Бауыржан Байбектің әйелі елорда сотының судьясы қызметінен босатылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев судьяларды қызметінен босату туралы жарлыққа қол қойды. Қызметінен босатылған тұлғалар арасында Бауыржан Байбектің әйелі де бар, деп хабарлайды Kznews.kz KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасы соттарының төрағаларын, сот алқасының төрағасы мен судьяларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы» Қазақстан Республикасы президентінің 2023 жылғы 6 қазандағы № 367 жарлығы Жоғарғы соттың ресми сайтында жарияланды. Құжатта судья лауазымына тағайындалған, сондай-ақ қызметтен босатылған тұлғалар тізімі бар. Жарлыққа сәйкес, үш адам Астана қалалық соты судьясы қызметінен босатылған. Олардың қатарында Жанар Байбек те бар. Қызметтен босату себебі «өз өтініші бойынша» деп көрсетілген. Сонымен қатар Сара Қаракөзиева мен Майя Қасымова да енді Астана қаласының судьясы емес.
Айта кетейік, бүгін Жоғарғы соттың үш судьясы қызметінен босатылды.
фото: ulysmedia.kz