Белгілі ғалым қайтыс болды
Қысқа сілтеме алу
Музыкатанушы, өнер зерттеушісі, ғалым Жарқын Шәкәрім дүниеден өтті
НҰР-СҰЛТАН, 16 сәуір – Sputnik. 71 жасқа қараған шағында белгілі қазақ ғалымы Жарқын Шәкәрім дүниеден өтті. Қайғылы хабарды естіп қабырғамыз қайысып отыр, деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
«Қазақ өнері ауыр қазаға душар болды.Қазақ халқының рухани кемелденуіне үлес қосып, музыка өнерінің халықтық мүддеге сай өркен жаюына еңбек еткен, белгілі күйші, музыкатанушы, әміретанушы, қоғам қайраткері Жарқын ағамыздан айырылып қалдық. Осыған байланысты марқұмның отбасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Өмір бойы туған халқына, оның рухани саласына қалтқысыз қызмет еткен жомарт жүректі жақсы адамның бұл қазасы қабырғамызды қайыстырып кетті», — деп жазды Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің Facebook парақшасында.
Министр Жарқын Шәкәрімнің қазақ руханиятына жасаған адал қызметі ешқашан ұмытылмайтынын айтты.
«Біздің бір көңілге медет ететініміз, Жарқын ағаның артында өлмейтұғын мұрасы қалды. Ардақты ағамыз шынында да бәріміз жақсы көрген абзал азамат еді. Ол өзінің барынша адал да таза қалпымен, ақжарқын да жайдары мінезімен жанымызға жақын болды. Нұры пейіште шалқысын», — деді министр.
Жарқын Шәкәрім Мәскеудің орталық мұрағатынан фонографқа жазылған Әміре Кашаубаевтың дауысы сақталған «Ағаш аяқ», «Смет», «Бесқарагер», «Жалғыз арша», «Үш дос», «Балқадиша» және «Дудар-ай» әндерінің үнтаспасын тауып алған. «Әміре», «Ән жүлдызы» «Малайсары биден Шәмілге дейін» «Ән асқары», «Құрманғазы», «Нұрғиса Тілендиев» кітаптарының авторы.
«Мәңгілік сарын» деп аталатын қазақ күйлерінің антологиясын шығаруға үлес қосқан. Жарқын Шәкәрім ұмытыла бастаған көне саз аспабы — үшішекті домбырада шебер орындаушы, насихаттаушы. Оның репертуарында «Жорға аю», «Көктөбел», «Кеңес», «Үзбе», «Толғау», «Қыз мұңы», «Қабанбай» халық күйлері, Нұрғалидың «Көк қаршыға» күйі, өзі шығарған «Анадан аманат», «Абыралыдағы ата зары», «Дүние-кезек», т.б. күйлер бар. «Сазген» фольклорлық ансамблін ұйымдастырушы, алғашқы көркемдік жетекшісі.
КСРО Бүкілодақтық «Білім» қоғамының «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
sputniknews.kz