Бауыржан Байбек шетелдік қонақтарға қазақ тілінде баяндама жасады
Бүгін Алматы қаласында «Almaty Invest» жыл сайынғы инвестициялық форумы болып өтті.
Шараға әлемнің бірқатар елінен 500-ге жуық делегат қатысуда. Олардың арасында белгілі саясаткерлер, қазақстандық және шетелдік бизнес-лидерлер, инвестициялық корпорациялардың, қаржы институттарының және халықаралық ұйымдардың басшылары бар.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бұған дейін өткен форумдар нәтижесінде құны 1 млрд доллар болатын 40-қа жуық меморандумға қол қойылғанын атап өтті.
«Шаһарымыздың инвестициялық мүмкіндіктерін талқылау мен іскерлік қатынастар орнатудың дәстүрлі алаңына айналған 6-шы халықаралық Almaty Invest форумына қош келдіңіздер!
Осыған дейінгі форумдар аясында жалпы сомасы 1 миллиард долларды құрайтын 40-тан астам меморандумға қол қойылған болатын. Оның ішінде қазірге дейін жалпы құны 400 миллион долларды құрайтын 12 жоба іске асты.
Бүгінгі форум жұмысына 20 мемлекеттен келген шетелдік қонақтар қатысуда. Қонақтардың көпшілігі Алматыға алғаш рет келіп отырғандықтан қаламыз туралы азырақ тоқталып өтейін.
Алматы – шикізаттық емес экономикасы 35 миллиард долларды құрайтын Орталық Азиядағы ең дамыған мегаполистердің бірі. Алып шаһар еліміздің жалпы ішкі өнімінің бесінші бөлігін және салық түсімінің төрттен бірін береді. Жалпы өңірлік өнім жан басына шаққанда 20 мың долларды құрайды.
Қаламызға халықаралық компаниялар инвестицияны белсенді құюда. 10 жылда шаһарымызға 22,2 миллиард доллар инвестиция тартылған болса, оның 3,5 миллиарды шетелдік инвестиция. Биылғы жылы инвестиция көлемі 21%-ке, соның ішінде шетелдік инвестициялар 24%-ке артты.
Елбасының сарабдал саясатының арқасында тәуелсіздік жылдарында мегаполис экономикасы 100 есеге, халық табысы 21 есе артты», — деп атап өтті Алматы әкімі.
Әкімнің айтуынша, оның ішінде құны 400 млн доллар болатын 12 жоба бүгінде жүзеге асырылған.
Алматы экономикасына салынған шетелдік инвестиция көлемі бір жылда 24% өсті. Бұл туралы бүгін қалада өтіп жатқан «Almaty Invest» жыл сайынғы инвестициялық форумында мәлім болды.
Шаһар басшы атап өткендей, бүгінде қала экономикасының 86% сауда мен қызмет көрсету салаларына тиесілі. Мұнда Қазақстандағы ірі компаниялардың үштен бірі шоғырланған.
Сондай-ақ Б.Байбек атап өткендей, қала жергілікті реформаларды іске асыруда жаһандық ұстанымдарға сүйенеді және үздік әлемдік тәжірибелерге, соның ішінде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары мен Экономикалық ықпалдастық және даму ұйымының стандарттарына бағдарланған. Атап айтқанда, БҰҰ Даму бағдарламасымен және «Systra» француздық компаниясымен бірлесе көлік реформасы, американдық IDC компаниясымен бірлесе «Smart Almaty» концепциясы жүзеге асып келеді.
«Алматы өмір сүру мен бизнес жүргізуге қолайлы қала. Бүгіннің өзінде қала экономикасындағы мемлекеттің үлесі – 2,4%.
Мұнда 300-ден астам ірі салық төлеуші компаниялардың үштен бірі, 30-дан астам трансұлттық компания, еліміздегі банктердің 90%-і, бірлескен кәсіпорындардың 43%-і және ірі халықаралық ұйымдар орналасқан. Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымының 14 арнаулы агенттігі үшін ұйым хабының жаңа ғимараты ашылды.
Алматы өз жолында Тұрақты даму мақсаттарына, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына және үздік әлемдік тәжірибелерге сүйенеді. Маккензи компаниясымен бірлесе дайындалған «Алматы-2020» даму бағдарламасы Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссия тарапынан осы аймақтағы 2016 жылғы ең үздік тәжірибе деп бағаланды», — деді Бауыржан Байбек.