Басы дауға қалған депутат партия қатарынан да шығып қалды
Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев әлеуметтік желіде орынсыз пікір жазған депутат Анна Башинская жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz сайты.
«Анна Башинская расында да партия мүшелігіне жаңадан келген еді, 8-ші шақырылымда мәслихат депутаты атанған. Иә, абайсызда қателікке бой ұрды. Оны мойындады. Әлеуметтік желіде пікірін білдірді. Депутаттық мандатына байланысты шешімін шығарып, депутаттықтан кетті», — деді Е. Бейсенбаев Мәжіліс кулуарында.
Е. Бейсенбаевтың айтуынша, саяси организм ретінде партияда да қателіктер болуы мүмкін.
«Ол партияның репутациясына нұқсан келтірді деп айта алмаймын. Партия халықаралық істерге араласпайды. Өзге мемлекеттердің президенттерінің мәлімдемелеріне біз пікір білдірмейміз. Бұл – тікелей «Amanat» партиясының позициясы», — деді ол.
Айта кетейік, осыған дейін Алматы қаласы мәслихатының депутаты Анна Башинская Украина президенті Владимир Зеленскийдің «Deutsche Welle» басылымына берген сұхбатында Қырымды қайтару туралы мәлімдемесіне «Зеленский мырза, Қырымнан гөрі Түркия дұрыс, ол жақтың ауа райы қолайлы», деген мағынада пікір білдірді.
Депутаттың бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырып, олар мандатын тапсыруын талап етті.
Кейінірек А.Башинская осы пікірі үшін қазақстандықтардан кешірім сұрап, мандатын тапсыратынын айтты.