БАТЫРЛАР ЗАМАНЫНЫҢ ЕҢ ТАНЫМАЛ ЭМБЛЕМАСЫ

0
169

Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көтерілген мәселе барлық нәрсенің және бүкіл оқиғаның өлшемі кеңістік пен уақыттың көкжиегі тоғысқан тұсында басталатыны туралы қағида әрине, «әдемі афоризм емес», өйткені кеңістіктен тыс өмір жоқ, ал оның өлшемі – уақыт. Шексіз кеңістік пен үздіксіз уақыт қозғалысының тоғысуы адамзат санасының кемелденген кезінде жүзеге аспақ. Міне, сондықтан да бұл мақаладағы көтерілген мәселе әрбір адамды өткен тарихқа құрметпен қарауға, оны зерделей білуге және өткеннен сабақ алуға үйретеді. 

«Атқа міну мәдениеті» тарауында Нұрсұлтан Назарбаев: «Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің сим­волына айналды. Ту ұстаған салт атты жа­уынгердің бейнесі – батырлар зама­ны­ның ең танымал эмблемасы, сонымен қатар атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша эле­менті», – деген еді.
Осы орайда Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, халықаралық «Алаш» әде­би сыйлығының иегері, ақын, сатирик, сазгер, атбегі Қажытай Ілиясұлының «Жыл­қы­ны ойласам, жылағым келеді», «Жыл­қы тари­хы – қазақ тарихы», «Тұл­пар­дың тегі түсінде емес, тумысында» деген сияқты мақала­ла­рында көтерілген мә­селе бүгінгі «Ұлы да­ланың жеті қы­рын­дағы» ең басты мәселемен үндесетіні сонша, тап бүгінгі күні жазыл­ғандай әсер туғызады. Сон­дықтан да осы бір нақты жаңалықтардың бүгінгі куәгері ретінде Қажекең марқұмның көңіл кеңістігіндегі біліп-танығанын сіздермен бөліскім келді. Айталық:
«Ұлы даланың о шеті мен бұ шетіне көшпе алтындай қопарылып, көк теңіздей сапырылған қазақ ұлысының мың жыл­дықтан мың жылдыққа іріктеп, ғасырдан-ғасырға сұрыптаған ең үлкен олжасы да, ең қарулы қанаты да тұқымы озған тұлпарлары еді-ау! Әріде, оны өте қастерлеген ата-бабаларымыз бейнесін тасқа қашап, аңыз-ертегілерге іліктірсе, берідегілері ер-тұрманына дейін алтынмен аптап, күміспен күптеп, иесінің сүйегімен бірге жерлемеді ме?! Бұрынғы олжамызды айтпағанның өзінде, таяу жылдарда Шығыс Қазақстан облысындағы Берел қорымынан, Тар­бағатай ауданының Шіліктісінен табылған алтын киімді адамдар мен үйір-үйір жылқы, ондағы әшекейлі бұйымдар бұдан екі-үш мың жыл бұрынғы қазақ мәдениетінің қай деңгейде дәуірлегеніне бұлтартпайтын айғақ емес пе?!
Мәдениет демекші, 1947 жылы Үрімжіге жер аударылған Су Бихай деген Қытай ғалымы «Қазақ мәдениетінің бес мың жылдық тарихы» деген қытай тілінде екі том кітап шығарды. Кезінде сол қолжазбаның бір нұсқасын осылай алып өткен жүлдегер жазушы, тамаша ғалым Тұрсынхан Зә­кен­ұлы бірінші томын түгел қазақшалағанымен, ол тұстағы газет-журналда отырған са­уысқаннан сақ редактордың ешқайсысы баса алмай, ақыры төте жазумен шығып, 23 елге тарап тұрған «Шалқар» газетіне (Уақап Қыдыр­ха­новтың тұсында) төрт жыл бойы жарияланды. Мұны айтып отырған себе­бім – қазақ бір бөлек, оның мәдениеті бір бөлек емес, әуелі қазақ, сонан кейін оның болмысынан мәдениет туындамай ма?! Ендеше, орыс тарихы – соғыс тарихы деген сияқты, қазақ тарихы – жылқы тарихы да, жылқы тари­хы – қазақ тарихы екенін мен осыдан 15 жыл бұрын жариялатқан «Жыл­қыны ойласам, жылағым келеді…» деген мақаламда кеңірек айтқан едім» дейді Қажекең 2007 жылы шыққан «Жылқы тарихы – қазақ тарихы» деген мақаласында.
