Белсенді бас прокуратура алдында Жәкішевті босатуды талап етті

0

13 ақпанда түстен кейін астаналық белсенді Бибігүл Тұяқова бас прокуратура ғимаратының алдында жалғыз адамдық пикет өткізді. Ол «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішев пен Жаңаөзендегі жұмыссыз жастар белсендісі, былтыр бес жылға сотталған Ержан Елшібаевты бостандыққа шығаруды талап етті.

Оның қолында «Мұхтар Жәкішевке бостандық! Мерзімінен ерте босасын» деген жазуы бар плакат болды.

— Қолдағы бар ақпаратқа қарағанда Мұхтар Жәкішев үшінші рет мерзімінен ерте босату туралы өтініш беріп жатыр. Оның денсаулығына қауіп төніп тұр. Қайта-қайта түрмеде құлап қалып жатқанын естідім. Сол себепті Жәкішевті босатуды талап етемін, — деді Бибігүл Тұяқова Азаттық тілшісіне.

Ол бұдан бөлек «Денсаулыққа қасақана зиян келтіру» бабымен былтыр бес жылға сотталған жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаевты түрмеден шығару қажеттігін айтты.

— Оның үстінен ешкім арыз түсірмеген. Бұрынғы оқиға бойынша соттады. Тіпті «жапа шекті» деп тауып әкелінген адамның өзі оған арыз-шағымы жоғын айтты. Бас прокуратура протест жасасын, — деді Бибігүл Тұяқова.

Бұдан соң бас прокуратурадан өзін Ілияс Сәнібаев деп таныстырған қызметкер шығып «Сіз прокуратура қандай реакция жасасын деп сұрайсыз? Жүріңіз, ішке кіріп сөйлесейік» деп белсендіні ішке алып кетті.

Мұхтар Жәкішев «Венада (Австрия) «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген» деген айыппен 2009 жылы 14 жылға сотталған. Түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішев өзіне тағылған айыптармен келіспейді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Жәкішевті «саяси тұтқындар» тізіміне қосқан. Құқық қорғаушылар «Жәкішев елден қашқан Мұхтар Әблязовпен (бұрынғы банкир, Қазақстан билігін сынаушы) араласқаны үшін қысымға ұшырады» деп санайды. Ал Қазақстан билігі елде «саяси тұтқындар жоқ» деп есептейді.

Бұған дейін оның мерзімінен ерте босату туралы өтініштері қанағаттандырылмаған. Наурыз айының басында Семей қалалық соты оның үшінші өтінішін қарайды.

Оқи отырыңыз: Жәкішевке катаракта диагнозы қойылды, ерте босату туралы үшінші өтініші наурызда қаралады

2019 жылы 17 қарашада Жаңаөзен қалалық соты 31 жастағы Ержан Елшібаевты «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша кінәлі деп тауып, бес жылға соттаған. Сот оның кінәсі дәлелденді деген. Кейін 25 қарашада оқиғаға қатысы бар адамдар талаптары жоқ екенін айтса да, апелляциялық сот алқасы шешімді өзгеріссіз қалдырған еді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Ержан Елшібаевты да «саяси тұтқындар» қатарына қосқан.

Azattyq