«Бастық боламын» фильмінің 3 маусымы туралы
АЛМАТЫ, 29 қаңтар — Sputnik, Айгерім Таубай. 2018 жылы жарық көрген «Елбасы жолы. Астана» фильмінде Нұрсұлтан Назарбаевты «сөйлеткен», жетінші арнадан 2016 жылдан бері үзілмей көрсетіліп келе жатқан «Бастық боламын» сериалының сценарисі, продюсер әрі режиссері, аталған фильмде басты рөлді сомдаған Ерлан Қасымжанұлы Sputnik Қазақстан тілшісіне өзінің жоспарлары мен өнер жолына қалай түскені туралы айтып берді.
Алғашында Нұртас Адамбайдың тобында жұмыс істеген Ерлан Қасымжанұлы 3 жылдан бері продюсер, режиссер, актер әрі сценарист болып қызмет етеді. Айтуынша, өзіне шығармашылық еркіндік ұнайды. «Бастық боламын» комедиясы көрерменнің көңілінен шығып, сұранысқа ие. Сол себепті өткен 2018 жылы 3-ші бөлімі түсіріліп, көрерменге жол тартқан.
«2018 жыл мен үшін табысты жыл болды. Жақсы жобалар жасадық. 3 жыл болды Нұртас Адамбайдың тобынан шығып, жеке жұмыс істеп жатырмын. «Бастық боламын» – актуалды жоба. Қазіргі кезде жастар жылы, жұмсақ орынға тез отырып, бір жерде бастық болғысы келеді. Барлығына бірден қол жеткізсем дейді. Кейде оның еңбекпен, талаппен, уақытпен келетінін ескермейді. Фильм осы жайында. Әр бөлімі 40 минуттан тұратын комедияның өзіндік айтары бар», – дейді Ерлан Қасымжанұлы.
Айтуынша, актерлік құрамның өзі сатираның қазанында қайнап, өз рөлдерін үлкен жауапкершілікпен атқарып жүрген абыройлы жандар. Кейде рөлдің дәл өзіне арналғанын көріп актерлер де таң қалады. Идея туа салысымен жетінші арнамен уағдаласып қойған режиссер дәл осы актерлердің келісім беретініне сенімді болған. Жас сценарист ретінде бүгінгі қоғамды, бүгінгі адамды жастардың өз тілінде жеткізгісі келгенін айтады.
«Кей көрермен әзіл ретінде, комедия жанрындағы кезекті фильм ретінде қабылдап жатады. Астарына үңілсе, үлкен мән бар. Жылы жұмсақ орындықтың да мойнында ауыр жүк жатқанын айтқымыз келді», – дейді сценарист.
Бүгінде келін мен ене, күйеу бала мен құдалықтың дәурені жүріп, комедияның көрермені көбейген кезең. Оны соңғы шығып жатқан фильмдердің атауынан–ақ көріп жүрміз. Соған қарап көзі қарақты көрерменнің өзі комедияны түсіру оңай деп қабылдауы мүмкін. Ал Ерлан Қасымжанұлының айтуынша, коммедияны түсіру драмадан да қиын.
«Біріншіден, комедия өзіме жақын жанр. Көп адам комедияны жасау оңай деп ойлайды, бірақ ол драмадан да қиын. Көрерменді күлдіру, күлдіре отырып ой тастау оңай емес. Тек комедиямен шектелмей, драма түсіру де ойда бар. Кей идея қағазға түсіріліп, өз кезегін күтіп жатыр», – дейді Ерлан Қасымжанұлы.
Бүгінде кино әлемінде, комедия жанрында жүрген актерлер секілді Ерлан Қасымжанұлы да КВН-нен бастаған. Өнерге келуге мектеп кезінде Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ–ға келіп сахнада өнер көрсеткені себепші болған.
