«Басымнан өткен оқиғалар»: Төреғали Төреәлі өз өмірі жайлы фильм түсіретінін айтты

0

Әнші Төреғали Төреәлі өз өмірі жайлы фильм түсіретінін айтты. Өнер иесі REVUE NEWS бағдарламасында кинода басынан өткен оқиғалар бейнеленетінін баяндап берді, деп жазады Kznews.kz тілшісі.

Төреғалидің айтуынша, әнші болғанымен, негізгі бітірген мамандығы актерлік екен. «Актерлік мамандықты бітірдім. Сондықтан бұл саладан кете алмаймын. Алла қаласа, жақында фильм жоспарлап жатырмыз. Комедия жанры болатын шығар. Біздің қазақта комедиясыз болмайды ғой. Өзім ойнаймын. Халыққа қызық болатын шығар. Өзімнің басымнан өткен оқиғалар. Өмірбаян халыққа қызығырақ қой», – деді Төреғали Төреәлі.

Еске сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желілерде Алматыда жол бойында полция қызметкерлерінің Lexus көлігінің жүргізушісін ұстаған сәтінен видео тараған еді. Куәгерлер ұсталған азаматтың танымал әнші Төреғали Төреәлі екенін байқаған. Кейін Алматы қаласының полиция департаменті желіде тараған видеоға қатысты пікір білдіріп, полиция қызметкерлері Майлин көшесінің бойында А. есімді азаматтың басқаруындағы Lexus автокөлігін тоқтатқанын хабарлады. Полицияның мәліметінше, жүргізушінің мінез-құлқы өрескел болып көрінген.

Яғни, ол агрессивтілік танытып, полицияның заңды талаптарына бағынбай, тұрақта тұрған Chevrolet көлігіне зақым келтірген. Сондай-ақ ұсталған орнынан қашып кетпек болған. Полицейлер құқық бұзушының жолын бөгеп, оны ұстап, медициналық тексеруге алып барған. Сараптама қорытындысы бойынша оның есірткіге мас күйде екендігі анықталған.