Батыста оқып, Жапонияда еңбек етіп, Нұр-Сұлтанда қамалған

0
123

Нұр-Сұлтан көшесінде екі адамды полиция көшеден күштеп алып кетуге тырысып жатыр. Бұған көнгісі келмеген екеуі айқайлап елден көмек сұрайды. Бұл – мамырдың 9-ында Асхат Қанапияновтың Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланған видеодағы көрініс. Видео түсіріп тұрған адам мен көшедегі көліктер арасында жүгіріп жүрген тағы бір адам: «Қараңдар, халайық, көмектесіңдер, тапа тал түсте әкетіп барады. Қазақстандықтар, көмектесіңдер! Бұларың не? Тартыңдар қолдарыңды! Міне, осындай Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. Неге үндемейсіңдер?» деп айқайлайды. Ұсталғандардың қостанайлық Бағдад және Асхат Қанапияновтар екені кейін белгілі болды. Олардың айтуынша, сол күні Нұр-Сұлтанға жеке шаруаларымен келіп, қонақ үйден таңғы ас ішуге шығып бара жатқан жерлерінен полиция ұстап алып кеткен.

«ДЕСТРУКТИВТІ СЫРТҚЫ КҮШ»

– Қонақ үйден шыққанымыз сол еді, әлдебір адамдар тап берді. Қорыққанымыз сондай, қауіпсіздігіміз үшін Facebook-тен тікелей эфир жүргізе бастадым. Бізді ұстамақ болып қуып жүргендер беттерін жауып, телефонымызды тартып алмақ болды. Содан соң жағымыздан ұрып, бетімізге баллонмен бұрыш шашып, қолымызды қайырып алып кетті. «Бұлар кім өзі? Әлдебір құпия полиция қызметкері ме? Полиция болса, неге ресми киіммен келіп, түсіндіріп әкетпейді? Әлде бізді ұрлап бара жатыр ма?» деп әбден шошындық, – дейді Бағдад Қанапиянов.

Асхат сол сәтте көше бойлап жүгіріп, айқайлап көмек сұрағанына ешкімнің елең етпегеніне қайран қалады. Ол «көлік терезесін бір ашып қарап, ары қарай жүре беретін» адамдардың түрінен қорқыныш пен немқұрайдылықтан басқа ештеңе көрмегенін айтады. Ағайынды Қанапияновтар өздерін Алматы аудандық ішкі істер бөліміне әкелгенін кейін білген.

– Менің лимфабездерім үлкейіп, жағдайым күрт нашарлап кетті. Тіпті шокка түскенім сондай, маған жапон тілінен аудармашы әкелуді талап еттім. Себебі маған сол сәтте жапон тілінде сөйлесіп, жағдайымды айту оңайырақтай көрінді. Бірақ маған ондай мүмкіндік бермеді, – дейді Бағдад Қанапиянов.

Оның інісі Асхаттың да тынысы тарылып, бетіне шашылған бұрыштан тұншыққан. Бірнеше ай бұрын Квинке ісігі ауруына шалдыққан ол да қатты қорқып, қосыла айқайлап жедел жәрдем шақыруды сұрағанын айтады. Оның сөзінше, бір сағаттан соң жеткен дәрігер сот медициналық сараптама жасау туралы талабын құлағына ілмеген. Асхат өздерін тергеген адамдардан да әлдебір үрей байқағанын айтады. Тергеушілер «Қазақстанды құртуға әрекеттенген, ұйымдасқан сыртқы деструктивтік күш» туралы айта берген.

– Шынымды айтсам, оларды түк түсінбедім. Қандай «деструктивтік сыртқы қараңғы күш» туралы айтып жатыр? «Митингілерді солар ұйымдастырып жүр» деп санайды, ал «елде митингіні тек санкциямен, әкімдіктің рұқсатымен ғана өткізу керек» дейді. Сыртта оқып білім алған, оны елінің пайдасына жұмсағысы келетін адамдардан деструктивті бағытты көретіндеріне қатты таң қалдым, тіпті шок жағдайым үдей түсті. Мен жапониялық компаниямен еңбек қатынасым барлығы еске түсіп, жапон атташесін шақыруды талап ете бердім, – дейді ол.

Бағдад Қанапияновтың әкімшілік сот шешімімен бес тәулік қамауда болғанын растайтын анықтама.

Бағдад Қанапияновтың әкімшілік сот шешімімен бес тәулік қамауда болғанын растайтын анықтама.

Сегіз жыл шетелде тұрып келген соң Қазақстандағы изолятордан бір-ақ шыққан Бағдад Қанапиянов елде ашық пікір айтқысы келетіндерді, митингіге шыққандарды жазалаудың жедел қимылды тәсілі қалыптасқан деген ой түйіпті.

– Сот процесі де жедел өтті. Сұраған аудармашымды шақырмады. Изолятор туралы тіпті сұрамаңыз, ондағы иіс пен жағдай – бөлек әңгіме. Босататын күнгі уақыт сағат 20.00 болғанымен бізді төрт сағат бұрын бір жерге алып барды. Онда тағы да: «Сен бұл жерден шықпауың да мүмкін» деп қорқыта бастады. Тағы «деструктивті күштер» туралы әңгіме болды. Мен өзімді мүлде құқығы жоқ адамдай сезіндім, – дейді ол.

Ағайындыларды босатарда полиция «қатаң бақылауда екендерін» ескерткен.

Ағайынды Қанапияновтар Жапониядан туған қалалары Қостанайға сәуірдің соңында келген. Бағдадтың сөзінше, мамырдың 1-інде қаладағы саябақта жергілікті тұрғындармен саясат, өмір туралы әңгімелесіп тұрғанда «полицияның көзіне түсіп қалған». Ол кезде Қазақстандағы заңға сәйкес бірнеше адамның бас қосып, рұқсатсыз жиын қылуға болмайтынын білмегендерін айтады. Кейін мамырдың 6-сында інісі екеуіне әлдебір қылмыстық іске куә екендері жөніндегі шақыру қағаз келген.

– Сол жерде бір адамдар суретке түсіріп жүрген. Оған мән бермедік. Кейін куә ретінде шақырып, жауап алғанда да ештеңе түсінбедік, – дейді ол.

Мамырдың басында Қазақстанның бірнеше қаласында жүздеген тұрғын саяси құқықтарын талап етіп, ел астанасына бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беруге және өтпелі кезеңде саяси жетекші ретінде ұсынылған адамдарға қарсы болып, көшеде наразылық шарасына шыққан еді. Оларды полиция күшпен таратып, бірсыпырасын ұстап әкетіп, «рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырғандары үшін» әкімшілік жазаға тартқан.

«ЕРКІН ЕЛДЕ ӨМІР СҮРГІМІЗ КЕЛЕДІ»

34 жастағы Бағдад Қанапиянов Техастағы Хьюстон университетінде МВА дәрежесін алып, кейін Жапониядағы Цукуба университетінің халықаралық қатынастар мамандығы бойынша магистратурасын тәмамдаған. Хьюстон университетінен соң Алматыдағы халық шаруашылығы университетінде қаржы, банк, менеджементтегі тәуекел жөнінде дәріс оқи жүріп, Жапонияға кеткен. Жапон компаниялардың бірінде қаржы, консалтинг саласында жұмыс істейтін ол Қазақстанға «еліне деген сағынышы жетелеп келгенін» айтады.

– Жапонияда жалақым жоғары, тұрмысым жайлы болса да, өз елімде тұрғым келетінін түсіндім. Бәлкім, мұнда табысым ондай көп болмас. Мейлі, бірақ мен туыстарымның қасындамын, достарымның ортасындамын. Қазақстанға конструктивті көзқараспен келдім. Әлеуметтік желідегі жағдай мені бей-жай қалдырмады. Біреулерді қала атауының өзгергенін ұнамағанын айтқаны үшін қамап тастаған. Адамдардың қалай жанұшырып жатқанын көріп отырып абстаркциялана алмадым, – дейді ол.

Бағдад Қанапиянов Қазақстанда сөз бостандығы, жиналыс еркіндігі болмағанымен адамдардың көзінің ашықтығын анық байқауға болады деп санайды. Оның сөзінше, «тамыр-таныстық пен сыбайластық елдің көз алдындағы көрініс». Шетелге кеткенге дейін қазақстандық бірнеше ірі ұлттық компанияда істеген ол мұндай мекемелердегі қызметтің көпшілігіне тамыр-таныспен ілінетіндерін, аз ғана орын конкурстық бәсекеге бөлінетінін айтады.

– Тұрмысы орташа қазақстандық көп жағдайда өзі сияқты жапоннан артық болмаса, кем емес. Бірақ Жапонияның ерекшелігі – ережелер қатаң сақталады. Ақ дегеніміз онда шынымен ақ. Ал Қазақстанда билік қараны да ақ дей алады, – дейді ол.

Бағдад Қанапиянов Қазақстандағы адам ресурстарының потенциалы жоғары, оны жүзеге асыру үшін «билік халықпен диалогқа келе білуі керек» деп санайды.

– Экономист ретінде Қазақстан мұнайын ОПЕК-тің елдерімен бірдей бағамен сататынын білемін. Бірақ елдің тұрмысын қараңызшы. Жапонияда дәрігерге қаралсаңыз, 70 пайызын үкімет төлейді және оның сапасын біздің елмен салыстыруға келмес, -дейді ол.

Оның пікірін 30 жастағы інісі Асхат Қанапиянов та қоштайды. Ол да мамандығы бойынша қаржыгер, Қытайдың Гуаньчжоу университетінде білім алған. Жапонияға ағасына турист ретінде қыдырып барғанын айтады.

Менен жауап алу кезінде [тергеуші] «Қазақстанға не үшін келдің, қандай мақсатың бар, Астанада туыстарың бар ма?» деп сұрады. Мен мұнда жеке ыыыыыыыыыыыыыыыыыыыыыыен айналыссам ба деп ойлағанмын. Бірақ мына жағдайдан соң болашағым үшін алаңдаймын. Қазақстандыжақсы көремін, біра қ еркін елде өмір сүргім келеді, – дейді ол.

Асхат Қанапияновтың сөзінше, адвокатын шақыртқанымен, жауаптау кезінде кіргізбеген. Өзін қамауға алғанда сәлем-сауқыт әкелген достарының да соңында бақылау бар екенін айтып, олар үшін де уайымдайтынын айтады.

Мамырдың 1-інде Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өткен. Наразылар: «Өз таңдауымыз бар!», «Тоқаев президентіміз емес!», «Дариға [Назарбаева] спикеріміз емес!», «Нұр-Сұлтан астанамыз емес!», «АЭС-ке қарсымыз!», «Халық пікірімен санасыңыздар», «Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!», «Шындықтан қашып құтылмайсың!», «Шал, кет!» деп ұрандатқан.

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда «елде тыйым салынған ұйымның лозунгін айтып, полицияға бағынбаған» 80 адамның ұсталғанын хабарлаған. Бірақ министрлік жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек таратпаған. Азаттық Нұр-Сұлтан мен Алматыда 20-ға жуық адамның жауапқа тартылғанын анықтады. Олардың кейбірі 5-10 тәулікке қамалса, кейбіріне сот 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін айыппұл салған. Сот ұсталғандарға «рұқсат етілмеген митингіге қатысты» және «полицияға бағынбады» деген айып таққан.

Azattyq