Белгілі жазушы 66 жасында қайтыс болды
66 жасқа қараған шағында белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дәлелбек Батыр дүниеден озды.
Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағы хабарлады.
Д.Батыр 1955 жылы 6 маусымда Алтай өлкесі, Алтай Республикасы, Қосағаш ауданы, Төбелер ауылында туған. 1978 жылы Алтай мемлекеттік университетінің тарих факультетіне сырттай оқуға түсіп, 1980 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби ат.ҚазҰУ) аталмыш факультетіне ауысқан. Бұл оқу орнын 1986 жылы тәмамдаған.
Әр жылдары облыстық «Жезқазған туы», республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан» газеттері мен «Мектеп», «Қазақ энциклопедиясы» баспаларында қызмет еткен. Қазақстан Жазушылар одағының құрылтайшылығымен төрт жыл қатарынан шыққан «Әдебиет айдыны» әдеби апталығында өнімді еңбек етті. Әдеби апталық арқылы ақын-жазушылар шығармашылығының кеңінен насихатталуына үлес қосып, қазақ әдебиетінің бүгінгі жай-күйі, өткені мен болашағы туралы тұшымды ой-пікірін жариялады.
Оның «Жұмақ құсы», «Ақ барыс», «Аңсау», «Махаббат оты», «Жарсыз өткен ғұмыр», «Тастандының тағдыры» сынды прозалық кітаптары, «Ұлт тағдырын ойласақ…» атты публицистикалық-сараптамалық жинағы жарық көрген.
Кісілік келбеті, адамгершілік ажарымен қаламдастарына қадірлі болған жазушының жарқын бейнесі мәңгі жадымызда.