Батыс Қазақстанда жер қатынастары қызметі электронды форматқа көшті
«Үйде отырып аукционға қатыстым»
Жақында Қазталов ауданының Жалпақтал ауылында тұратын Қанат Мұсағалиев өз үйінде отырып ауылда азық-түлік дүкенін ашу үшін жер телімін сатып алды.
— Аукцион уақыты бекітілген уақыт – сағат 11.00.-де компьютерімді қосып қойып, өз үйімде отырдым. Қазталов аудандық жер қатынастары бөлімінің мамандары электронды аукционның қалай өтетінін егжей-тегжейлі түсіндіріп берген болатын. Әсіресе арнайы дайындалған видеонұсқаулықтың пайдасы көп болды. Алдын ала керекті құжаттарды базаға жүктедік. Жарнасын төледік. Еш қиын емес екен. Керісінше өте ыңғайлы. Аукционға үш адам қатыстық. Сатылап баға ұсынып, ақырында 0,07 га жер теліміне 222 мың 894 теңге ұсынып, жеңіске жеттім, — дейді Қанат Мұсағалиев.
Қанат — «Тұлпар» шаруа қожалығының жетекшісі. Бұдан бұрын да ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімін пайдалану құқығын беру бойынша байқауларға, жер аукциондарына қатысып көрген. «Бұрынғы дәстүрлі жүйенің әбігері көп еді. Қаншама қағаз толтырып, талай кабинеттің табалдырығын тоздырып жүретінбіз. Жаңа жүйенің артықшылығы көп-ақ. Өз үйімнен шықпай-ақ аукционға қатысып, қалаған қызметімді алып отырмын» дейді ауылда тұратын шаруа жігіт.
Қанат қазір электронды аукционда жеңіп алған жер теліміне дүкен ғимаратын салудың қамына кірісіп те кетті.
Биыл Батыс Қазақстан облысының 11 ауданында 250 жер телімі бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану құқығын берудің 23 конкурсы өткен. Сондай-ақ жалпы аумағы 34,5 га болатын 84 жер телімін коммерциялық мақсатқа жалға алу құқығын сату бойынша 14 аукцион ұйымдастырылды.
Жер туралы білгің келсе, порталға кір
Елімізде мемлекеттік қызмет түрлерін тұрғындар үшін қолайлы электронды форматқа көшіру жұмысы Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатыр. Президент биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында 2019 жылы мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, 2020 жылы 90 пайызы электрондық форматқа көшіруді нақты тапсырды. Батыс Қазақстан облыстық жер қатынастары басқармасында бұл бастама жақсы жолға қойылған. Мәселен облыста жер қатынастары саласында биыл көрсетілген 9154 қызметтің 56 пайызы, яғни 5167-сі электрондық форматта болыпты.
— Елбасы Жолдауында жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократиялық рәсімдер өзекті мәселеге айналғанын, салада ашықтық жоқтығын айтып, жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырған болатын. Осы мақсатқа орай және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде Батыс Қазақстан облыстық жер қатынастары басқармасы www.zem.kz порталын іске қосты. Порталда конкурс және аукцион арқылы ұсынылатын бос жер телімдерінің сызбалары, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін алуға кезекке тұрғандар тізімі, Орал қаласы және облыстың барлық аудандарындағы жер пайдаланушылар туралы мәлімет бар. Бұл порталға электрондық цифрлық қолтаңбасы бар кез келген азамат кіріп, өзіне қажетті ақпаратты ала алады, — дейді Батыс Қазақстан облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұханбетжанова.
Жерге Көктен көзқарас
Оралда www.zem.kz порталының іске қосылғанына бір жылдай уақыт өтті. Бұл жоба «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің арасында өңірдегі бизнес климатты жақсарту, сыбайлас жемқорлық ықтималын жою мақсатында қолға алынған еді. Жоғарыда айтқанымыздай, өңірдегі жер мәселесіне қатысты ақпараттың барлығы осы ресурста жинақталған. Біз Батыс Қазақстан облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұханбетжановаға жолығып, келер жылдан бастап геопортал ашылуы мүмкін екенін естідік.
