Бауыржан Байбек туралы жалған ақпарат тарату кімге керек?

0

Алматы әкімдігі A-Parking  Бауыржан Байбек пен оның туыстарының иелігіндегі компания деген жалған ақпаратқа қатысты пікір білдірді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі informburo.kz  сайтының дерегін негізге алып.

«Алматы әкімдігі қала тұрғындарына ыңғайлы транспорттық орта қалыптастырып, экологиялық жағдайды реттеп, көлеңкелі экономиканың күрт төмендеуіне жағдай жасап, тұрғындардың ыңғайлы өмір сүруі үшін көлік реформасын жүргізуде», — дейді әкімдік.

Әкімдік тұрақ терминалдары мен аялдамаларда ілулі тұрған плакаттардағы «А-Parking компаниясына Алматы әкімінің қатысы бар» деген жалған ақпаратты көлеңкелі капиталға тоқтау салып, ақ-қараны ажыратуға кедергі жасағысы келетін арнайы адамдардың қастандығы деп бағалады.

«A-Parking компаниясының 70 пайызы жеке меншікте, ал 30 пайызы мемлекеттің иелігінде. 2016 жылдың мамыр айында арнайы конкурс жарияланды. Бұл конкурсқа 4 компания қатысты, оның ішінде біреуі шетелдік компания болатын. Нәтижесінде, серіктес ретінде «RR2» ЖШС жеңіске жетті.

Алматы әкімдігі қала әкімінің және оның отбасы, туған-туыстарының А-Parking компаниясында үлесі жоқ екенін ресми түрде мәлімдейді. Осыған қатысты әкімдік қалалық құқық қорғау органдарына жалған ақпарат таратып, жала жабуға қатысы бар азаматтарды қудалап, жазалауға өтініш білдірді.

Ал қала әкімдігі өз кезегінде заңсыз әрекеттерді анықтап, қаладағы жағдайды жақсарту үшін заманауи басқару технологияларын енгізуді жалғастырады» дейді Алматы қаласының әкімдігі.

«Қамшы» сілтейді