Бейбіт атом: қазақстандық жол
Қазақстан 1990 жылдардан бастап ядролық қаруға қарсы қозғалысты атом қуатын адамзат игілігі үшін бейбіт мақсатқа ғана пайдалануды қолдап келеді. Қазақтың қазыналы жерін қырық жыл бойы қасірет құрсауына орап, Ұлы дала кіндігі – Сарыарқаны сілікпеге салып сілкінген Семей ядролық сынақ алаңының ащы зардабын шеккен еліміз үшін бейбіт атом сөзінің астары терең, маңызы зор. Сондықтан да қазақ елі Тұңғыш Президентіміздің Жарлығымен жабылған Семей полигонының базасын бейбіт атомды дамыту мақсатындағы ғылыми жұмыстарға пайдалану үшін Курчатов қаласында Ұлттық ядролық ғылыми орталық ашып, алғаш рет «Бейбіт атом» ұғымын нақты істермен дәйектеген еді.
Ұлттық ядролық ғылыми орталық негізінде ядролық ғылымды дамыту мәселесіне алғаш рет бетбұрыс жасалды. Осы мақсатпен Курчатов қаласында «Ядролық технологиялық паркі» акционерлік қоғамы құрылған болатын. Оны құрудағы басты мақсат – ядролық және жанама технологиялар саласында ғылыми негізде жұмыс істейтін жоғары технологиялық инновациялық кәсіпорындарды өрістету еді. Бүгінде ядролық технология өте жоғары қарқынмен дамып барады. Озық ойлы адамзат атом реакторларының жаңа түрлерін ойлап табуда. Әлемдік ғылым жылу нейтрондарымен, жеңіл су және ауыр сумен, жылдам қозғалыстағы нейтрондармен жұмыс істейтін және термоядролық реакторларды игере бастады. Мәселен, Ресейдің Билибино атом электр стансасы (АЭС) электр энергиясымен қоса жылу да өндіреді. Солтүстік полюсте орналасқан 10 мың тұрғыны бар Билибино кентін осы станса жылумен және электр қуатымен қамтамасыз етеді. Ал Сібір АЭС –і Северск және Том қалаларын жылумен және электр қуатымен толық қамтамасыз етіп тұр.
Озық технологияларға негізделген бейбіт атом өнеркәсібін дамыту үшін Қазақстанда барлық алғышарттар бар. Әсіресе, атом энергетикасын дамыту еліміз үшін тағдырдың өзі тарту еткен үлкен мүмкіндік. Атом энергетикасының басты қозғаушы күші – уран.
Ендеше, жомарт жеріміздің қойнауындағы уран кенінің көлемі жағынан дүние жүзінде екінші орынды иеленетін еліміз үшін атом энергетикасын дамытуға басымдық беру бірінші кезектегі міндет. Осы орайда айта кететін мәселе, Қазақстанның атом өнеркәсібі 2003 пен 2010 жылдар аралығында уран өндіру өнеркәсібін барынша дамыту бағдарламасын жүзеге асырды. Нәтижесінде елімізде 2003 жылы 3 мың тонна уран шығарылса, 2010 жылы 17 мың тонна уран өндіріліп рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Сөйтіп еліміз санаулы жылдардың ішінде ядролық отын нарығында дүние жүзі бойынша көшбасшылық орынға шықты. Бүгінде әлемдегі ядролық отынға сұраныс бұрынғыдан артып, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-тың әлеуетін еселеуге барынша жағдай туғызуда. Осыған байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Таяу болашақта әлемдік дамуда арзан атом энергиясына деген сұраныс үнемі өсетін болады. Қазақстан – дүние жүзінде уран өндірудің көшбасшысы болып табылады. Біз атом электр стансалары үшін өзіміздің отын шығаратын өндірісімізді өркендетуіміз және өзіміздің атом электр стансамызды салуымыз керек», деп атап көрсетті.
Қазіргі таңда әлемдік нарықтағы мұнай және газ бағасының тұрақсыздығы, осы шикізаттық энергия көздерінің табиғи қорының жылдан-жылға күрт азаюы адамзатты басқа балама қуат көздерін іздеуге мәжбүрлеп отыр. Осы жолда жаһандық экономика басқа баламалы қуат көздерінен әлдеқайда тиімді атом энергетикасына басымдық береді. Бүгінде әлемнің бірқатар дамыған елдерінде электр қуатын өндіру үлесінде атом энергетикасының үлес салмағы 50 пайыздан артып отыр. Мәселен, Францияда бұл көрсеткіш 77 пайызды құрайды. Әлемнің 40-тан астам мемлекетінде атом электр стансалары (АЭС) жұмыс істеп тұр. ХХІ ғасырдың ортасына таман оның саны 50-ден асады деп күтілуде. Қазіргі таңда дүние жүзінде ядролық электр энергиясын өндіруде АҚШ, Франция, Жапония, Ресей, Корея және Германия көш бастап келеді. Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттіктің дерегі бойынша, бүгінде жер бетінде жалпы қуаты 374,7 ГВт болатын 441 ядролық реактор жұмыс істеп тұрған көрінеді. Сонымен бірге жалпы қуаты 58,6 ГВт болатын тағы 60 ядролық реактордың құрылысы салынып жатыр. Мамандардың пікірінше, 2050 жылдары жаһандық энергетикадағы атом энергиясының үлесі 35 пайыздан асып жығылмақ. Ендеше, даму болашағының баяндылығын ойлаған әрбір мемлекет өз экономикасына орасан зор пайда әкелетін, экологиялық таза және экономикалық тиімді атом энергетикасын дамытуға мүдделі екендігі даусыз.