— Биыл «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ басшылары Батыс Қазақстан облысына келіп кетті. Сол кезде Батыс Қазақстан облысы аумағына ғарыштан мониторинг жасау үшін арнайы геопортал құру жөнінде мәселе көтерілді. Мұндай геопорталдың тиімділігі мынада: ғарыштан түсірілген түсірілімдер арқылы облыс аумағындағы ауыл шаруашылығы жерінің, жалпы жер ресурстарының пайдаланылуы, жерді заңсыз иелену, тіркелмеген құрылыстарды анықтау т.б. көптеген сауалдар айдан анық болады. Ғарыш түсірілімдері апта сайын жаңғыртылып отырылады. Сол арқылы көктемде қанша алқап жыртылды, ол жерде қандай ауылшаруашылық жұмыс жүрді, қандай дақыл егілді, алқаптың арамшөппен ластануы қандай деңгейде, жер дұрыс пайдаланылып жатыр ма? — міне, осының бәрін геопортал арқылы бақылау мүмкін болады. Заңсыздық болса, біз геопортал мәліметін айғақ қылып, жосықсыз жер пайдаланушыларды жауапкершілікке тарта аламыз. 2019 жылы іске қосылатын бұл геопортал деректері қарапайым тұрғындар үшін де оңтайлы болады, — дейді Әлия Биғазықызы.
Жер тек пайдаланған адамға беріледі
Жер сол жерді нақты пайдаланып, еңбек еткен шаруаға, кәсіпкерге ғана берілуі тиіс. Пайдаланылмай, бос жатқан жерді анықтау, кері қайтару және қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына қосу бағытындағы жұмыс Ақ Жайық өңірінде де жүйелі жүріп жатыр. Өйткені бұл – Елбасының нақты тапсырмасы.
— Жерді толықтай игеру және ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің өсімін қамтамасыз ету мақсатында 2012-2018 жылдар ішінде 1 млн. 480,5 мың гектар жер анықталып, соның 1022,1 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жердің 590,4 мың гектары жаңа қожайындарын тауып үлгергенін айта кетейік. Бірақ жер шалғайлығына, өнім түсімі төмендігіне байланысты 431 мың гектар жер сұранысқа ие болмай, ауыл шаруашылығы айналымына қосылмай қалды. Оның негізгі бөлігі Жәнібек, Қазталов, Ақжайық, Бөрлі, Сырым және Шыңғырлау аудандарына тиесілі, — дейді Әлия Мұханбетжанова.
Совет үкіметі тұсында жаппай жыртылып, егіске пайдаланылған алқаптардың көпшілігі бүгінде бос жатқанын айта кетейік. Себебі «егістік жер» деп аталғанымен, ол алқаптардың құнарлылығы төмен, оған экология да, қуаңшылық та әсер етуде. Сондықтан өңірде бұрын егістік деп бағаланған алқаптарды жайылым мен шабындық жер категориясына ауыстыру мәселесі өзекті тұр. Басқарма бұл бағыттағы жұмысты да қолға алған.
Айтпақшы, жоғарыда айтылған www.zem.kz сайтында жер пайдалану заңдарын бұзған заңды және жеке тұлғалардың «қара тізімі» де көрсетілген. Мұндай клиенттер екі жылға дейін жер алу үшін аукциондар мен байқауларға қатыса алмайды екен.
P.S. Мемлекеттік қызметтің, соның ішінде нақты еңбек адамдары, шаруалар үшін аса қажетті жұмыстардың цифрланғаны, электронды форматқа түсіп, оңайлатылғаны өте жақсы, әрине. «Тек біздің шаруа баққан, егінші-малшы ауылдағы ағайынның компьютерлік сауаты бұған жете ме екен?» деген қаупімізді білдіргенбіз. Алайда «Бұл – заман талабы. Істің игілігі үшін біз алға ұмтылуымыз қажет қой. Ауылдағы ағайын қатарынан қалмауы үшін компьютерлік сауаттылықты меңгеруі тиіс. Одан басқа жол жоқ» деген Батыс Қазақстан облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Жұматай Ашықбаевтың пікірімен келісуге тура келді.
Дереккөз: http://egemen.kz/