Белгілі қазақстандық ғалым өмірден озды

0

Қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұржамал Оралбаева 92 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Қаралы хабарды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қазақ тіл білімі кафедрасы ұжымы Facebook парақшасында жариялады.

«Филология ғылымдарының докторы, профессор Нұржамал Оралбаева есімі қазақ тіл білімінде ғылыми-теориялық тұрғыдан тың мәселелерді көтерген, қазақ грамматикасының 50-90 жылдардағы дамуына іргелі еңбектерімен үлес қосқан ғалым ретінде белгілі. Ғалымның қаламынан туған қайталанбас ғылыми мұралардың бүгінгі қазақ ғылымында орны ерекше», — деп жазды кафедра ұжымы.

Нұржамал Оралбаева 1928 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген.

1956 жылы профессор Сәрсен Аманжоловтың жетекшілігімен «Октябрьден кейінгі кезеңдегі қазақ жазуының тарихы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.

Сол жылы «Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап шықты.

«Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары», «Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы», «Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасам жүйесі», Аққал Қалыбаевамен бірге жазған «Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі», «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі», «Қазақ тілінің сөзжасамы» атты ғылыми еңбектің авторы.

Қазақ тілінің грамматикасы, жалпы тіл білімі мәселелеріне арнап 100-ден аса ғылыми мақала жазған.