Қазақстанда атом электр стансасын салу жөніндегі мәселенің сөз болып келе жатқанына көп жылдың жүзі болды. Жылдан-жылға жоғары қарқынмен дамып келе жатқан ел экономикасы қазірдің өзінде электр қуатының тапшылығын айқын сезіне бастады. Мамандардың нақты деректері бойынша, еліміздегі электр энергиясын тұтыну көлемінің өсуі 2010 жылғы 77,9 миллиард кВт сағаттан 2030 жылы 173 миллиард кВт сағатқа дейін өсетін көрінеді. Қазір негізінен Қазақстанда өндірілетін электр энергиясы органикалық отын жағу есебінен жұмыс істейтін электр стансаларына тиесілі. Олар елімізде тұтынылатын барлық электр қуатының 87 пайызын өндіреді. Оның ішінде елімізде шығарылатын барлық электр энергиясының 70 пайызы көмір жағатын ЖЭС-тің үлесіне тиеді. Еліміздің ірі көмір кеніштері Солтүстік және Орталық Қазақстанда орналасқан. Сондықтан елімізде өндірілетін барлық электр энергиясының басым көпшілігі солтүстік өңірлердегі электр стансаларында өндіріледі.
Солтүстік өңірлер Оңтүстік және Батыс Қазақстанға мыңдаған шақырым электр желілері арқылы энергия қуатын жібереді. Шығыс Қазақстандағы электр қуатына деген тапшылық та Солтүстіктен келетін электр қуатымен қанағаттандырылады. Мыңдаған шақырым қашықтыққа тартылған электр желілерімен қуат айдаған кезде біршама электр қуатының шығындалуына жол беріледі. Қазір еліміздегі жоғары вольтты электр тарату желілерінің жартысынан астамының тозығы жеткен. Солтүстік өңірлердегі электр қуатын өндіретін стансалардың 70 пайызға жуығы күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл тығырықтан шығар бірден-бір тиімді жол – қазақстандық ядролық энергетиканы дамыту, АЭС салу болмақ.
Елімізде АЭС салу мәселесі сөз болған кезде, ядролық энергетиканың қарсыластары халқымыздың қауіпсіздігін ойласақ, қазақ жерінде АЭС салмауымыз керек деген біржақты пікірді үзілді-кесілді алға тартады. Әрине бетін аулақ қылсын, АЭС-терде апат бола қалса, реакторлардан бөлінетін ядролық изотоптар шекарадан тайсалып, халық таңдап жатпайды. Мәселен, іргеміздегі көршіміз Өзбекстан өз аумағында АЭС салу жөнінде Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясымен келісім жасап, іске кірісті. Сондықтан Қазақстан халқының қауіпсіздігі тек Қазақстанда ғана салынатын АЭС-ке тіреліп тұрған жоқ. Басты мәселе, атом энергетикасын дамыту жолына түскен әрбір мемлекет, алдыңғы қатарлы адамзаттың ақыл-ойы ядролық технологияның адамзат үшін мүлде қауіпсіз болатын жолын үздіксіз жетілдіре беруі керек. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев Чернобыль қасіретінің 25 жылдығына орай өткізілген Киев саммитінде: «Осы ғасырдың ортасына таман әлемнің 50-ден астам елінде атом стансалары жұмыс істейді деп күтілуде. Кез келген АЭС-те болған ядролық апаттың келеңсіз кесапаты міндетті түрде трансшекаралық сипат алады. Сондықтан атом энергетикасы нысандарының қауіпсіздігі жөнінде бірыңғай қатаң халықаралық қауіпсіздік талаптары мен стандарттары жасалуы керек. Осы стандарттар мен талаптарға сәйкес келмейтін бірде-бір АЭС пайдалануға берілмеуі тиіс», деп атап көрсете келіп, бұл талаптарды бақылауды МАГАТЭ-нің жауапкершілігіне беру қажеттігін күн тәртібіне қойған болатын.
Электр энергиясы – бүгінгі өмірдегі басты қажеттілік. Бүкіл әлем осы энергияның нәтижесінде жұмыс істейді. Адамзат сұранысына қажетті энергияның басым бөлігін қазір мұнай мен көмірден алып жатырмыз. Бұл табиғи шикізат көздерінің қоры енді 60-70 жылда сарқылады деген болжам бар. Ал табиғи қоры 4 мың жылға дейін таусылмайтын энергия көзі – уран, атом энергиясы. Ең «жасыл энергия» – атом энергиясы. Болашақта адамзаттың электр энергиясына деген жоғары сұранысын қанағаттандыру атом электр стансаларына келіп тіреледі. Ендеше, кімде-кім атом электр стансасын ертерек салып, ядролық технологияны жетік білетін мамандар тәрбиелейтін болса, сол елдің жұлдызы жоғары, табысы толайым болмақ.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Дереккөз: http://egemen.kz/