«Белгілері болмағандықтан вирус тез таралады»: Ауруханада жатқан алматылық қыз коронавирусты қалай жұқтырғанын айтып берді – Қазақстан жаңалықтары

0

Алматы тұрғыны Мадина Серікке коронавирус жұқтырғанын ауруханада дәрігерлер айтқан. Алғашында белгілері байқалмағандықтан, оны бірден анықтау мүмкін болмаған екен. Айтуынша, коронавирус инфекциясы әріптесінен анықталған, ал Мадина онымен қарым-қатынас жасағандардың қатарында болған. Коронавирусты қалай жұқтырғаны жайлы, оның қандай белгілері болатынын және сақтану шаралары жайлы Мадина Stan.kz тілшісіне сұхбат берді.


 – Мадина, вирус жұқтырғаныңызды қайдан білдіңіз?

– 15 наурызда Whatsapp мессенждеріне жұмыстағы әріптесімнен коронавирус инфекциясы анықталғаны жайлы хабарлама келді. Онда сол қызбен қарым-қатынаста болғандар бірден басшылыққа хабарласу керек екені жазылды. Дәл осы кезде мен әпкемнің үйінде болдым. Бұл хабарды естігендер у-шу боп жатты. Менде қорқыныш пайда болды, өзім үшін емес, әпкемнің баласы үшін қорықтым. Бізге үй карантинінде болсын деді, ешқайда шықпауды сұрады. Осы аралықта орталықтарға хабарласып, мәселенің жәй-жапсарын білуге тырыстым. Бірден сынақ тапсырып, вирустың бар-жоғын анықтағым келді, алайда мені арнайы алып кетеді деп айтты. Кешке дейін хабар күттім, алайда ешкім келген жоқ. Жұмыста кезекшілігім болды, сондықтан жұмысқа бардым. Сағат 19:00-де СЭС-тен адамдар келді.

Барлығын тексерді де, мені алып кету керек екенін айтты. Сағат түнгі 11-де жұмыста мені ауыстыратын әріптесімді күтіп бірақ шықтық. Ауруханаға келіп, сараптама өткіздік: қан мен жағынды (мазок).

Таңертеңгі астан кейін киімдерімді жинап, мені бокстың ішінде салды, себебін түсіндірген жоқ. Балаларға арналған  жұқпалы аурулар ауруханасында екі күн жаттым. Онда төрт адам болдық. Екеуінен коронавирус анықталып, оларды ересектерге арналған ауруханаға ауыстырды. Осы уақыт аралығында біз қасымдағы тағы бір әйелмен үш сараптама анализін өткізіп үлгердік. Жауаптарын күттік. 

Ертесінде мені басқа боксқа жалғыз өзімді жатқызды. Сол кезде ғана маған тесте вирустың бар екенін айтты. Ойымда менің кесірімнен адамдар вирус жұқтырып алған жоқ па деген бір ғана сұрақ тұрды. Түні бойы осы ой маза бермеді.

Ертесінде киімдерімді жинауды сұрады, жедел жәрдеммен вакуумға жатқызды. Осы уақытта СЭС-тен, ауруханадан хабарласып, кіммен қай уақытта байланыста болғанымды анықтады. Түнгі 3-те Есіктегі үйіме жедел жәрдем жіберген. Ең қызығы, сол күннің ертесінде Есіктегілердің барлығы менің коронавирус жұқтырғанымды біліп алған, тіпті мені жеткізген таксисті тауып алып, оны да жатқызған.

Коронавирус жұқтырған кезде белгілер болды ма?

– Менде аурудың белгілері болды деп айта алмаймын. Құдайға шүкір, ауыртпалық сезініп жатқан жоқпын. Қызуым да көтерілген жоқ, тек 3-4 күні құрғақ жөтел, тыныс алу кезінде жайсыздық сезілді.  Бірақ ол менің уайымымнан деп ойлаймын. Дәм және иіс сезуім жоғалды.
Айта кететін бір жайт, түсінгенім бойынша, белгілері болмағандықтан вирус тез таралады. 

– Қазір жағдайыңыз қалай? Қандай ем қабылдап жатырсыз?

– Қазіргі уақытта И.С Жекенов атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатырмын. Осында келгелі бірден төрт сараптама өткіздім: оң нәтиже көрсетті. Вирусқа қарсы препараттар береді. Содан болар, жүрек айнып, бас айналып, құсқың келеді. Одан бөлек дәрі тамызғышта жатамыз. Иммундық жүйем ауруға қарсы тұратынына сенемін.

– Сіз жатқан палаталарыңыз қандай, дәрігерлерге көңіліңіз тола ма?

– Қазіргі уақытта бокстарда (жеке палата – авт.) жатырмыз. Одан шығуға болмайды, терезе ашуға да тыйым салынған. Он екі күн бойы ешқайда шықпау өте қиын екен, қалай жынданып кетпей жүрмін деп өзіме таңғалып қоямын. Қасымда тағы бір науқас бар, екеуіміздің жағдайымыз бірдей. Қызметкерлер, дәрігерлер өте жақсы. 

– Тамақтану жағы қалай?

– Бір апта аурухананың тамағымен тамақтанып жүрдім. Кешкі асқа берілген “винегрет пен ботқа” әлі есімнен кетер емес. Туыстарым тамақ әкеліп тұрады. Бірінші, екінші тағам беріледі, компот және т.б. Тамақтары жалпы жаман емес.

– Қандай сақтық шараларын ұстануға кеңес бересіз, Мадина?

– СЭС пен дәрігерлер мен байланысқан адамдар санын естігенде шошып кетті. Себебі олар жиырмадан асады. Олардың барлығы карантинге жатқызылған. Біреулері ауруханада, бірі үй карантинінде. Осы үшін бәрінен кешірім сұраймын.

Адамдарға айтарым, барлық сатық шараларын сақтаңыздар! Үй карантинінде жату керек десе, солай істеу керек. Сараптама анализдерін өткізу керек десе, өткізу керек. Өзіңізді де, басқаларды да қатерге тікпеңіздер! Ең бастысы, гигиена, тазалыққа үлкен көңіл бөлу керек, – деп қорытындылады Мадина Алмасқызы.

 

Дайындаған: Назерке Мұса

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз