Бейбітшілікті нығайту жолында барлық елдер Қазақстанға сенім артады
2018 жылғы 29 желтоқсан 01:08 161
АСТАНА. ҚазАқпарат — Бейбітшілікті нығайту жолында барлық мемлекеттер Қазақстанға сенім артады. Бұл туралы жыл қорытындысы бойынша еліміздің БАҚ өкілдерімен кездесу барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанның бұл мәселелерді шешуге қатысты тарихи жолы бар. Өздеріңіз білесіздер, елімізде көптеген этностар бар. Барлығымыз бейбітшілікте өмір сүріп жатырмыз. Осы бағыттағы біздің тәжірибемізді өзге елдер үйренуде. Қажетті мәселелерді талқылайтын Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің жұмысын атқарып отыр», -деп тоқталды Мемлекет басшысы.
Президент бүгінде әлемде дін саясатқа айналып кеткенін атап өтті.
«Дін арқылы соғысып, қан төгіледі. Сондықтан менің тапсырмаммен бірнеше жыл бұрын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының І съезін өткіздік. Биыл Астанада оның VI съезі ұйымдастырылды. Көптеген елден дін көшбасшылары жиналып, пікір алмасады. Жалпы жағдайда бір-бірімен кездесе қоймайтын осы адамдар Астанада бірігіп, әлемдегі бейбітшілікке өздерінің үлесін қосуға шақырады», — деді Н. Назарбаев.
Сонымен қатар, Сириядағы проблеманы реттеу үшін талқылау алаңы ретінде тараптар Қазақстан жерін таңдап отырғанын еске салды.
«Себебі біз ешқайсысымен жанжалдасқан жоқпыз. Өзіміз бейбіт елміз, баршасымен достық әрі сенім қатынасын орнаттық. Барлық мемлекеттер бізге сенім артады», — деді Елбасы.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz