Баур Ашигалиев әйелін ұрып-соғып, ұрламақ болды
Қысқа сілтеме алу
Күйеуі әйелінің басына пакет кигізіп, ұрлап әкетпек болған. Келіншекті бейтаныс жандар құтқарып қалды
АЛМАТЫ, 30 шілде — Sputnik. Алматылық әнші Ксения Әшіғалиева күйеуін ұрып-соғып, өлтірмек болды деп айыптады. 28 шілдеде әншінің күйеуі, әртіс Бауыржан Әшіғалиев келіншекті ұрлап, қастандық жасамақ болған. Бұл туралы «НеМолчи.kz» қоры Facebook желісіндегі ресми парақшасында жариялады.
Ерлі-зайыпты жеті жыл отасқан, екі бала тәрбиелеп отыр. Ксенияның айтуынша, күйеуі екі жыл бойы ұрып-соғып, ән айтып тапқан ақшасын алып қойып, әр басқан қадамын аңдып жүріпті.
27 жастағы әйел құқық қорғау органдарына қанша рет шағымданса да, Ксенияны ешкім қорғамаған. Қорлыққа шыдамаған ол шілденің басында ажырасуға арыз беріп, балаларымен анасының үйіне кетіп қалады. Келіншек балаларға вокалдан сабақ беріп, күн көреді.
Тағы оқыңыз: «Көзіме шөп салды»: Талдықорған тұрғыны әйелін өлтіріп, досын көмекке шақырған
28 шілдеде Ксенияға бейтаныс әйел баласына вокалдан сабақ беруді сұрап хабарласады. Ойында ештеңе жоқ әнші әйелдің айтқан мекенжайына барыпты. Бейтаныс келіншек үшінші қабатта тұрамын деп Ксенияны подъезге кіргізеді. Сол сәтте екі жігіт әншіге тап беріп, басына пакет кигізіп, ұрып-соғып жертөлеге сүйрей жөнелген. Ксения күйеуі мен оның досы Қайсар Иманқұловты дауыстарынан таныпты.
Басындағы пакетті шешкен бойда келіншек көмек сұрап жан ұшыра айғайлай бастайды. Ер адамдар әйелдің қолына кісен салып, аузын скотчпен байламақ болған. Ксения жалбарынған соң, күйеуі сүйісуге мәжбүрлеп, кейін көлікпен алып кететінін айтады.
Жертөледен шыққан бойда әйел подъездің алдында тізерлеп, орындыққа жармасып, көшедегілерден көмек сұрай бастаған. Сөйтіп, адамдар полиция шақырады.
Тағы оқыңыз: Әйелін тексермек болған жігіттің видеосын 33 млн адам көрді
«Полиция сот-медициналық экспертиза жасатуға жібергеннен басқа түк істемейтінін білген күйеуі тәртіп сақшыларын өзім шақырамын депті. Қысқасы, полиция бір сағаттан соң жетіп, ер адам болған жайтты отбасылық жанжал деп оларды алдауға тырысқан», — деп делінген постта.
«НеМолчи.kz» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі жазғандай, Алматының полиция департаменті ҚР ҚК 110-бабы (Қинау) бойынша іс қозғалды. Бұл бап бойынша бір мың айлық есептік көрсеткішке (2 миллион 525 мың теңге — Sputnik) дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзету жұмысына немесе алты жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту, не екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Тергеушілер оқиға орнында куәгерлерден жауап алыпты. Олар әйелдің соққыға жығылып, көмек сұрағанын айтқан.
ІІМ-нің баспасөз қызметі Sputnik Қазақстан тілшісіне әйел адамның соққыға жығылуына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталып, сараптамалар тағайындалғанын растады.
Айта кетсек, әйелін ұрып-соқты деген күдікті де музыкант, Қазақстандағы танымал әнші Парвиз Назаровтың тобында гитарада ойнайды.
sputniknews.kz