Батыс елдері мен Жапония Шыңжаңдағы қысымды айыптады

0

22 елдің БҰҰ-дағы елшілері Қытайдан Шыңжаңдағы діни азшылықтарға жасалып жатқан қысымды тоқтатуды талап етті. Бұл туралы Reuters ақпарат агенттігі хабарлады.

8 шілдеде жазылған хатқа Австралия, Ұлыбритания, Канада, Франция, Германия, Жапония, Швейцария және басқа да ЕО елдерінің елшілері қол қойған.

Елшілер хатты БҰҰ адам құқығы кеңесінің президенті Коли Сек пен Адам құқықтары жөніндегі комиссары Мишель Бачелетке жолдады. Елшілер «бұл хатты БҰҰ адам құқықтары кеңсесінің Шыңжаңдағы жағдайға қатысты ресми ұстанымы» дейді.

Хатта елшілер «Шыңжаңда ұйғырлар мен басқа аз ұлттарды қудаланып, қамалып жатқанына алаңдаушылық білдірген». Олар Пекиннен Шыңжаңда ұйғырлар мен басқа да діни азшылықтарда еркіндік беріп, қысымды тоқтатуды сұрайды.

Шыңжаң аймағындағы лагерьлер жайлы алғаш рет 2017 жылдың көктемінде айтыла бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы «саяси тәрбиелеу орталықтарында» миллионға жуық адам «еркінен тыс» қамауда отырғанын, олардың арасында ұйғырлар мен қазақтар барын мәлімдеген.

Қазақстанның бірнеше қаласында азаматтар жиналып, «Шыңжаңда жақындарымыз қысым көріп жатыр, лагерьде отыр, Қазақстанға өте алмайды» деген. Олар Қазақстан билігінен, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі «Шыңжаңдағы лагерьлер Қытайдың ішкі мәселесі, онда қамауда отырған қазақтар Қытай азаматы» деген. Кейін министрлік Пекинмен келіссөз жүргізіп, Шыңжаңнан бергі бетке өте алмай қалған қазақтардың мәселесі шешіліп жатқанын айтқан.

Қытай үкіметі басында саяси тәрбиелеу орталықтарының барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин Шыңжаңдағы саясатын «экстремизмге қарсы шара» деп атап, адамдар еркінен тыс отырған лагерьлерді «тіл үйреніп, кәсіпке баулитын » орталықтар деп түсіндірген еді.

2018 жылы желтоқсан айының соңында Пекин бірнеше елдің елшілерін Шыңжаңға апарып, “саяси тәрбиелеу орталықтарын” көрсеткен. Лагерьге барғандардың арасында Қазақстан елшілігінің қызметкері де болған. Ол Шыңжаңдағы саяси тәрбиелеу орталығында «жағдайдың жақсы» екенін айтқан.

10 ақпанда Түркия Қытайдан Шыңжаңдағы лагерьлерді жабуды талап етіп, онда «миллиондаған адам қысым көріп жатыр» деген. Қытай Түркияның бұл мәлімдемесін «жалған айыптау» деп атады. 29 ақпанда Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман Пекин Қытайдың мұсылмандарды «лагерьлерде қайта тәрбиелеу» тәжірибесін қолдаған.

13 наурызда АҚШ мемлекеттік департаменті әлемдегі адам құқығы жағдайы туралы есебінде Қытай билігі Шыңжаңда адам құқығын өрескел бұзып отыр деп сынады.

Оқи отырыңыз: «Қысым азайса» да, «күдік басым»

Ал мамырда Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Азаттыққа Шыңжаңда қазақтарға қысым жасалып жатқаны туралы хабарларды «жалған ақпарат» деген.

Azattyq