Бекзат жаттыққан спортзал
Бокстан Сиднейде өткен XXVII Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов алғашқы жаттығуларын осы спортзалда жасапты. Бокстан еліміздің 6 дүркін чемпионы, КСРО-ның 4 дүркін чемпионы, Азия ойындарының 2 дүркін чемпионы Нұржан Сманов та кезінде осы залда шеберлігін шыңдаған. Иә біз айтып отырған Оңтүстік Қазақстан индустриалды-құрылыс колледжінің спорт кешені бүгінде күрделі жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енген. Күні кеше аталмыш спорттық нысанда «колледж директорының жүлдесіне» арналған волейболдан II дәстүрлі турнир өтті.
Колледжде білім алып жүрген 1500-ге жуық студенттердің салауатты өмір салтын ұстанған азамат ретінде қалыптасуы оқу орны басшылығы мен ұстаздар назарынан тыс қалған емес. Яғни, студенттердің сапалы білім алумен қатар дене тәрбиесі сабақтарын тиісті талап деңгейінде өткізіп, түрлі спорттық үйірмелерге қатысуына толық мүмкіндік жасалған. «Колледж спорт кешенінің тарихы терең, қазақ спортының көптеген жұлдыздары алғашқы жаттығуларын осы залда бастаған. Бүгінде студенттеріміз алдыңғы буын ағаларының даңқты жолын жалғастыру мақсатында спортпен айналысып, түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып жүр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев спорттың, оның ішінде бұқаралық спорттың дамуына әрдайым ерекше мән беріп келеді. Күні кешегі Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы өңірлік деңгейдегі бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамыту қажеттігін атап өтті. Бүгінгі волейболдан ұйымдастырылып отырған турнир де Жолдауларда жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отыр», — дейді индустриалды-құрылыс колледжінің директоры Альбина Елшиева.
Жастар арасындағы жарысқа жанашырлық білдіріп, арнайы келген даңқты спортшылардың жеңіс жолындағы еңбегі, төзімділігі мен табандылығы, отансүйгіштігі мен азаматтығы студенттерге үлгі-өнеге етерлік. Даңқты боксшы Сидней олимпиадасының, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков, жоғарыда біз атап өткен Нұржан Сманов, самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы, сондай-ақ джиу-джитсу спорт түрінен Әлем кубогы мен Азияның екі дүркін чемпионы, «Алаш прайд» клубының сапында өнер көрсететін «Сұңқар» лақап атымен танымал Арман Оспанов, бокстан Азия және Азия ойындарының чемпионы, Әлем біріншілігінің қола жүлдегері Досжан Оспанов, муай — тай мен кикбокстан ҚР спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сұлтанғали Қуандық жеңімпаздарды марапаттау, турнирдің жабылу салтанатына қатысып, студенттермен әңгімелесті. Шымкент муай-тай спорт федерациясының вице-президенті С. Нұрлыбайұлының айтуынша, осыдан он жылдан астам уақыт бұрын бұл спорт нысаны тозып, күтімсіз жатқан. «Сол жылдары біз осында келіп муай-тай секциясын аштық. Иә бұл талай чемпиондар шеберлігін шыңдаған тарихи зал. Шымкентте спортзалдар көп, бірақ мұның бір ерекше қасиеті бар. Осы залдан біз 5 бірдей Әлем чемпионын шығардық. Яғни колледжде білім алып жатқан жастардың бүгінде күрделі жөндеуден өтіп, толық жабдықталған спортзалда шынығып, жеңістерге жетуге мүмкіндігі мол», — дейді С.Қуандық.
Сонымен, студенттер арасында өткен турнирде 19 команда сайысқа түсіп, жеңімпаздарды анықтады. Әрбір кездесу тартысты өткен турнирде I орынды «Электр газымен дәнекерлеуші» С-1801 тобы, II орынды «Электромонтер» ЭМ-1818 тобы, сондай-ақ III- орынды «Автомобиль жөндеуші слесарь» АС-1810р тобының студенттері иеленді. Жеңімпаз командаларға арнайы кубоктар мен медальдар табыс етілді.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Шымкент