Белсенді аналарды тергеу соты балаларына байланысты шегерілді
Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының судьясы Алма Әбдіхалықова 1 маусымға қараған түні алматылық белсенді аналар Оксана Шевчук пен Жазира Демеуоваға бұлтартпау шарасын қолдану бойынша тергеу сотын 1 маусымға шегерді. Белсенділердің өздерімен бірге балалары барын айтқан судья келесі отырысқа балаларынсыз келуді тапсырды.
Дегенмен Оксана Шевчук Азаттық тілшісіне емшектегі баласын үйінде тастап кете алмайтынын айтты.
— Мені әлгінде Алматы полиция департаментіне шақырған кезде баламды үйде қалдырып кеткенмін. Полицияда мені сегіз сағат бойы ұстады. Осы уақытта көкіректегі сүт жоғалып кете жаздады. Енді оны үйде қалдырмаймын, — деді көп балалы ана Оксана Шевчук.
Оның жеті айлық нәрестесінен бөлек үш баласы бар. Жазира Демеуованың да жағдайы күрделі. Оның қамқорлығында бес кішкентай бала бар. Оксана Шевчук пен Жазира Демеуованың құқықтарын адвокаттар Ғалым Нұрпейісов және Гүлнар Жуаспаева қорғап отыр. Адвокат Нұрпейісов Азаттық тілшісіне тергеуші Толғанай Ержанованы қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы өтініш бергенін айтты. Оның айтуынша, 9 мамырда оның қорғауындағы азаматты емшектегі баласымен бірге уақытша қамау изоляторына қамап қойған.
30 жастағы Оксана Шевчук және 48 жастағы Жазира Демеуова «елде тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысу» (Қылмыстық кодекстің 405- бап, 2-бөлімі) бабы бойынша күдікке ілінген. Екеуін де 1 мамырда рұқсат етілмеген митингке шықты деп ұстаған. 9 мамырда да оқиға қайталанған.
Бұған дейін Жазира Демеуоваға «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны» үшін 50 500 теңге (шамамен 130 доллар) көлемінде айыппұл салынған.
1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар «Біздің өз таңдауымыз бар!», «Тоқаев менің президентім емес!», «Дариға [Назарбаева] спикерім емес!», «Нұр-Сұлтан астанамыз емес!», «АЭС-ке қарсымыз!», «Халық пікірімен санасыңыздар», «Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!», «Шындықтан қашып құтылмайсың!», «Шал, кет!» деп айқайлады.
Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда «елде тыйым салынған ұйымның лозунгін айтып, полицияға бағынбаған» 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Бірақ министрлік жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек таратпады. Азаттық Нұр-Сұлтан мен Алматыда 30-ға жуық адамның жауапқа тартылғанын анықтады. Олардың кейбірі 5-10 тәулікке қамалса, кейбіріне 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін айыппұл салынды. Сот ұсталғандарға «рұқсат етілмеген митингіге қатысты» және «полицияға бағынбады» деген айып тақты.