Бекзат Саттарханов туралы қызықты деректер

0

Бекзат Саттарханов 1980 жылы 4 сәуірде Түркістан қаласындағы қарапайым отбасында өмірге келді. Ол – үйдің кенжесі. Әкесі – Сейілхан, анасы — Сырлыкүл. Әлемді мойындатқан боксшының Бағдат, Болат, Мақсат есімді ағалары бар. Ол бала кезінде өте нәзік, аурушаң, әлсіз болған. Сондықтан «Бекзат даңқты боксшы болады» дегенге сол кездері ешкім сенбеген.

Білімі

1986-1996 жылдар аралығында Абай атындағы мектеп-интернатта, кейін Жұмабек Еділбаев атындағы №18 орта мектепте білім алды. Бұдан соң, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетіне түсіп, кейін Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университінің заң факультетін бітірді.

Спорттағы алғашқы қадамдары

Ата-анасы» баламыз өзін қорғап үйренсін» деген ниетпен кенже ұлын күрес үйірмесіне береді. Бірақ Бекзаттың күреске ынтасы болмайды, әрі бұл спорттың бойдың өсуін тежейтінін түсінеді. Сондықтан ол күресті тастап, 15 жасында боксқа қатыса бастайды. Оның алғашқы бапкері — Нұрлан Жұмабаев. Ата-анасы мен туыстары Бекзаттың боксқа деген ынтасын байқағанымен, ол үйірмеге «уақытша барып жүр» деп ойлайды. Алайда боксқа қатысқанына бір жыл болмай, республикалық сайыста жеңіске жетеді.

20 жасында әлемді мойындатқан боксшының жетістіктері

1995 жылы 15 жасында Түркістан қаласында өткен З.Сейітбековты еске алу турнирінде алғаш рет топ жарды. Кейін Бекзат бұл жеңісінің өзіне ыстық екенін атап өтті.

 Ол «Түркістан 95» деген жазуы бар қыш құмыраны Сидней Олимпиадасының алтынымен тең көрген. Сол жылы бокстан жасөпірімдер арасындағы халықаралық жарыста жеңіске жетіп, бапкерлердің көзіне түседі.

1996 жылы Қостанайда өткен бокстан жастар арасындағы жарыста Қазақстан чемпионы атанады. Кейін Анатолий Визириякин атты бапкердің қарамағына өтіп, Шымкент қаласындағы мектеп-интернатта жаттыға бастайды.

1997 жылы Қарағанды және Кельн (Германия) қалаларында өткен халықаралық турнирде жеңіске жетеді. Сол жылы Шымкенттегі олимпиадаға даярлау орталығына қабылданады.

1998 жылы бокстан Аргентинада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болады. Кейін Қостанай қаласындағы жарыста 54 келі салмақта сынға түсіп, Марат Мәзімбаевтан жеңіліп қалды. Бұған қарамастан, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасына қабылданады.

1999 жылы Венгрия және Болгарияда өткен халықаралық турнирлерде жеңіске жетіп, Ташкенттегі Азия біріншілігінде күміс жүлдеге ие болды. Нәтижесінде Сидней олимпиадасына жолдама алады.

Сидней Олимпиадасы

Қазақстандық бокс мамандары Бекзат өте жас болғандықтан, оны Сидней Олимпиадасына жібергісі келмейді. Бірақ 2000 жылдары бокстан Қазақстан ұлттық құрамасын басқарған бапкер Тұрсынғали Еділов Бекзаттың көзіндегі жалынды байқап, ел намысын қорғауды жас боксшыға сеніп тапсырады. Бекзат Олимпиадада 57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.

Алғашқы кездесуінде Бекзат Саттарханов румыниялық боксшы Бобирант Овидиу-Тибериуаны айқын басымдықпен жеңеді.

Кейін ол африкалық Джефри Матебулламен кездесіп, оны 16-5 есебімен тізе бүктіреді.

Олимпиададағы үшінші кездесуінде Бекзат тәжірибелі боксшы, сол жылы Түркияның намысын қорғаған Рамазан Палианимен қолғап түйістіреді. Кездесу өте тартысты өтеді. Нәтижесінде қазақ боксшысы қарсыласын 12-11 есебімен жеңеді.

Жартылай финалда отандасымыз марокколық Тахар Тамсаманимен қолғап түйістіріп, оны 22-10 есебімен қапыда қалдырады.

