелсіздігін орнату тәрізді өзгерістер енгізуге ұмтылатынын және парламентке өтуге тырысатынын айтты.

— Нұр-Сұлтанда барлық баспасөз орталығы ақылы, «Халық дауысы» баспасөз орталығы тегін жұмыс істейді, — дейді Санавар Закирова.

Азаматтық белсенді әрі кәсіпкер Санавар Закирова былтыр, 2019 жылдың басынан «Наше право» партиясын құратынын мәлімдей бастаған. Былтыр 9 наурызға белгіленген құрылтай съезі өтпей қалған. Осыдан кейін кәсіпкер Санавар Закирова полиция кедергі жасады деп шағымданған.

Кейін ол «партия құруға кедергі келтірді» деп Алматы әкімдігін, қалалық полиция департаменті мен «Нұр Отан» партиясын айыптаған. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын «Нұр Отанның» төрт мүшесі «белсенділер желіде партия жайлы шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратты» деп сотқа берген болатын.

2019 жылы қарашада Алматы қаласында сот Санавар Закирова мен оның екі жақтасын «Нұр Отан» партиясының төрт мүшесіне 6 миллион теңге (15 мың доллар) төлеуге міндеттеген.

Azattyq