Батыс Қазақстанда шенеунік жұмыс орнында өз-өзіне қол салды
Полицейлер «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тергеуді бастады
АСТАНА, 6 наурыз — Sputnik. Орал полициясы қызметтік кабинеттен шенеуніктің денесін тапты. Мемлекеттік қызметші, бастапқы мәлімет бойынша, өз-өзіне қол салған.
Қайғылы оқиға туралы полицияның кезекші бөліміне 5 наурыз күні кешкі сағат тоғыз кезінде хабарланды, деп жазады «Мой город» басылымы.
«Мәйіт қызметтік кабинеттен табылды. Хат жазып қалдырмаған. Қылмыстық кодекстің 105-бабы «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша қылмыстық іс қозғалды», — деп Орал полициясы тілшілерге мәлімет берді.
Сонымен бірге ведомство атап өткендей, мәйітті сот-медициналық сараптамадан өткізу барысында зорлық-зомбылық белгілері анықталмапты. Ер адамды өз-өзіне қол жұмсауға не итермелегені тергеу барысында белгілі болады.
30 жастағы мемлекеттік қызметші 2011 жылдан бері кәсіпкерлік басқармасында еңбек еткен. Бас маман және бөлім басшысы қызметін атқарыпты. 2018 жылы басқармада басшылық қызметке тағайындалады.
Әріптестері шенеунікті білікті әрі жауапты маман ретінде таниды екен.
sputniknews.kz