«Басым жарылып, қансыраса да халыққа оқ атпаймын» деген майор сотталғалы жатыр
Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорған халқына қарсы оқ атпай, бұйрықты орындамағаны үшін қолына кісен салынып, айыпты болған бұрынғы Алматы облысы полиция департаментінің басшысы Серік Күдербаев сотталғалы жатыр. Қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылған генерал-майордың адвокаттары соттан істі тоқтатуды сұрап өтініш жолдады, деп хабарлайды Kznews.kz порталы Экспресс К. порталына сілтеме көрсете отырып.
Қаңтар оқиғасы кезінде қызмет орнын тастап кеткен Серік Күдебаевтың мәлімдемесі әлеуметтік желіде тарады. Күдіктінің қорғаушылары сот өкілдерінен істі толық тоқтатуды және генерал-майорды қызметіне қайтаруды сұрап, өтініш жолдаған. Қорғаушыларының айтуынша, Күдебаев бейбіт халыққа оқ атқысы келмегендіктен осындай қадамға баруға мәжбүр болған.
«Серік Күдебаев Талдықорғандағы митинг кезінде қатты жарақат алды. Оның басына тас тиіп, қансырады. Бірақ соған қарамастан ол халыққа оқ атқысы келген жоқ. Сондықтан осындай шешімге келді. Егер ол атуға бұйрық бергенде кемінде 300 адам қаза табуышы еді. Сізден осы қылмыстық істі тоқтатуыңызды сұраймыз. Өйткені Күдебаев өз қызметін адал атқарған адам», — деді ПД бұрынғы басшысының адвокаттары.
Айта кетейік, Серік Күдебаев ҚК 370 бабы 4-бөлігі 1-тармағы (Ауыр зардаптарға алып келген қызметтегi әрекетсiздiк) бойынша айыпты деп танылып отыр. Ол 2020 жылдан 2022 жылға дейін Алматы облысы полиция департаментінің бастығы болып жұмыс істеген.