Белгілі суретші Әділқайыр Жантасов өмірден өтті

0

Атыраулық танымал суретші, «Мұрат Мөңкеұлы» портретінің бір нұсқасының авторы Әділқайыр Жантасов өмірден өтті, деп хабарлайды kznews.kz сайты

Бұл туралы өзінің фейсбук парақшасында Бауыржан Омарұлы жазды:

«Атырауда тұратын танымал суретші, «Мұрат Мөңкеұлы» портретінің бір нұсқасының авторы, өр мінезді азамат Әділқайыр Жантасов ағамыздың қылқаламы қолынан түсіпті… Қолтаңбасы бөлек қайталанбас тұлға еді. Ешкімге ұқсамайтын, еліктеу дегенді білмейтін. Махамбет мінезді майталман еді. Бояуға жүрегін малып отырып жазатын. Күллі жұрт суретшінің шығармашылық отауын «шеберхана» десе, ол жалғыз өзі ғана «шеберпана» дейтін-ді. Ханасы да, панасы да сол еді. Сол енді… Шебері жоқ шеберхана бүгін қатты құлазып тұр…» – деді ол жазбасында.

Айта кету керек, Әділқайыр Жантасов – Қазақстан суретшілер одағының мүшесі (1992). Ол Алматы көркемсурет училищесін (1981), Алматы мемлекеттік театр көркемсурет институтын (1986) бітірген. Бірнеше портреттік туындылардың («Мұрат Мөңкеұлы», «Шоқан Бейбарыс» т.б.), картиналардың («Исатай-Махамбет», «Қансонар» т.б.) авторы. Ал 2004 жылдан бері ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі.