Бекболат Тілеухан: Қазақ тілінің Қазақстаннан басқа барар жері жоқ — Қазақстан жаңалықтары

0

Мемлекеттік органдар өгейсіткен қазақ тілінің жағдайын тіл жанашырлары тағы да көтерді. Бұл жолы Бекболат Тілеухан, депутаттық сауалды мемлекеттік тілде жолдамайтындарға шүйлікті. Халық қалаулысының сөзінше, Мәжілістің әр отырысында сауалдардың көбі тек ресми тілде ғана жолданады.  Оған өзге тілде талқыланатын жүздеген заң жобасын қосыңыз. Осындайда, мемлекеттік тілдің тұқыртылып жатқанын жеткізді. Ал, бұл жөнінде қоғам белсенділері не дейді? Қайтсек, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтереміз? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеп хабарлайды.

«Жалпы қазақ тілінің Қазақстан Республикасынан басқа барар жер, басар тауы жоқ. Ол егер Парламент қабырғасында өгейдің күйін кешетін болса, басқа жерде күйі не болмақ?», — ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан.

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның сөзінің жаны бар. Мемлекеттік органдарда өгейдің күйін кешкен қазақ тілі Қазақстанға ғана керек. Әлемдегі ең бай, шұрайлы тілімізді басқа жерде ешкім дже қажетсінбейді. Парламенттің төменгі палатасына сайланған 108 депутаттың, жартысынан астамы қазақ бола тұра, мемлекеттік тілге тіксіне қарайтын шенеуніктерге, депутат өзінің ренішін былай жеткізді.  

«Жалпы қазақ тілінің мәселесі жайында. Осымен соңғы екінші отырыс, мына мемлекеттік тіл депутаттық сауал қою рөлінен айырылған сияқты көрінеді. Өткенде, 6-7 депутаттық сауал болды. Біреуінде қазақша айтылған жоқ. Бүгінгі сауалдың бесеуі мемлекеттік тілді қажетсінген жоқ», — деп қосты депутат.

Мәжілістің әрбір жалпы отырысында жолданған 10 депутаттық сауалдың барлығы дерлік ресми тілде жасалады екен. Оған, орыс тілінде басынан бақайшағына дейін әзірленіп, талданатын заң жобасын қосыңыз. Тізбектей берсең кете береді. Ал, қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы мұндай жағдайды болдырмау үшін, Президентке тікелей бағынатын, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын тексеретін агенттік құрылу керек деп есептейді.

«Айтылу жағынан келіп жатыр. Енді қадағалау керек. Бірден бір қадағалайтын мен депутат кезімде де ұсыныс айтқам, Президентке тікелей бағынатын, агенттік құру керек. Бұрын Үкіметте, мемлекеттік тілді қадағалайтын, мемлекеттік комиссия болатын. Мынау, Латын графикасындағы қазақ әліпбиіне көшеміз деді де, екеуін біріктіріп жіберді. Бұл біріккеннен кейін, бұл мемлекеттік тілді қолданысқа енгізу қалды», — деді ҚР Парламенті мәжілісінің бесінші шақырылымының депутаты, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы.

Өткен наурыз айында да қазақ тіліне қатысты бір келеңсіз оқиға болғаны қоғамның әлі де жадында. Мәжілістің жалпы отырысында Нұрлан Нығматулин мемлекеттік тілде қойылған сұраққа, ресми тілде жауап берген шенеунікті сынның астына алған болатын. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Асхат Оразбековке қаратып айтқан сөзінде палата спикері, бұл ескертпе басқа құзырлы органдардың өкілдеріне де қатысты екенін атап көрсеткен еді.

«Әрине, бізде аударма бар. Осы залда отырған әрбір азаматқа, қай тілде сөйлеймін десе жағдай жасалынды. Бірақ та, құрметті Асхат Елубайұлы, басқа ұлттың азаматы, мемлекеттік тілде сұрақ қойып тұрғанда, қазақ тілінде басқа ұлттың азаматы сайрап тұрғанда, сіз мемлекеттік тілде жауап бермегеніңіз дұрыс емес деп ойлаймын», — дейді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин. 

Төменгі палата төрағасының шенеунікке шүйлігуінің өзіндік себебі бар. Өйткені, Ассамблея атынан сайланған депутат Наринэ Микаэлян ведомство басшысының орынбасарына мемлекеттік тілде сауал жолдаған болатын. Ал, қоғам белсенділері мемлекеттік тілдің дамымай жатқандығын, төл тілімізде лайықты, бәсекеге қабілетті контенттің жоқтығымен түсіндіреді.

«Бірақ, енді көріп отырмыз, мінекей 30 жыл өтті. Әлі күнге дейін бұл мәселе өзектілігін жойған жоқ. Бұған дейін бірінші Президент те, 2020 жылы еліміздің 95% қазақ тілінде сөйлейді деп айтып еді. Ол да болмай жатыр. Сондықтан, мына депутаттардың әлі күнге дейін заңдарды қазақ тілінде жазбай, өздерінің депутаттық сауалдарын қазақ тілінде жолдамай жатқандарын намыссыздық деп айтуға болады», — дейді баспагер, кітап авторы Бақытжан Бұқарбай. 

Ал, бұл кісі алпауыт АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозер. 66 жастағы дипломат карантин кезінде, өз уақытын тиімді пайдаланып, қазақ тілін үйрену үстінде. Бірнеше аптаның ішінді тәп-тәуір нәтижеге жетіпті. Сондықтан да, мемлекеттік тілге шорқақ шенеуніктер осы бір елшіден үлгі алып, қазақ тіліне ден қойса құба-құп болатын секілді.    

Атап кетерлік жайт, АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозер ТЖ кезінде қазақ тілін үйреніп жүр екен. 

 

stan.kz