Бекболат Тілеухан Әлімбекованың ісі бойынша бас прокурорға хат жолдады
Бекболат Тілеухан 6 жылға сотталған Гауһар Әлімбекованың ісі бойынша еліміздің Бас прокуроры Қайрат Қожамжаровқа хат жолдады. Ол барша өнер адамдары мен қарапайым халықтың сот шешіміне сыни көзқараспен қарап отырғанын жеткізді. Мәжіліс депутаты ретінде бұл іске өзінің де алаңдап отырғанын айтып өтті, деп хабарлайды Stan.kz.
Бекболат Тілеухан өз өтінішінде Әлімбекованың елбасыға жазған хатын негізге ала отырып, оның да алаяқтардың құрбанына айналуы мүмкін екенін атап өтті.
“Көпшілікті алаңдатып отырған бірінші мәселе де осы – қылмыстық құрамның жетімсіздігі”, – дейді мәжіліс депутаты.
Қоғам қайраткері өнер адамдарының аңғал әрі заң мен құжатқа салақтау келетінін атап өтті. Ол біреудің қаржысын екінші адамға тапсырған Әлімбекованы қоғамға қауіпті қылмыскер ретінде көрсету – әбестік дегенге келтірді.
“Үшіншіден, тіпті айыпталушы жаза басып, заңға қайшы әрекет жасаған күннің өзінде, 6 жыл бас бостандығынан айыру – тым қатаң жаза емес пе? Одан жүздеген есе көп қаржыны қалтаға басқандар да алған соммасын орнына қойып, жазадан құтылып кетті емес пе? Қоғамға қауіпті қылмыскер емес, бұрын заң бұзушылық жасамаған адамның жазасын айыппұлмен, ары кеткенде шартты жазамен өтетпеске?
Сайлаушылардың талап-тілегі осы істің ақ-қарасы қайта тексеріліп, жазығы болған күннің өзінде жазасына жеңілдік сұрау”, – дейді Тілеухан.
Депутат прокурордан істің нәтижесімен бөлісуді сұрады. Хатты әлеуметтік желіде әнші Төреғали Төреәлі жариялады.
Еске сала кетейік, Гаухар Әлімбекованың алаяқтық үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылғаны белгілі болды. Отандық жұлдыздар сотталған Әлімбековаға қолдау білдірді.
Кейіннен Әлімбекованың елбасыдан араша сұрап, хат жазғаны анықталды. Ал күні кеше сазгерді сотқа берген Бақыт Назарова өз шындығын айтып, оны түрмеге жабуды ойламағанын, тек ақшасын қайтарғысы келетінін жеткізді. Бұдан кейін Әлімбекованың темір тордың ар жағынан халыққа жолдаған хаты жарияланды.