Белгілі әзілкеш 10 тәулікке қамауға алынды

0

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық соты әзілкеш Александр Меркулдың 10 тәулікке қамалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әзілкешке қоғамдық орында залда отырған қонақтарға әдепсіз сөздер айтты деген айып тағылды. Сот мәліметінше, Александр Меркуль «Instagram» әлеуметтік желісінде және «YouTube» арнасында қоғамдық орында сөйлеген сөзінің бейнежазбасын жариялап, сол арқылы айналасындағыларға құрметсіздік танытқан.

«Сот отырысында А.И.Меркул өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірді. 2024 жылы 7 маусымдағы бейәдеп сөздер айтылған видео мейрамханада өткен әзіл-оспақ аясында түсірілгенін түсіндірді”, – деді сот.

Жасалған құқық бұзушылықтың мән-жайы құқық бұзушының айғақтарымен, бейнежазбамен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және істің басқа да материалдарымен расталды.

“Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігінің (Ұсақ бұзақылық) санкциясы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не 5-тен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға әкеліп соғады. Сот жазалау шарасын құқық бұзушылық жасалғанға дейін және одан кейінгі әрекеттің, мінез-құлықтың қоғамдық қауіптілік дәрежесі мен сипатын ескере отырып тағайындады. Осылайша, сот қаулысымен құқық бұзушы әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды”, – делінген хабарламада.

Александр Меркулдың қамауға алынғанын стендапер Әділ Айшуақов хабарлады.

Айта кетейік, Александр Меркул – еліміздегі ең танымал әзілкештердің бірі. Оның парақшасында 456 мың жазылушы бар.

Айта кетейік, бұған дейін Әзілкеш, стендапер Нұрасхан Басқожа желіде Madlen лақап атымен танылған Мадина Мамадалиеваның жеке басына қатысты мәлімдемесінен кейін 15 тәулікке қамауға алынған еді.