Bek Air ұшақтары неліктен халықаралық қауіпсіздік сертификатынсыз ұшқан?

0

Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Bek Air компаниясының неліктен халықаралық қауіпсіздік сертификатынсыз жұмыс істегенін түсіндірді

НҰР-СҰЛТАН, 28 желтоқсан – Sputnik. Bek Air компаниясы IATA (IOSA – IATA Operational Safety Audit) халықаралық әуе көлігі қауымдастығының қауіпсіздік аудитінен өтпеген. Дегенмен ішкі әуе тасымалындағы бәсекелестікті күшейту үшін әуе компаниясына жұмыс істеуге рұқсат берілген. Бұл туралы Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, министрлікке бизнес қауымдастықтан және халықтан көп ұсыныс түскен.

«Барлығының әуе тасымалы нарығында жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ. Бәсекелестікті қорғауды ескере келе, ережеден IOSA аудитінен өткізу талабын алып тастадық. Халықаралық әуе тасымалында барлық аудит бар. Сондықтан Bek Air компаниясының ұшақтары шетелге ұшқан жоқ «, — деді Қамалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Айта кетейік, Bek Air компаниясы IATA халықаралық әуе көлігі қауымдастығының қауіпсіздік аудитінен өтуден бас тартқан. Компания өкілдері бұл тексеріс өте қымбат тұратынын, әрі оның міндетті емес екенін атап өткен.

Алматыдағы ұшақ апаты

Қайғылы оқиға 27 желтоқсан күні таңертең болды. Bek Air әуе компаниясының «Алматы – Нұр-Сұлтан» бағытындағы Fokker 100 ұшағы Талғар ауданында құлады.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, апат 12 адамның өмірін қиды. Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.

Жұмадағы трагедия: Алматы түбіндегі ұшақ апатының хронологиясы  

Президентің тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Қауіпсіздік ережелерін бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тоқаев 28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні ретінде жариялады.



sputniknews.kz