«Батыл белгі»: Ұлыбритания ханзадасы Уильям Ресей шекарасына жақын жерде танкпен жүріп өтті

0

Ұлыбритания ханзадасы Уильям 21 наурыз күні таңертең Эстониядағы Тапа әскери базасына келді. Базада НАТО елдерінің, соның ішінде Ұлыбританияның да әскери бөлімдері орналасқан. Ол CABRIT әскери жаттығуларына қатысқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, 42 жастағы Уэльс ханзадасы әскери форма, берет, қорғаныс шлемі мен көзілдірік киіп, алдымен британиялық Challenger 2 танкімен, содан кейін Warrior жаяу әскер жауынгерлік машинасымен жүріп өтті.

Айта кетейік, бұл база Ресей шекарасынан небәрі 150 шақырым қашықтықта орналасқан.

Өзінің X (бұрынғы Twitter) желісіндегі ресми парақшасында Уильям «Мерсий полкінің бас қолбасшысы болуға мақтанатынын» жазды. Бұл полк Эстонияда Корольдік гвардияшылардан эстафетаны қабылдап, CABRIT операциясына қатысып жатыр. Ол эстониялық серіктестер мен НАТО одақтастарының шығыс Еуропа шекарасын қорғаудағы рөлін ерекше атап өтіп, эстон халқына қонақжайлығы үшін алғыс білдірді.

Daily Mail басылымының дерегінше, ханзада Уильям позициялық ұрыстарға арналған жаттығуларға қатысқан. Онда одақтас әскерлер қарсылас шептеріне оқ жаудырып, траншеяларға еніп, бақылауға алу әдістерін пысықтады. Уильям Warrior әскери құрылғысымен жаттығу алаңына соңғы болып жетті. Сол кезде сарбаздар пулеметтерден оқ жаудырып жатқан еді. Ханзада жауынгерлік көліктің командирлік мұнарасында отырып, жаттығуларды бақылады.

Одан кейін Уильямға Archer атты жаңа буындағы жылжымалы артиллериялық жүйені басқару мүмкіндігі берілді.

Базада ханзада жауынгерлермен бірге асханада тамақтанып, олармен бильярд пен үстел футболын ойнады. Бұл сәттер оның ресми парақшасында жарияланды. Сонымен қатар әскерилердің тоңазытқышы жоқ екенін естіп, жаңа тоңазытқыш әкеліп беруге уәде етті.