Беларусьтегі түркімен студенттеріне джинс киіп, сақал қоюға тыйым салынды
Түркіменстанның Беларусьтегі елшісі түркімен студент қыз балаларға джинс шалбар мен белдемше киюге, ер балаларға сақал қойып, мешітке баруға тыйым салды. Бұл туралы Азаттықтың түркімен қызметіне Беларусьте оқитын түркіменстандық студенттер хабарлады.
Атының құпия қалуын сұраған студенттің сөзінше, мұндай талапты Түркіменстанның Беларусьтегі елшісі студенттермен кездесу кезінде айтқан.
«Елші клуб пен мейрамханаға аз баруымызды талап етті. Қыздарға джинс шалбар мен белдемше сияқты киімдер киюге тыйым салды. «Сақалдылар террориске ұқсайды» деп жігіттерге сақал қоюға тыйым салды. Мұнда мешітте мемлекеттік қауіпсіздік қызметі (КГБ) қай студенттің мешітке келетінін мұқият бақылап тұрады», — деді Беларусьте оқитын студент. Оның сөзінше, кездесу ақпанда өткен.
Азаттық Түркіменстанның Беларусьтегі елшілігінен пікір ала алмады.
Түркімен дипломаттары шетелде оқитын студенттерімен жиі кездеседі. Таяуда мұндай кездесу Түркияда өткен.