Сидней Олимпиадасының финалында Бекзат Саттарханов әлем чемпионы, тәжірибелі АҚШ бокшысы Рикарду Хуареспен кездеседі. Ол қарсыласын 22-14 есебімен жеңіп, 20 жасында Олимпиада чемпионы атанады.

Бекзаттың өзіне тән жұдырықтасу мәнері

Бекзат Саттарханов бокста Серік Қонақбаевты үлгі тұтқан. Себебі, анасы кенже ұлының Серік Қонақбаев сияқты чемпион болғанын армандапты. Бекзат анасының бұл асыл арманын жүзеге асырды. 

Бапкерлердің айтуынша, Бекзат Саттарханов ақылды боксшы болған. Ол рингте аяқпен шебер қимылдай білген. Сидней Олимпиадасындағы Бекзаттың қарсыласы, Оңтүстік Африка боксшысы Джеффри Матебула мұны растайды: «Бекзаттың аяғы мықты, жорға жүрісті боксшы екен. Осы жігіт Олимпиада финалына шығады» деген екен ол.

Бекзат жаттығу кезінде аяғына 3-4 келілік қорғасын байлап алып жүгірген. Қазақ спортшысымен бірген жаттыққан боксшылардың айтуынша, Бекзат аяғына ауыр тас байлап алғанына қарамастан, құрамадағы әріптестерінің үнемі алдын орап кетеді екен.

Бокс мамандарының пікірінше, Бекзаттың жұдырықтасу техникасы қазақтың даңқты боксшысы, Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаевқа ұқсайды.

Әлемді мойындатқан қазақ боксшысы туралы қызықты деректер

Бекзат Саттарханов Сидней Олимпиадасының финалына боксшы ырымдап, Ермахан Ыбырайымовтың спорт жейдесін киіп шыққан. Бекзаттың жейдесіне жарнама болғандықтан, ұйымдастырушылар оған өз жейдесін киюге рұқсат бермепті деген де ақпарат бар. 

Сондай-ақ Бекзат жаттығудан кейін тез арада қалпына келген. 2000 жылдың маусымында Тайландта жаттығып жүргенде тай елінің дәрігерлері қазақ боксшысының бұл қасиетіне қатты таңғалыпты. Өйткені, 33 минут жүгіріп келген Бекзат Саттархановтың жүрек соғысы 3-4 минутта қалпына келген. Бекзаттың бұл ерекше қасиетін бапкерлер Тұрсынғали Еділов, Александр Апачинский, Анатолий Визирякин мен құраманың дәрігері Юсуп Шамузов қана білген.

Әлемді мойындатқан қазақ бокшысы бала күнінен өзін жеңген боксшыдан міндетті түрде есе қайтаруды ойлайды екен. Мысалы, 1995 жылы облыстық жарыстардың бірінде Данияр есімді баладан жеңілген Бекзат кезекті сайыста қарсыласын ауыр соққының астына алған.

Тағы оқыңыз: 4 сәуірде Бекзат Саттарханов дүниеге келді

Ал Аргентинада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының финалында ол украиналық Сервин Сүлейменовқа жол береді. Сервиннен жеңілгеніне қатты намыстанған ол «алдағы уақытта оны міндетті түрде жеңемін» деп бапкерлері мен өзіне серт береді. Ресейде ТМД елдерінің боксшылары қатысқан халықаралық бокс бәсекесінде Саттарханов Сервин Сүлейменовты жеңеді. Ұлттық құраманың бас бапкері Тұрсынғали Еділов Бекзаттың бокс қолғабын күшпен тартып шешкен кезде, қолғапқа қан толып қалғанын көреді. Намысқой Бекзат бармақ сүйегі шығып кетсе де, шыдамдылық танытып, қарсыласына кеткен есесін осылай қайтарыпты.

Сондай-ақ Сидней Олимпиадасындағы жеңісі үшін Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бекзат Саттархановты І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Бекзат тарихта І дәрежелі «Барыс» орденінің тұңғыш иегері ретінде де қалды.

Жарқ еткен жұлдыз

2000 жылдың 31 желтоқсан күні жаңа жылға 15 минут қалғанда Шымкент қаласының маңындағы Темірлан бекетінде Бекзат Саттарханов жол апатынан қаза тапты.

Әуесқой бокста Бекзат Саттарханов шаршы алаңда 143 жекпе-жек өткізіп, 132 кездесуінде жеңіске жеткен.



sputniknews.kz