«Ағам 2001 жылы ҚазҰТУ–ға түсіп, сол жерде бірге оқыған достарымен КВН командасын құрды. Мен сол кезде мектеп оқушысымын. Үйде Ресейдің президенті Борис Николаевич Ельциннің дауысын салатынмын. Бір күні қолыма мәтін беріп, жаттап ал деді. Бірнеше рет дайындыққа бардым. Бастауыш сыныптың оқушысы үшін үлкен университетке бару үлкен бақыт еді. Соңында сахнаға шығып, көпшіліктің алдында Ельцинге пародия жасадым. Сол сәтте бір залдың маған қол соққаны қатты әсер етті. Сол күні ағамдар жеңіске жетті. Ал маған ішкі дауысым «менің қалауым – осы» дегендей болды», – дейді ол.
Актердің айтуынша, сахнада халықтың көңілін аулап, олар саған қол соққан кезде ерекше адреналин береді. Дегенмен болашақта білікті дәрігер болуды ойлап, ҰБТ–дан мемлекеттік грант ұтып алуға балы жетпей қалады. Осындайда айтылған болу керек «Әрбір істің қайыры бар» деп. Ағасының ұсынысмен ҚазҰПУ–нің педагогика–психология мамандығының ақылы бөліміне оқуға түседі.
©
Sputnik / Тимур Батыршин
Ерлан Қасымжанұлы
«Ағам нақты дәрігер боламың десең ақылы бөлімде оқытамыз деді. Ол кезде оқу ақысы – 505 000 теңге. 2009 жылы бұл баға біздің отбасының қаржылық жағдайы үшін ауыртпашылық салатын еді. Медицинада 9 жыл оқитының тағы бар. Ағамның ұсынысымен ҚазҰПУ–нің педагогика–психология мамандығына тапсырдым. Бұл жерде әскери кафедра болды. Ұлттық қауіпсіздік қызметі болсын, педагогика, әлеуметтану саласы болсын, барлығына жол ашық екенін ойлап түстім. Бірінші семестрден соң грантқа ауыстым», – дейді Ерлан Қасымжанұлы.
Айтуынша, 9-10-сыныптан бастап шетелдің президенттерінің дауысын салатындарды көріп, «бізде неге жоқ?» деген ой келген. Өзім оқушы болсам да, соны ойладым деп әзілдейді актер. Кенеттен Елбасының дауысын салған. Барлығы ду күліп, таң қалған көрінеді. Мектептен басталған әуестік жүре келе жеңіске апарған жолға айналыпты.
«Университетке түскен әрбір студенттің іс-шара өткізіп, тойлайтын мерекесі – тілдер күні. Сол шарада президенттің дауысын салып, көрерменнің қошеметіне бөлендім. Жастар комитетінің де көзіне түстім. Артынша факультетіміздің деканы Розалинда Шаханова шақырып алып «Балам, сен мұндайыңды қой. Үлкен кісінің, ел басқарып отырған азаматтың дауысын олай салуға болмайды. Қазір аумалы–төкпелі заман. Сенің шашың кетеді, менің басым кетеді» деді. Мен басымды изеп, келісімімді бердім», – дейді Қасымжанұлы.
Апайымен келіскеніне қарамастан, бірінші курста КВН командасын құрып, факультетаралық ойындарда бірінші орын алдық дейді актер. Сол кездегі ойынның қазылар алқасында «Патруль» сериалындағы жігіттер мен университеттің магистратурасында оқып жүрген КВН ойыншылары отырған. Әрі қарай бірден финалға жолдама алады.
«Олар менің президенттің дауысын салатынымды көріп, ойыннан соң жолықты. Өздерімен бірге республикалық ойынға қатысуға, бірден финалға шығуды ұсынды. Мен деканға берген сөзімді айтып, өз келісімді берген жоқпын. Себебі мен бұл жерде әлі төрт жыл оқитын едім. Артынша мені университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректор шақырып, университеттің абыройы үшін жаса деді. Мен деканыммен арадағы келісімді айттым. Ол жағын өзіме қалдыр деген соң қуана–қуана келісімімді бердім. Елбасының дауысын салғанымда залдағы көрерменнің барлығы қол соққаны есімде», – дейді актер.
