Bek Air басшысы апат туралы: екінші ұшқыш бір қателік жасады

0

Bek Air әуе компаниясының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов Алматы түбінде болған апаттың себебіне қатысты сұхбат берді

НҰР-СҰЛТАН, 14 қаңтар – Sputnik. Bek Air әуе компаниясының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов Алматы түбіндегі апат кезінде екінші ұшқыш қателік жасады деп есептейді. Бұл туралы ол 31 арнаға берген сұхбатында айтқан.

«Ұшқан соң ұшақ жан-жаққа шайқала бастады. Командир: «Не болды?» деп сұрады. Ал екінші пилот: «Стабилизатор, тежеу керек» деп жауап берді. Ұшақ мұндай жылдамдықпен келе жатқанда тежеу немесе ұшу туралы шешім қабылдамайтын кез екенін мойындаймын. Екінші ұшқыш қозғалтқыштың жұмысын бәсеңдеткен кезде қателік жасады деп ойлаймын», — деді ол.

Айта кетсек, бұған дейін ұшқыштар сөзінің жазбасына сүйеніп, премьер-министр орынбасары Роман Скляр апаттың негізгі себебін атаған болатын. Оның айтуынша, ұшақ сыртына мұздың қатып қалуы – негізгі себеп.

Әуе компаниясының басшысы да апат себебіне байланысты комиссияның алдын ала болжамымен келісіп отыр.

Мемлекетаралық авиациялық комитет ұшақтың өздігінен жазатын құралындағы жазбаларды оқыды. Барлық ақпарат тергеу комиссиясына берілді. Ақпараттың алдын ала сараптамасы оқиғаның хронологиясы мен апаттың негізгі себебін анықтауға жағдай жасайтыны туралы айтылды.

Алматы түбіндегі ұшақ апаты

Ұшақ апаты 2019 жылдың 27 желтоқсанында таңғы сағат жетіде болды. Bek Air әуе компаниясының «Алматы – Нұр-Сұлтан» бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.

Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш ауруханада жатыр.

Тағы оқыңыз: Алматы түбіндегі апат: ұшақтың «қара жәшігіндегі» жазбалар оқылды

Ішкі істер министрлігі әуе апатына себеп болған үш жағдайды атады. Олар: экипаж қателігі, техникалық ақау және навигациялық қызмет жұмысы.

Президент тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болды.



sputniknews.kz