Белсенді: Макгрегор жағдайы жоқтарға өз елінде үй салып жатыр. Ал біздің боксшылар биліктің қолшоқпары

0
121

Жарайды, халыққа көмектеспей-ақ қойсын. Тек саясатқа басын тықпаса да болады ғой абыройын түсіріп.

Сайлау күні қарсаңында Алматыда өткен митингке келіп жұрттың шырқын бұзып, шерушілердің қолдарындағы плакаттарын жыртқан боксшы Ермахан Ыбрайымовтың өрескел тірлігін жұрт әлі де кешіре алмай жатқанға ұқсайды. Сол күні алаңда сойқан салып, жас қыздармен жұлысқанына «өкініш» білдіріп сұқбат бергеніне қарамастан әлеуметтік желі бетінде Ермаханды сынаушылардың қатары азаймай тұр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мәселен, Мәди Сырымбет есімді желі қолданушысы еліміздегі даңқты спортшылардың биліктің қолшоқпары болып отырғанына өкініш білдірген. Оның айтуынша, шетелдік спортшылар қолынан келсе, халқына көмек жасап, қайырымдылықпен айналысады. Ал бізде керісінше.

«Мың жерлесіне үй салып берген Мэнни Пакьяо. Ирландияда үйсіздер бар деп ойламаймын. Өйткені олардың халқы да бай. Дегенмен Конор Макгрегор жағдайы жоқтарға өз елінде үй салып жатыр. Ал біздің боксшылар биліктің қолшоқпары. Жарайды, халыққа көмектеспей-ақ қойсын. Тек саясатқа басын тықпаса да болады ғой абыройын түсіріп», – деп жазыпты ол өзінің facebook парақшасында.