Батыс Қазақстан облысында агросектор үздіктері марапатталды

0

Бұл күні «Талап» шаруа қожалығының басшысы И.Дәуленов, «Бақыт» шаруа қожалығының басшысы Б.Сүйінішқалиева Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Қарағанды» шаруа қожалығының басшысы Е.Атқаев, «Қоржын» шаруа қожалығының басшысы Қ.Мұқанов, «Хайруллин Н.К» шаруа қожалығының басшысы Н.Хайруллин «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының 2 дәрежелі «Еңбек Данқы» белгісін орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Акмарал Оразғалиева иеленді.

Ал «Ирғалиев» шаруа қожалығының басшысы Жағабай Ирғалиев, Бөкей ордасы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайруллин, «Құрмет» шаруа қожалығының басшысы Бірімжан Ақдонов, «Мұрагер» шаруа қожалығының басшысы Біржан Айғалиев, «Армат» шаруа қожалығының басшысы Асқар Мальтиев, «Әсемнұр» шаруа қожалығының басшысы Жұбаныш Тұрғалиев, «Мәдиев» шаруа қожалығының басшысы Сәлімбай Мәдиев, Казталов аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Қайрат Салауатов, Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Халиуллин Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотосымен марапатталды.

Сонымен бірге Батыс Қазақстан облысы әкімдігі бекіткен арнайы сыйлықтар да иесін тапты. Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов «Шыңғырлау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің мүшесі Бақытқали Дошевты – «Үздік бақташы», Қазталов ауданы Көктерек ауылдық округіндегі «Төлеген» шаруа қожалығының басшысы Анарбек Жаулаубаевты – «Үздік шопан», Ақжайық ауданындағы «Адай Бекет» шаруа қожалығының жылқышысы Аман Имашевты – «Үздік жылқышы» деп жариялап, жүлдегерлерге облыс әкімінің алғыс хатын табыс етті.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама аясында 2018 жылы ауыл шаруашылығын қолдауға 13 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген, бұл 2017 жылдан 30%-ға артық. Бүгінде облыс аумағындағы 6736 агросектор нысанында 77 мыңға жуық адам қызмет етеді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»