Bek Air-дің аман қалған жолаушысы ұшақта не болғанын айтып берді
Қысқа сілтеме алу
17 жастағы Зухра Айболатованың айтуынша, ұшақ құлаған кезде және одан кейін әуе кемесінің ішінде болған жағдайды сөзбен айтып жеткізу қиын
НҰР-СҰЛТАН, 31 желтоқсан – Sputnik. Алматы түбінде апатқа ұшыраған Bek Air ұшағында Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы Құрық ауылының 17 жастағы тұрғыны Зухра Айболатова да болды. Қыз апат болған сәтте қандай эмоцияны бастан кешкенін Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды инАктау.
Зухра Алматы академиясында оқиды. Ол Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Нұр-Сұлтандағы екі әпкесінің үйіне қонаққа баруды ұйғарған.
«Басында бәрі жақсы болды. Бәріміз ұшаққа отырдық, жақын арада жақындарымызды көретінімізге қатты қуандық. Ұшар алдында әкеме қоңырау шалып, бәрі жақсы екенін айттым. Әкем рейс алдындағы түнде қатты уайымдады, өйткені ұшаққа өмірімде алғаш рет отырдым. Ұшақ қозғалғаннан кейін дірілдей бастады. Алдымен ешкім ештеңе түсінбеді, ұшақ екі рет төмен түсті, содан кейін көтеріліп, құлады», — деп жазды студент.
Оның айтуынша, ұшақ құлаған кезде және одан кейін әуе кемесінің ішінде не болғанын сөзбен айтып жеткізу қиын.
«Осы 10-15 секунд ішінде менің бүкіл өмірім көз алдымнан өте шықты. Қазір ғана бәрі күліп, сөйлесіп жатқан еді – лезде айғай-шуға айналып кетті. Қасымдағы адамдар жылап жатыр, көбісі жарақат алған, айналада ұшақтың сынықтары мен заттар шашылып жатты. Ата-аналар алаңдап, балаларын шақырып жатыр, не істеу керектігін ешкім білмеді. Есімді жиғанымда үйіндінің астында қалғанымды түсіндім.Одан шығып, қасымда ер адамның жатқанын көрдім. Оның аяғы сынып кетіпті, сүйектері шығып тұрды. Жедел жәрдем келгенге дейін оған көмектесе тұрайын деп ойладым. Шамамен 40 минут қасында болдым, содан кейін ол маған өзіңді құтқар деді», — деп еске алды қыз.
Апаттан кейін Зухра ауруханаға жеткізілді. Оған табаны жарылған деген диагноз қойылған, өміріне еш қауіп жоқ.
«Тірі екенімді айтайын десем, неліктен екенін білмеймін, ата-анамның нөмірін есіме түсіре алмадым. Сондықтан әлеуметтік желі арқылы құрбыма оларға жағдайым жақсы екенін айт деп хат жаздым. Ата-анам білгенде есеңгіреп қалды, олар мені қатты уайымдапты», — дейді қыз.
Адамдардың өмірін қиған трагедия Зухраның жүрегінде із қалдырды.
«Осы оқиғадан кейін ұшуға іштей қорқыныш пайда болды, оның үстіне бұл алғаш рет ұшуым еді, осылай болды. Бір-екі күнде мені ауруханадан шығарады. Каникулды Маңғыстауда ата-анаммен өткіземін деп шештім. Әуе апатына қарамастан үйге ұшақпен барамын» — деді қыз.
Зардап шегушінің үлкен әпкесі Гүлдана Елсанова «Ладаға» Зухрамен бірге ауруханада жатқанын айтты.
sputniknews.kz