Бейнебақылау қамаудағыны да, қадағалаушыны да тәртіпке келтіреді
Адам құқықтары – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысында үнемі күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналды. Бұл Ұлттық кеңес құрамындағы сарапшылардың осы салаға үлкен жауапкершілікпен қарайтынын көрсетсе керек. Кеңестің 25 ақпанда өткен V отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пенитенциарлық мекемелерге халық назарын аудартты. Жай ғана назар аудартқан жоқ, осы мәселеде мүдделі мемлекеттік органдарға нақты тапсырма жүктеді.
Мемлекет басшысы пенитенциарлық мекемелер мен полицияның қызметтік орындарында адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету аса маңызды мәселе екенін қадап айтты.
«Ендігі маңызды мәселе — пенитенциарлық мекемелерде және полиция бөлімшелерінде адам құқықтарын қамтамасыз ету. Тәжірибеге сүйенсек, қолданыстағы бейнебақылау жүйесі осы мекемелерде болып жатқан оқиғалар мониторингін толық қамтамасыз етпейді. Ғимараттағы көптеген орын бейнебақылауда көрінбейді. Құқық қорғау органдары қызметіндегі бейнебақылау тұжырымдамасын қайта қарау қажет. Өзімнің Жолдауымда дәл осы мәселелер бойынша бейнебақылау жүйесін енгізуді тапсырған болатынмын, бұл қадам барлық көрінбейтін учаскелерді қамту үшін керек», — деген болатын.
Президенттің «тәжірибеге сүйеніп» сөйлейтін жөні бар. 2019 жылдың 31 шілдесінде Мемлекет басшысы Алматы қаласындағы түзету мекемесіндегі шулы оқиғаға өзі араласып, Twitter арқылы ұстанымын білдірген болатын.
«Алматы облысының Заречное ауылындағы түзету мекемесінде (ТМ) жазасын өтеушілерді азаптау деректеріне қатысты Бас прокурорға жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырдым. ТМ-нің 5 қызметкері ұсталды, бірқатары жұмыстан босатылды. ІІМ-не ТМ жаңғырту тапсырылды. Азаматтық бақылауды күшейту қажет», — деген сөзінен кейін елдің қылмыстық атқару жүйесінде тәртіп орнағандай болған.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитетінің дерегіне сүйенсек, 2020 жылы Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 146-шы, яғни, «Азаптау» бабы бойынша 63 қылмыстық іс тіркелген. Бірақ соның тек 11-і ғана сотқа дейін жеткен. Президенттің қолданыстағы бейнебақылау жүйесін жетілдіру керек деуіне осындай тенденция негіз болып отыр.
Қазақстанның Үкіметтік емес ұйымдар коалициясы жариялаған деректер бойынша, 2019 жылы түзеу мекемелеріндегі азаптау мен қатыгез қарым-қатынас туралы 225 шағым түскен. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің алдына келген арыздардың саны да осымен қарайлас (249). Бірақ осы шағымдардың 217-сі тексеру кезінде негізсіз болып шыққан.
Мемлекет басшысы Ұлттық кеңестің 25-ақпандағы отырысында бұл мәселені де ескерусіз қалдырған жоқ.
«Бұл жерде әңгіме құқық қорғау қызметкерлерінің ғана емес, тұтқындардың да іс-әрекеттерін бақылау туралы болып отыр. Өйткені олардың құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты арандату іс-әрекеттері практикасын пайдаланатынын білеміз. Яғни, екіжақты бақылау болады. Ең бастысы-ашықтық қамтамасыз етіледі. Соның нәтижесінде біз тиісті шешімдер қабылдай аламыз», — деді Мемлекет басшысы.
Бір ай бұрын Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің телеграм-каналы бейнебақылаумен дұрыс қамтылмаған жерлерде қамаудағылардың бюджет есебінен алынған мүліктерді қиратуға әуес екенін жазлы.
«Мекемеде бейнебақылау орнатылғанына қарамастан, мүлікті мақсатты түрде бүлдіретін сотталғандар бар. Өткен бір жылдың ішінде сотталғандарға қиратқан мүліктерді қалпына келтіру бойынша сот тәртібімен 1 миллионнан астам теңгеге талап қойылды. Мұның бәрі – мемлекеттік мүліктің: оларға берілген заттардың, жиһаздардың және бейнекамералардың бүліну шығыны», — деп жазады комитеттің баспасөз қызметі.
Бейнебақылау жүйесінің мүлтіксіз жұмысы қамау меекемелірндегі суицидтік әрекеттердің алдын алу үшін де таптырмайтын құрал болып отыр. Мысалы, 2020 жылы пенитенциарлық мекеме қызметкерлері өзіне-өзі қол жұмсауға бағытталған 2 әрекетті бейне бақылау жүйесінің арқасында анықтап, алдын алған.
Қамау орнында тыйым салынған ұялы байланыс құралдарын пайдалану сияқты заңсыз әрекеттердің жолын кесуге де бейнебақылау жүйесінің көмегі тиері сөзсіз. Мысалы, биыл 17 наурыздағы кезекті тінту шарасының нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЕЦ-166/5 мекемесінің сотталғандарынан 7 Телефон, 3 зарядтау құрылғысы, 2 сим-карта, 3 жұп құлаққап және 9 тесіп-кесетін зат тәркіленген.
2021 жылдың басынан бері осындай тінту іс-шараларының нәтижесінде 13 мобильді құрылғы, 13 тескіш-кескіш зат, 3 сим-карта, 3 жұп құлаққап және 1 адаптер тәркіленіпті. Мұның бәрі – Президенттің пенитенциарлық мекемелердегі бейнебақылау жүйесінің қажетті деңгейде құрылмағанын айтқан сөзіне дәлел болатын деректер.
Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша, еліміздің 17 өңірінде жалпы жиыны 31 632 сотталған адам жазасын өтеуде.
№ | ҚАЖ департаменттері | Сотталғандар | |
1 | Нұр-Сұлтан қ. | 1811 | |
2 | Алматы қ. | 1539 | |
3 | Шымкент қ. | 2349 | |
4 | Ақмола облысы | 2173 | |
5 | Ақтөбе облысы | 1062 | |
6 | Алматы облысы | 3529 | |
7 | Атырау облысы | 772 | |
8 | Шығыс Қазақстан облысы | 3879 | |
9 | Жамбыл облысы | 2412 | |
10 | Батыс Қазақстан облысы | 1241 | |
11 | Қарағанды облысы | 4041 | |
12 | Қостанай облысы | 1745 | |
13 | Қызылорда облысы | 1051 | |
14 | Маңғыстау облысы | 1062 | |
15 | Павлодар облысы | 1578 | |
16 | Солтүстік Қазақстан облысы | 933 | |
17 | Түркістан облысы | 455 | |
Барлығы: | 31632 |
1-кесте. Бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын адамдар туралы мәліметтер (2021 жылғы 1 — қаңтардағы жағдайы бойынша.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында Ішкі істер министрлігіне берген тапсырмасы осы 30 мыңнан астам адамның түзеу мекемелерінде адам құқығының халықаралық стандарттар бойынша ұсталуын барынша қамтамасыз ететін тетік болмақ.
Ерден Қадыров