«Ал Шіліктідегі үстіне алтыннан берен киген, алтын дулығалы адамды қазіргі ғалымдар бірауыздан «Сақтардың көсемі» деп шешсе, оған ешқандай шүбәм жоқ. Өйткені жер бетіндегі жыбырлаған жыл­қының түп атасы саналатын Керқұланды ең алғаш қолға үйреткен – сақтар. «Арбаны ең алғаш тапқан да сақтардың тұқымы екен» деген деректі бір жерден оқығаным бар. Мұндағы тарихи тұлғалардың киім үлгісі көлденеңін төрт қатар, ұзынын үш қатардан парлап ат шегіп, екі дөңгелекті арбаның үстінде үш-төрттен түрегеліп тұрып, құйындататын баяғы сақ сарбаздарын еске салады. Сонда көктүрік, үйсін, ғұн, т.б. деп қандасының атауын қанша құбылтқанымен, сақтың үрім-бұтағы, яғни заңды жалғасы қазақ емес пе?!
Ойлай берсең, күдік көбейеді. Осы біздің «Тірі болсақ бір төбеде, өлсек бір шұңқырда» деген мәтеліміз де сол сақ за­манының тіркесі тәрізді. Жаугершілікте ағайынға айтылатын сөз – жанына балаған жануарына айтылмайды дейсіз бе?! Фәни дүниенің қызық-шыжығын сәйгүлігімен бірге көрген сақтардың бақи дүниеге де бірге аттануы, яғни атымен бірге жер­ленуі – осындай қимастықтан туған салт. Кейін ол діни наным-сенімге байланысты өзгерген ғой…
…Керек десеңіз, әлемдік жылқытану мәдениетіне қазақтай үлес қосқан ешқандай ел жоқ» дей келе, Қажекең: «Бір қуанары – бұл күндері «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша, жоқ-жітігімізді түгендеп, ата-бабамыздан қалған асыл мұрамыздың берсе көзін, бермесе көшірмесін жинап жатқан игі қадамдарымыз бар ғой. Ондай болса, мәдени мұрамыздың өлшеусіз құнды саласы әлі күнге дейін тектеусіз, жоқтаусыз жатқан тұл­пар­ларымыз емес пе?! Жұрт жоғалған ешкісін де іздейді. Сонда біз неге осыншама бейғамбыз? Меніңше, жылқыны жыға танитындарды, әсіресе іштен тынып жүрген таза ғалымдарды, жылқыға қатысты хаттамалардың басында отырғандарды жинап, «Мәдени мұра» бағдарламасының басы-қасында жүрген азаматтар ақылдасуы керек-ақ.
Өйткені жылқының тарихи қызметінде түп жоқ… Мәдениеттің жылқы қатыспаған саласы кемде-кем. Керек десеңіз, бұл жа­нуардың түпкі тұяғы техника ғылымына тірейді. Айталық, қола дәуірінің ең алғашқы жаңалықтары сақ жұртында ашылыпты. Алтын дулыға, алтын берен тәрізді киім-кешекті жасағанда, жасампаздардың тасты келіге түйіп, алтын айырып, оны балға, төспен соқпағанын әрине ішіміз сезеді… Демек, бізге дейін де ғылым, ғажайып техника болғанын шамалайсың. «Шығарда жаны басқа» деген тіркес ат пен саққа жүрмейді. Өлсе бірге көміледі. Ең сенетіні де, өлшемі де, таянышы да ат. Содан ойлағанда, өңмеңінен тағы сауал қылтияды. Айталық, біздің заманымызға жеткен күллі техниканың қуаты неге ат күшімен ғана өл­шенді? Мысалы, автомашиналар, трак­тор­лар, комбайндар… Бұл өзі кімдерден және қай заманнан қалған үлгі? Техника ар­насын өрлеген ғалымдарымыз бұл құ­пия­ны ашып бере алса, тіпті қызық болар еді!
Енді қазіргі ағат түсініктер туралы бірер ауыз сөз. Қазір кейбіреу «жылқының арғы тегі батыстан келіпті. Тарпаң деген тұқым­нан тарапты» деген бір қонымсыз қауесет айтады. Менің ойыма дәл сол сәтте, Ш.Айтматовтың «Боранды бекетіндегі» тақыр басына сіріден кеп кигізген есалаң бала елестейді… Өйткені тарпаң – жылқының ата-тегі емес, қатардағы бір түрі. Бітімі жай жылқыдан сыйдалау, сәл сұңғақ. Үйреткен кезде, өте сақ болмаса, бір көрсеткен жаман мінезін өмір бойы қой­майды. Кейбіреуі оңайшылықта жүгендет­пейді. Кейбіреуі қанжығасына бөктеріншек байлатпайды, қоржын-қолаң салдырмайды. Қайсыбіреуі шылбыры сүйретілсе де, лып етіп, тез мінбесе де мөңкиді. Тағы бір қызы­ғы – сол тарпаңның ең өле жатқаны аттың құйры­ғынан алатын итті көз ілеспес жылдам­дықпен тепкенде бар ғой, орныңда шөке түсіреді. Шетінен ширақ, шабысты келеді. Жоқтан өзгеден секем алып, селтеңдеп, осқырып тұрады.
Тұлпар туралы ұғымды осылай «өшіріп» алғандықтан ба екен, әлде өзін көрме­ген­діктен бе екен, әжептәуір өлең жазып жүрген қазіргі ақындарымыздың біразы қазанатқа, кейбіреуі арғымаққа жабысатын болыпты. Қазанат деген – тұлпардың өзі емес, жиені. Ақмешіттің (қазіргі Қызыл­орда) жергілікті тұл­пары мен Орта Азия арғымағының буда­нынан туған құлын. Қазанат, қазанат десіп жүрген тұқымның түп атасы – дәл осы құлын. Тарпаң сияқты жай жылқыдан еңселілеу. Өйт­кені арғы­мақ­тың қаны бар ғой бойында. Өзі тұлпардай төзімді, әжептәуір жүйрік бо­ла­ды. Бірақ қазанат дегеніңіз таза тұлпардың ша­лымына да келмейді, шаңына ілесер ілессе…
Атақ-даңқ жаугершіліктегі, жорықтағы ерлікпен, сән-салтанаттың, сый-сияпаттың құны жүйрік атпен өлшенетін де кезең туған. Осындай мақсатты ұмтылыстың, ұзақ бәсекенің нәтижесінде, қазақ ұлысы «Тұл­пар» деп аталатын жылқы атаулының ең жүйрік, ең текті тұқымын дүниеге әкелді. Оны да бірінен-бірі алып қашып, хандықтар бәсекемен көбейткен.
Көбейтіп қана қоймай, тұлпардың тұқымын дүниенің төрт бұрышына таратқан тағы сол қазақ ұлысы, қазақ хандығы ғой. Мысалы, сақ салты бойынша, атты иесіне қоса алтындаған ер-тоқымымен көміп жатқан кезеңде, қытай ұлтында ер-тоқым деген термин жоқ. Ондай сөз тілдік қорында болмаған…
Иә, әлденеше мыңдаған жылдардың қатал сүзгісінен өтіп, атадан балаға мұра болған қазақтың қас тұлпарлары Қоқанның құрығына да, құба қалмақтың құрығына да ілінбей, аман-есен кеңестік кезеңге дейін (дәлірегі 1928 жылға дейін) жетіп, сапалы қалпында, саңлақ қалпында сол кездегі жаңа өкіметтің қолына зорлық пен зымиян жолмен өткен.
Ең өкініштісі – сол тұлпарлар туралы жоғары оқу орындарына арналған оқулықта ешқандай дерек жоқ. Әлі күнге дейін жыл­қының шежіресі жоқ. Қазіргі жылқытану ғылымына араласып жүрген ғалымдары­мыздың айтуынша, қазақта жылқының «жабы» деген жалғыз-ақ түрі болыпты-мыс. Тұлпар оқытылмайды. Оқытылмайтын себебі, оқу бағдарламасына енбеген. Ендеше, Ресей жеріндегі өзіміз кинодан ғана көретін тұлпарларды қазақ сахарасынан күні кеше сыпырып-сиырып әкетпей, орыс отар­шы­лары соның бәрін кісінетіп, иесіз үңгірден алып па екен?
ҚСЭ-ның ІІ томында мынадай бір анықтама бар: «Тұлпар – ең жүйрік жылқы, мұның ең жүйрігін «жел жетпес» деп атаған. Адамзат ғасырлар бойы жылқының әр тұқымының ішіндегі жүйріктерін іріктеп, сұрыптап, тұлпар өсірген».
Қорқыңқырап жазғаны көрініп-ақ тұр. Әйткенмен, сорабын келтірген. Тұлпар­ды селекциялық тұқым ретінде барлық адамзат емес, қазақтың арғы аталары ғана тапқанын және «тұлпар» деген сөз шамамен, бұдан үш мың жыл бұрын мемлекетаралық келі­сімшартта қолданылған термин екенін, тіпті қалыңмал, айып-анжы тәрізді жөн-жо­ралғыға жүргенін ол шіркін қайдан білсін?!
Қазақ Совет энциклопедиясының тұлпар туралы анықтамасы жобаға жақын­даға­ны­мен, қатесі, өтірігі көп болғандықтан, заңды құжат болудан әлдеқашан қалған еді ғой. Сон­дағы көп өтіріктің біреуі арғымаққа бер­ген анықтамасы екен. «Таза тұқымды мініс жыл­қысының, Қостанай жылқы­сының, Бу­ден­ный жылқысының және Араб жылқысы мен ақалтекенің сымбатты, жүрдек қол­тұ­ма­ла­рын арғымақ дейді» (1 том. 450-б). Міне, осы­ны оқыған болу керек, бір зерттеуші (атын айтпай-ақ қояйын, аман-сәлемі дұрыс еді) газетте «Қазақ бұрын жаппай арғымақ өсірген» деп соқты. Күлесің бе, жылайсың ба?
Жылқы тарихына жасалған мұндай ірі қиянатқа көзің жеткенде, жыламақ түгілі, жынданып кетпейсің бе? Мұндайда Кон­фуций: «Сөйлейтін кезде сөй­ле­месең, сөзің өледі. Сөйлемейтін кезде сөй­ле­сең, өзің өлесің. Шынайы шешен өзін де, сө­зін де өлтірмейді» депті. Жылқытану ғы­лымымен айналысатын азаматтарымыз бұл шындықты айта алмай, кеңестік ке­зеңнің зорлығынан сескенген делік. Аузын­да алпыс жылдан астам тұмылдырық тұ­рыпты. Тоқе­терін айтқанда, Қазақстандағы мал маман­дарын даярлайтын барлық жоғары оқу орындарында 70 жыл бойы тұлпар туралы ұғым жоқ.
Қ.Ілиясұлы қазақ тұлпарларының Қытай мен Ресейге қалай тарағаны туралы нақтылы деректер бойынша мысалдар келтіре келіп: «Ал Америкаға қазақ жыл­қысы қалай тарап жүр?» деген сұрақ қояды да, оған былай деп жауап береді:
«Бұл сауалға өз жорамалым мынадай: Әдетте Американы ашқан Христофор Ко­лумб деген дақпырт көп айтылады. Жа­сы­рып-жабатын несі бар, өз басым оған мүл­де сенбеймін. Неге десеңіз, Қытай хаттама­сын­дай бай хаттама (архив) еш­қандай мемлекетте жоқ. Хаттаманың тарихы бес мың жылға созылады. Сондағы Қытай жылна­ма­сында, Америкаға Христофор Колумбтан 700 жыл бұрын түріктер барған деген мазмұнда дерек бар. Түрік деп отырғаны қыпшақтар көрінеді. Мұқым бір құрлықтан екінші құрлыққа бет алғанда, картасыз, дайындықсыз, азық-түліксіз ана ауылдан мына ауылға қыдырған балаларша жаяу кете ме? Жер жадысын жақсы білетін адамдардан басшы алып, кемемен кетсе де, барғанда ішіп-жейтін азық-түлігін, мінетін атын, күнкөріске қажетті мал-жандарын апармауы мүмкін емес қой… Әуелі жұрт шолып, соңынан ауыл-айма­ғын тасуы, әрине қисынға келеді.
Екіншіден, Америкаға ғылыми сапар­мен барған белгілі ғалым Әділ Ахметов га­зетке едел-жедел екі мақала жариялатқан. Онда барған жерінен үш үлкен шаруа­шы­лық­тың адамындай өріп жүрген кәдімгі қа­зақтарды көрген. Сұрастырса, өте ертеде барған қыпшақ әулеті екен дейді. Көліксіз қия баспайтын қазақ баласы оған үйірімен жылқы апарып, ата кәсібін жалғамай қоя ма?!
Үшіншіден, патша заманында Қараған­дыдан, Семейден кен, Самар ауданының орталығынан сыра зауытын ашқан ағыл­шындар, Арқа жеріндегі Атбасарға (негізі ол атбасар емес, ат базары, яғни жылқы саудалайтын базар деген сөзден туып, құбылған ғой) барып, таза тұлпардың байталын да, құнан, дөненін де ауық-ауық алып тұрыпты. Қазақ жылқысының қалың ортасында жүріп, Қытайға 30 жыл бой бермей қойған, Оспан батыр мылтық пен оқтың бәрін америкалықтардан табын-табын жылқыға айырбастап алған екен.
Қазір Ковбойлар туралы түсірілген кейбір кинолары мен ат бәйгелерінен ауызомырт­қасы үлкен шәугімнің қақпа­ғындай, басында бір жапырақ ет жоқ, кеудесі есіктей қазақтың байырғы қу мойын тұлпарларын көргенде делебем қозып, елеңдеп отырамын. Қазақ тұлпары қайда бармаған дейсіз?! Тек өзімізде ғана жоқ…
Түйіп, тоқетерін айтсақ, бұлардың қатесі мынау: біріншіден, арғымақ еш­қандай мініс аты емес, ертеде қалада тұрған хандар мен бектердің сән үшін күймеге жегетін көлігі. Екіншіден, ол «көрінген жылқыға ұқсамай­тын», шамамен, биіктігі 1,80-1,90 метр, тұрқы 2,5 метр, сирағы ұзын, жылқының ең бойшаң түрі. Жем-шөбін кісінің кеудесінен келетін оқырдан жеп, үнемі қолда тұрады. Суды не ыдыстан, не өзеннен жүзіп ішеді. Өріске барса, жираф­тың су ішкен кейпіне ұқсап, қолапайсыз өңкиіп, бетегені еркін іскектей алмай, шидің қияғын, балаусаның басын шалады. Жазықта оның үзеңгісіне ешкімнің де аяғы жетпейді. Бірақ оған да ара-тұра ер салады. Ауылға сол арғымақпен келгендер аттанарда өздігінен міне алмай, аяғының астына келі төңкертіп, көлігін маңайдағы жыра-жық­пылға жетелеп, әуреге түседі. Оның тұқымы бұрын да, кейін де өте сирек болған. Үш­іншіден, арғымақ – дүние­жүзі ғалымдары мойындаған селекциялық тұқым, өз алдына тек. Онда жүріс те, шабыс та жоқ… Жегімнің ғана жылқысы. Сондықтан қазақ жалғыз арғымақты өз атымен атап, қалғандарының бәрін ат дей салады және олардың мінез­демесін де ұмытпайды-ау! Философиясын қарасаңызшы!
Арғымақтан ат жақсы шабыс болса,
Ағайыннан жат жақсы таныс болса.
Дұшпан түгіл, досың да табалайды,
Аяғың бір нәрседен шалыс болса.
Байқайсыз ба, арғымақтан кез келген аттың озатынын жасырмай, ашық айтып отыр ғой. Өйткені, арғымақ шапқанда, тула­ған түйедей одыраңдап, бәрінің артында қалады.
Ендеше, «қазақ жаугершілікте арғымақ мінген», «оның тұқымын жаппай өсірген» деген әңгіменің бәрі жылқыны жете білмеуден туған ноқай «гәп»!
…Ендігі әңгіме – мыңдаған жылдар бойы сұрыпталған таза қазақ тұлпарының қадір-қасиетін үрім-бұтағымызға түсіндіріп оны қалпына келтірудің шара-шақпытын ойлау керек. Онда біз мұратымызға жеттік деп тымағымызды аспанға атар едік».
Қажекең марқұм көзі тірі болғанда, ра­сында, малақайын аспанға ата қуанып, көңіл көкжиегінде тұнып тұрған «алтын көмбені» қандай ақтарар еді десеңізші?! Өйткені «жылқыны сынау», «жылқының түстері», «жылқының жынысына қарай аталуы», «жүйріктің тұлға-тұрқы», «ер-тұрман», «жылқыда болатын ауру неден, оны емдеу тәсілдері қандай?», «жылқыны күзеу тәртібі», «жылқыны ұстау тәсілі», «бәйге аттың бас сүйегі», «қазақтың сыншылары», т.б. жылқы туралы пісіп тұрған жоба-жоспары бар еді…
«Жылқы ғұмыр – жалқы ғұмыр. Дүбір салған көп тұяқ – дүрмек өмір: құйысқан тістеп, құйысқан тістетіп сен барасың. «Өмір екі келмейді. Өгіз аттай желмейді». Желқанат жүйріктей зымыраған уақытты ұстап тұра алмайсың» деп марқұмның өзі айтқандай, әңгімені өткеннен бүгінгі нақты өмірге қарай бұрсақ, еліміздің ту етіп көтерген Тәуелсіздігін иеленген жыл, жер-жаһанды дүрмекке бөлеген жылқы жылы екен. Әйел адам қуанғанда шылауышын аспанға атпайды ғой, десе де Қажекеңнің өзі жоқ болса да, көзі боп отырғандықтан, «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи маңызы зор мақалаға осылайша үн қатқанды жөн санадым.

Руда ЗАЙКЕНОВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы

Дереккөз: Айқын