Бекзат Нұрдәулетов әлем чемпионы атанды

0

Спорт

Қысқа сілтеме алу

6 0 0

Жартылай финалда Нұрдәулетов төрт дүркім әлем чемпионы, Олимпиада жеңімпазы Хулио Ла Крусты жеңіп, сенсация жасаған еді

НҰР-СҰЛТАН, 21 қыркүйек – Sputnik. Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен бокстан Әлем чемпионатында Бекзат Нұрдәулетов алтыннан алқа тақты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Финалда жерлесіміз өзбек боксшысы Дилшодбек Рузметовпен кездесті. Бекзат Нұрдәулетов бірінші раундтан бастап қарсыласына қысым көрсетіп, рингтің ортасын бермей жүрді. Бірнеше сериялық соққылары діттеген жеріне жетті. Ал екінші раундта Нұрдәулетовтың қатты соққысынан кейін өзбек боксшысы сәл тәлтіректеп қалды. Үшінші раундта да Бекзаттың басымдығы байқалды. Төрешілер шешімімен қазақ боксшысы жеңімпаз атанды. Осылайша, 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстанның қоржынына алғашқы алтын медаль түсті.

Күні кеше жартылай финалда Нұрдәулетов төрт дүркім әлем чемпионы, Олимпиада жеңімпазы Хулио Ла Крусты жеңіп, сенсация жасады. Танымал спортшы нокдаун да алып қалды. Ал үшінші раундта 22 жастағы Бекзаттың жойқан соққысынан капасы ұшып кетті. Осыдан үш жыл бұрын Рио Олимпиадасында дәл осы кубалық боксшы қазақ Әділбек Ниязымбетовтан басым түсіп, чемпион атанған болатын.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның төрт боксшысы — Сәкен Бибосынов (52 кг), Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Тұрсынбай Құлахмет (75 кг) пен Василий Левит (91 кг) жартылай финалдан аса алмады. Ал Левит тағы әділсіз төрешіліктің құрбанына айналды. Ол өз қарсыласынан басым болды, тіпті, нокдаунға түсірді. Бірақ төрешілер жеңісті эквадорлық боксшыға беріп қойды. Қорытынды есеп жарияланғанда зал шулап кетті. Ал Василий Левиттің өзі аң-таң болды. Қазақстанның құрамасы ресми түрде қарсылық білдірсе де, төрешілер өз шешімін өзгерткен жоқ.



sputniknews.kz