Бекболат Тілеухан: Назарбаевты қорғайтын бір адам шықпағанда «мына қазаққа не болған» деп ойлайсың
Журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында экс-депутат Бекболат Тілеухан Қазақстанның экс-Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты соңғы рет қашан көргенін, одан теріс айналып жатқандар жайлы не ойлайтынын айтып берді, деп хабарлайды Kznews.kz Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап.
Бекболат Тілеухан Нұрсұлтан Назарбаевты соңғы рет 2020 жылдың 3 қыркүйегінде көргенін айтады. Сұхбаттарында ол жайлы жағымсыз пікір айтатындарға байланысты «құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнайды» деген мақалды есіне алады.
«Назарбаев 30 жыл Президент болған кезде қаншамасы депутат болды. Қаншама министр болды. Соның астауынан жем жеген адамдар болды. Соның қолымен үлкен мансапқа жеткен адамдар болды. Тек соның ішінен ешкім шықпағанда, менің ойыма «мына қазақ не болып кеткен» деген сөз келеді. «Бір адам жоқ па қорғайтын?» деген сөз болмасын деген оймен, шынымды айтсам… Менің әйтпесе саясатқа түк қатысым жоқ», – дейді ол.
Экс-депутат «Назарбаевтың саяси тұлғасы, сыртқы саясатта жасаған дүниесін қазақтан басқа не өзбек, не қырғыз, не түрікмен істеген жоқ» деген пікірде.
«Тарихи отанына қазақты қайтару, Астана жасау, демаркация жасау, тіл табысу дейтін ұлы қадамдарының барлығын паш етпесек, ұят болатын болды. Мен сол үшін шықтым, білесің бе!? Басқа айтып жатқан адамдарға қатысты енді төрінен көрі жақын адамдар жайлы бірдеңе деп қатты айтқым келмейді. Өте ауыр айтты. Анау ақсақал дейміз бе, шал дейміз бе, өте ауыр айтты», – дейді Бекболат Тілеухан.
Осы кезде журналист «Мырзатай Жолдасбековты айтасыз ба?» деп сұрайды.
«Жоқ, ол кісіні айтпаймын. Басқа біреу. Жеті сыныптық білімі бар деп жала жапты. Мен енді Мырзатай ағаға байланысты ештеңе деп айта алмаймын. Айтпаймын. Кісі жамандауға келген жоқпын. Менің кісі жамандағанымды көрдің бе? Қазір жамандағандар – 1937 жылы аттыруға қол қойғандармен бірдей нәрсе. Мен сондықтан, ондай нәрсеге қол қоймаймын. Мырзатай аға Құдайдың алдында өзі жауап береді. Бірақ анау жерде «жеті-ақ сынып білімі бар» деп жала жауып, анау бір ағамыз қиянат жасады. Өйтіп қиянат жасауға болмайды», – дейді ол.
фото: ашықдереккөз