«Өзімді ең алдымен сценарист санаймын. Түрлі оқиғаларды ойлап табамын, персонаждарды бір–бірімен тоғыстырамын. Тіпті конфликтінің өзін әдемі жеткізу керек. Әр кейіпкердің минусы мен жақсы жағын жеткізуім керек. Екіншіден, мен продюсермін. Түсірілім алаңындағы барлық жұмысқа, сценарийге жауап беремін. Яғни киноның алғашқы әрпінен соңғы нүктесіне дейінгі жұмысты ұйымдастырамын», – дейді Ерлан.
Одан бөлек актерлермен жұмыс жүргізіп, режиссер қызметін атқарып жүрген әрі басты рөлді сомдап жүрген Ерлан Қасымжанұлы «Елбасы жолы. Астана» фильмінде Елбасыға дубляж жасады. Фильмді тамашалаған көрерменнің пікірінше, дауысты дәлме–дәл айнытпай салған. Оны біз де әңгіме барысында тексеріп көрдік.
«Елбасы жолы. Астана» жобасында отандық режиссер Ақан Сатаевпен алғаш рет бірге жұмыс істеген. Тәжірибелі режиссердің адамдық қасиеттерінен үйренерім көп дейді.
«Бастық боламынның» үшінші бөліміне дайындалып жатқанмын. «Елбасы жолы. Астана» фильмінің атқарушы режиссері хабарласып, мені аудиотыңдалымға кастингке шақырды. Менің дауысымның ұқсайтынына қатты таң қалды. Қыркүйекте түсірілімде болып, қазанда жұмысты бастадық. 15 күн бойы 7 сағаттан жұмыс істедік. Осы жобада Ақан Сатаевпен бірге алғаш рет жұмыс істедім. Өте жақсы маман. Қазақстанда жақсы мамандар аз. Президент өз ойын әдемі жеткізеді. Аудиторияны өзіне қарата алады. Ол кісінің интонация арқылы қай жерде үтір, қай жерде кідіріс жасайтынын мен де бір кісідей меңгердім. Дауысы, сөзі арқылы мінезін көрсету керек болды. Меніңше, сәтті шықты. Тағы бір айта кететіні, грим жасаған кісінің еңбегі зор. Оны көрермен де байқаған болар. Фильм көңілімнен шықты», – дейді ол.
«Жігітке жеті өнер де аз» десе керек, мерекелік кештер мен той жүргізетінін де айтты. Қазақстанның қалаларына барып, үнемі қозғалыста жүргенді ұнатамын дейді.
«24 жасымда өзімнің компаниямды аштым, 25 жасымда бірінші сериалымды шығардым. Істеймін деген адамға елімізде мүмкіндік бар. Ал егер мен диванда отырып, елімізде бәрі жаман деп жата берсем мұның бірі де болмас еді», – дейді актер.
Өнер, кино саласында жүрген Ерлан Қасымжанұлы алдағы уақытта басқа салада да төбе көрсетіп, жақсы жетістікке жететініне сенеді. Оның ішінде ашық әңгіме алаңы ретінде журналистикаға бет бұру да бар екен.
«Педагогикамен Құдай қаласа зейнет жасында айналысуым мүмкін. Сол жаста ғана жастарға тұлға ретінде қалыптасу үшін не істеу керк екенін айтып, ақыл үйрете аламын. Қай жерде жүрсем де, қай іспен айналыссам да, халқыма пайдам тимесе, зияны тимейтін адам боламын. Он жылдан кейін болсын, он бес жылдан кейін болсын басқа салада жұмыс істеуім мүмкін. Мені журналистика, оның ішінде адамдармен сұхбат жүргізу қызықтырады. Мүмкін осы салаға бет бұрармын. Ол енді уақыттың еншісінде. Ойымда түрлі жоспар бар», – дейді актер.
«Өзімді бақытты санаймын. Мен керемет елде өмір сүріп жатырмын. Еуропаға қарасаңыз, ол жақ та жақсы. Ол жақтың менталитеті бөлек. Біз пейілі кең, дархан халықпыз», – деп түйіндеді актер.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/