Бекшин Жапониядан оралғандардың 14 күндік карантинге жатқызылғанын айтты
Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин 24 ақпан түнде Жапониядан оралған қазақстандықтардың карантинге жатқызылғаны жайлы пікір білдірді.
Министрліктің дерегінше, SCAT компаниясының Токиодан оралған ұшақта 20 адам, соның ішінде Diamond Princess лайнерінде болған төрт жолаушы, болған.
24 ақпанда Нұр-Сұлтандағы баспасөз мәслихатында Бекшин осы рейспен келген 20 адамның барлығы екі аптаға карантинге жатқызылғанын хабарлады. Оның сөзінше, лайнерде болған төрт адамның қолында «дені сау, вирус жұқтырмаған» деген анықтамасы бар, бірақ соған қарамастан «сақтық үшін» карантинге жатқызылған.
Бекшин Токиоға ұшқан ұшақ экипажы арнайы қорғалғанын айтты.
Журналистер одан «неге жолаушыларды карантинге жатқызылатынын алдын ала ескертпедіңіздер?» деген сауалына: «ол туралы айта алмаймын, себебі әуе компаниясы ол туралы білген еді. Біздің білуімізше, әуе компаниясы жолаушыларға ескерткен» деді.
Азаттық SCAТ әуе компаниясына хабарласқанда ресми сауал жолдауды сұрады.
- Қазақстан билігі 20 ақпаннан бастап коронавирус табылған елден келгендерді карантинге жатқызатынын мәлімдеген. Режимді бұзғандарға айыппұл салынатынын ескерткен.
- Жапония жағалауында екі апта карантинде тұрған Diamond Princess круизінде 690 адамға вирус жұққан, үш адам қаза болған. Карантин 19 ақпанда біткен. Осы лайнерде болған төрт қазақстандықтың анализі таза болғаны хабарланған.
- 24 ақпандағы дерек бойынша, COVID-19 коронавирусын жұқтырғандар саны 79 мыңнан асты. 2,6 мың адам көз жұмған. Олардың көбі Қытайда. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда вирус жұқтырғандар жоқ.
- Қазақстан үкіметі азаматтарға Оңтүстік Кореяға, Италияға, Жапонияға, Сингапурге, Италияға, Таиландқа, Малайзияға жағдай реттелгенше бармай тұра тұруға кеңес береді.