Бекшин Алматыда енгізілген шектеу шараларын түсіндірді

0
0

Қазір қалада адамдар кәсіпкерлердің үйін жалға алып жатыр. Ұжым болып жиналып, карантин режимін бұзатындар көбейген

АЛМАТЫ, 3 маусым – Sputnik. Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин 1 маусымда қабылданған қаулыдағы шектеу шараларын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қаулыға сәйкес, қала аумағанда топ болып жиналуға тыйым салынады.

«Қала алаңдарында, аумағында адамдардың топ болып жүруіне шектеу қойып жатырмыз. Қазір адамдар жеке үйлерді, кәсіпкерлердің үйін жалға алып жатыр. Ұжым болып жиналып, карантин режимін бұзатындар көбейді. Сол себепті осындай шешім қабылдадық», – деді ол.

Сонымен қатар баланы балабақшадан алып қайтуға егде жастағы кісілерді жібермеуге қатысты ұсынысын түсіндірді.

«60-65 жастан асқан кісілер инфекцияны тез жұқтыратын қауіпті топқа кіреді. Ең бірінші талап – оларды оқшаулау. Үлкендер бұл талапты қатаң сақтап келгендіктен науқастар арасында олардың саны көп емес. Жастардың үлесі – 41%,  үлкендердің үлесі жеті процентке жетпейді. Үлкендерге қарым-қатынасты азайту керек», – деді ол.

Қаланың бас санитар дәрігері мемлекеттік балабақшаны ашу туралы мәселе 15 маусымға дейін көтерілмейтінін айтты.  

Сонымен қатар ашық бассейн мен жағажайдың жұмысына рұқсат беру мәселесі де 15 маусымнан кейін қаралатынын жеткізді.

Оқи отырыңыз: Алматыда карантин шарасы күшейтіледі 

«Бізде күн ыстық, көбіне судың сапасы қажетті бактериологиялық және паразитологиялық көрсеткіштерге сәйкес келмейтінін көпжылдық талдау көрсетіп отыр. Сол себепті шомылу аймақтарын ашу мәселесін қарастырмаймыз. Оларды 1 маусымнан бастап ашу жөнінде бірқатар ұсыныс түсті, алайда бұл мәселені 15 маусымнан кейін қарастырамыз», – деді Бекшин.

Ол қаладағы спорт кешендерінде бассейн ашық екенін, ал Алматыдағы су қоймаларының сапасы сын көтермейтінін алға тартты.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз