«Басынан атқан»: «Рыжий Алмаздың» әкесі ұлын өлтіргендердің кім екенін айтты (ВИДЕО)

0

90-шы жылдары қылмыс әлемінде «Рыжий Алмаз» лақап атымен танылған Несіпбай Нәсеновтің өлімі туралы аңыз көп.

1998 жылы Испанияда қаза тапқан «Рыжий Алмазға» қатысты тың деректі әкесі Болатбек Нәсенов айтып берді.

«Уақыт көрсетеді» бағдарламасына берген сұхбатында Болатбек Нәсенов ұлы туралы біраз шындықтың бетін ашты.

– Несіпбайдың өлімі туралы айтуға баламның достарының көпшілігі қорқады. Солардың арасында депутат болып жүргендері де бар. Олар Алмазды өлтірген ҰҚК дейді. Рахат Әлиев сол жерде орынбасар болды ғой. Сол Рахат Әлиев өлтірткен дейді. Балам өзін ҰҚК-ның аңдып жүргенін, қастандық жасайтынын білген. Таңғы сағат 5-те бір топ адам келіп, қасындағы күзетшілерін байлап, Алмаздың басына целлофан кигізген. Сөйтіп тұншықтырып өлтіреді. Бірақ сенімді болу үшін басынан тапаншамен атқан. Баламның денесін Қазақстанға алып келгенде, мен ұлымның мәйітін көрдім. Бет-ауызы ісіп кетіпті, баламды әрең таныдым, – деді Болатбек Нәсенов.

Несіпбай Нәсенов 1961 жылы Семей өңірінде дүниеге келген. Ол 90-шы жылдары Қазақстандағы криминалдық ортаның дүлдүлі болды. 37 жасында Испанияның Барселона қаласындағы виллалардың бірінде қаскөйлердің қолынан қаза тапты.

Несіпбай Алматыдағы Бағанашыл шатқалында жерленген.