Бауыржан Байбек Алматыда қанша атаусыз көше бар екенін айтты
2018 жылғы 7 желтоқсан 14:02 8
АСТАНА. ҚазАқпарат — Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаладағы көше атауларының жиі өзгеруіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алматы қаласының аумағы 2 есе ұлғайып, бүгінде 700 шаршы шақырымды құрады. Алматы облысынан 2 аудан бізге қосылды. Қателеспесем, бүгінде қалада 3 мың көше бар. Оның шамамен 250-інің атауы қайталанса, 200 көшеде атау жоқ», — деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Әкім дерегінше, қалада Абай атында 13, Жамбыл атында 12 көше бар. Бұған қоса, Алғабас ауданының атауы 5 рет қайталанады.
«Өздеріңіз де ойлап көріңіздер, тұрып жатқан жерлеріңізге жедел жәрдем, полиция, тіпті қонақ шақырсаңыз да олар таба алмайды. Бұл мүлдем қолайсыз. Осыған байланысты бізге шағым да көп түседі», — деді қала басшысы.
Сонымен қатар ол Елбасының тапсырмасына сәйкес негізінен көшелерге географиялық атаулар берілетіндігін баса айтты. Дегенмен, қалаға, Қазақстанға еңбегі сіңген азаматтардың есімі берілуі мүмкін екендігін жоққа шығармады.
«Мәселен, Сағадат Нұрмағанбетов немесе таяуда ғана айырылып қалған Талғат Бигелдинов, Бельгер. Айталық, көшеге Батырхан Шүкеновтің есімін бердік. Яғни, бұлар ұлттық ауқымдағы адамдар және Алматы қаласында жұмыс істеген», — деді Бауыржан Байбек.