Беларусьте биылғы алғашқы өлім жазасы кесілді

0

Беларусьтің Могилевский облыстық соты Бобруйск тұрғыны, 2018 жылы шілдеде екі кісіні өлтірді деп айыпталған Александр Осиповичті өлім жазасына кесті. Бұл туралы Азаттықтың Беларусь қызметі хабарлады.

Сот үкімі күшіне енген соң Осиповичті Минскідегі өлім жазасына кесілгендер отыратын №1 тергеу абақтысына ауыстырады.

Сот тыңдауында Осипович тағылған айыпты мойындап, ісіне өкінетінін айтты. Ол сонымен қатар Жоғарғы сотқа үкім үстінен кассациялық шағым түсіретінін мәлімдеді. Кісі қолынан қаза болған Нина Климованың анасы сот отырысынан соң журналистерге сотталушының өз ісіне шын өкінетініне сенбейтінін айтты. Дегенмен, ол сот шешіміне көңілі толатынын білдірді.

Былтыр қарашаның соңында «заңсыз риелторлар» деп аталатын іс бойынша сотталған екі адамға өлім жазасы орындалғаны белгілі болған.

Беларусь — Еуропадағы және постсоветтік кеңістіктегі өлім жазасы әлі күнге дейін қолданылатын жалғыз мемлекет. Беларусь заңдары бойынша, туыстарына сотталушының өлгенін өлім жазасы орындалғанға дейін хабарланбайды. Туыстары өлген сотталушының мәйітін сұрай алмайды, ал оның қайда жерленгені жарияланбайды.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Еуропа Одағы Беларусьте өлім жазасының әлі күнге дейін қолданылатынын айыптайды. 2017 жылы сәуірде БҰҰ-ның Беларусьтегі адам құқығының жай-күйі мәселелері бойынша арнайы баяндамашысы елде әділ сот пен тәуелсіз сот жүйесі жоқ болғандықтан сотталушыларды өлім жазасына кесу — даулы мәселе екенін мәлімдеген.

Алайда, Беларусь президенті Александр Лукашенко өлім жазасын қолдана беруді дұрыс көретінін бірнеше рет айтқан.

Дереккөз: Азаттық