БЕЙІМДЕЛГЕНГЕ – БЕРЕКЕ БАР | «Айқын» газеті

0
63

Интернет магазин

Мемлекет басшысы  «Басты мәселе – дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Дамыған 30 елдің адамдары қалай өмір сүреді? Біз де соған ұмтылуымыз керек. Ал оған ілім мен білім, күнделікті еңбек арқылы қол жеткізуге болады. Бүгінде цифрландыру, роботтандыру жүріп жатыр. Таяу уақытта 500 мамандық жойылады. Осы уақытқа дейін біліп-түйгендеріміз қажетсіз болып қалмақ. Басқа мамандықтарды меңгеру керек, қорқатын ештеңе жоқ. Біз металлургиялық зауыттарда, ірі кәсіпорындарда жұмыс істеуді үйрендік. Барлығы сервиске өтіп жатыр. Қазір бұрын болмаған банктер, мейрамханалар, дүкендер қаншама. Онда адамдар жұмыс істеп, жақсы қаражат табуда. Сондықтан адам заманауи экономикаға, заманауи өмірге бейімделіп, ең алдымен, сұранысқа сәйкес білім алуға дайындалуы қажет» деді.  

Павлодардағы Инновациялық Еуразия университетінде «Адалдық дүкені» деген ерекше дүкен ашылған болатын. Енді ADAL SHOP дейтін жаңа дүкен ашылды.
– Дүкенді ашуға облыстық мемлекеттік қызмет және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті себепкер болды. Бұл акцияны оңтүстік өңірлердің жоғарғы оқу орындары бастаған болатын. Қазір бүкіл Қазақстан бойынша жалғасып жатыр. Мұнда ешқандай сатушы жоқ. Арнайы бақылау орнатылмаған. Дүкенде студенттерге қа­жетті кеңсе зат­тары, жеке басына пайдалануға арналған заттар, керек тағамдар, сусындар бар. Бұл дүкеннің мақсаты – студенттерді адал­дыққа, адамгершілікке тәрбиелеу, – дейді жоғары оқу орны Жастар саясаты департа­ментінің директоры Еркебұлан Күнтуған. Оның айтуынша, сатып алушылар өзіне ке­рек затты алып, көрсетілген баға бойынша ақ­ша­сын арнайы қорапқа қалдырып кете бе­ре­ді. Дүкен жұмысын негізінен универси­тет­­тің еріктілері жүргізеді. Түскен қаржыны уни­вер­ситет ерік­тілері жетім балаларға, әлеу­мет­тік әлсіз топ­тың өкілдеріне көмектесу си­яқ­­ты қайырым­дылық шараларына жұмсайды.
Елбасы айтқандай, қазір өмірге жаңа технологиялар дендеп еніп жатыр. «Дамыған 30 елдің адамдары қалай өмір сүреді? Біз де соған ұмтылуымыз керек. Ал оған ілім мен білім, күнделікті еңбек арқылы қол жеткізуге болады» деген Мемлекет басшысының сөзіне мән беруіміз қажет. Өз бетінше ілім-білім іздеп, оны күнделікті өмірде пайдаланып жатқан азаматтарымыз да бар. Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданын­дағы Эльдар Алиев деген бір фермер өзінің шаруашылығына күннен қуат алатын батарея қойған. Малды электр бақташы бағады. Фермердің өзі қажет болған жағдайда сиыр табындарын GPS жүйесі арқылы бақылай алады.
Өз ісін осыдан екі жыл бұрын бастаған, жаңаша жұмыс істеу үшін «Бастау» бағдар­ламасына қатысқан фермер бастапқыда несие алып, әрекет жасап көрген екен. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 30 миллион теңгеге асылтұқымды сиыр сатып алған ол 15 жылға алған несиесін тез жабуға ұмтылады. Баяғы әдіспен мал бағудың уақыты өткенін бағамдаған фермер жалғыз өзі малдың соңында шапқылаумен жүргенде ісінің өнбейтінін біледі. Мал бағатын электр бақ­ташы орнатады. Оған күн сәулесінен қуат алатын батарея көмекке келеді. Бұрынғыдай артық шығын жоқ. Үнемді.
Қазіргі таңда фермер Алиевтің 300 гектар жайылымдық жерінде екі электр бақташы жұмыс істейді. Сиыр мен жылқы малына GPS датчиктер қойылған. Малды онлайн режимде бағуға болады. «Сиырдың сүті – тілінде» дегендей, күндіз-түні жайылымдағы жануар­лар тез семіріп, салмақ қосады екен.
Мемлекет басшысының меңзеп отырғаны да осындай ізденістер ғой. Заманға бейім­делгендердің жолы болатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр.

Нұртөре ЖҮСІП

Дереккөз: Айқын