БАСТЫ ТАҚЫРЫБЫМ – ТӘУЕЛСІЗДІК | «Айқын» газеті

0

Шоқтығы биік қазақ поэзиясы жайында сөз қозғағанда, өлеңді өндірте, жалындатып жазып жүрген ұлтымыздың көрнекті ақыны Серік Тұрғынбекұлының есімі тіл ұшымызға оралады. Ақын есімін Қостанай облысындағы Жангелдин ауданының Қызбел ауылында, Ақсуат орта мектебінің бастауыш мектебінде оқып жүргенде естіген едім. Мәтінін өзі жазған «Торғай қызы» әнін көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелері, оқушы қыздар сүйсіне шырқайтын. 

Серік ағамыз бүкіл өмірін өлең жазуға арнады. Өлеңге берілген, әдебиетке адал, ағынан жарылып, әділ сөз сөйлейді. Өзгелердей сыртыңнан ғайбаттап, жамандамай, бәрін бетке айтады. Мінезі Торғайдың жазиралы даласындай кең, мәрт, жаны өзі жағасында өскен Өлкейік өзенінің суындай мөп-мөлдір, кіршіксіз таза. Туған жерін керемет жақсы көреді, халқының тағдырына алаңдап, ана тіліне жаны ашиды. Кешегі Ахмет Байтұрсын­ұлы, Міржақып Дулатов секілді Алаш арыстары дүниеге келген Торғай елінде туған, әдебиетіміздің қос бәйтерегі іспеттес арқалы ақындар Сырбай Мәуленов пен Ғафу Қайырбековтің ізін басып, бүгінде солардың көзіндей көрін­ген, солардың орнын жоқтатпай, бәріміз­ге ақыл-кеңес айтып, шынайы қам­қорлық жасап жүрген Серік Тұрғын­бек­ұлы жайлы көп сөз айтуға болады.
– Тәуелсіздік күні барлық мерекелерден ерекше көрінуі керек, өйткені ол – Қазақ­стан­ның ұлттық мейрамы. Осы Тәуелсіздік мерекесін қалай тойлап жүрміз?
– Қазақстанда, Құдайға шүкір, той көп. Мұны жақсы ырымға балау керек. Бірақ сол тойлардың ішіндегі дәрежесі жағынан да, деңгейі жағынан да ең биігі – Тәуелсіздік күні болуға тиісті. Өйткені біздің елдің, әсіресе, осы жиырма бес жыл­ға жуық тірлігінің бәрі, түптеп кел­генде, Тәуелсіздікке тіреледі. Тәуелсіз­дік­тің арқасында жеке, дербес ел болдық. Тәуелсіздіктің арқасында әлемге таныл­дық. Тәуелсіздіктің арқасында Астана салдық. Өз қолымыз өз аузымызға жетті. Тіпті кешегі дүниені дүрілдетіп өткізген саммитіміздің өзі – Тәуелсіз­дік­тің арқасында жүзеге асты деп есептеуіміз керек. Егер Тәуелсіздік болмаса, осының бірі де болмаған болар еді. Сондықтан Тәуелсіздікті жалаң той ретінде ғана өткізбей, саналы ой ретінде қабылдауы­мыз керек. Әлбетте, көп елдерге қақты­ғыс, қантөгіспен келетін Тәуелсіздік бізге қалай келді? Тәуелсіз­дікті Кеңес Одағы­ның ыдырауымен ғана байланыс­тыр­сақ, біз қателесеміз. Біз бұны «өз аяғымен келген Тәуелсіздік» деп қабыл­дасақ, бүгінгі күніміздің қадір-қасие­тін жете түсінбеген болып шығамыз. Тәуелсіздік бізге өз сәтімен келсе де, біздің қазақ халқы осы жолда қаншама қан төкті, қаншама құрбандық болды. Басқа көтеріліс, қақтығыстарды былай қойған­да, бір ғана алып империяға қарсы он жыл күрескен Кенесарының іс-қимыл, әрекетін қайда қоямыз?! Оған 1916 жылы патша жарлығына қарсы шабуылға шыққан Кейкі, Амангелді бастаған Торғай көтерілісі тарихта өшпес із қалдырып кеткенін білеміз. Бұл көтеріліс кезінде бүкіл қазақ жеріне қанат жайып кеткені белгілі. Оның соңы, кешегі Желтоқсанға ұласқан жоқ па? Ендеше, Тәуелсіздік бізге өз аяғымен келген жоқ, немесе бізді билеген алып империяның «қателігінен» пайда таптық деп пайымдау бос сөз. Тәуелсіздік – қазақ халқының өз жерінде еркін өмір сүру үшін аңсаған ежелгі арманы. Тәуелсіздік – азаттықты аңсаған Алаш идеясы. Тіпті қазақ үшін аса қастерлі «Тәуелсіздік» деген сөзді халықтың санасы­на сіңіріп, жүрегіне ұялатқан, оны ғалам­дық деңгей­ге көтеріп, алғаш ғылы­ми айналым­ға салған – Алаш арыстары. Алаш арыстарының өздерін құрбан қылған арманы. Осы Тәуелсіздік тұсында біз баяғыдан ұрпағына аманат етіп қалдырған батырларымыз бен асылдары­мыздың, соны тікелей идеяға айналдыр­ған Алаш арыстарының арманын аяқасты етуге еш хақымыз жоқ. Демек, Тәуелсіздік тойында, арғы Абылай хан арманы, одан кейінгі Кенесары көтері­лісі, жалпы, Алаш идеясы алғашқы орын­да тұруы керек.
Қазақ батырлары – Қабанбай, Бөген­бай, Ағыбайдың (Құдайға шүкір, қазақта батырлар баршылық қой) рухы әспетте­луі керек. Ғалымдарымыз, зерттеуші-тарихшыларымыз, тіпті болмағанда, Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан тұсынан бермен қарайғы, Керей – Жәнібек бастап кешегі Желтоқсан, бүгінгі Тәуелсіздік жолында тер төгіп, құрбан болған батырлар мен көсемдердің шын мәніндегі шынайы тұлғасын анықтап, келешек ұрпақ зердесіне сіңіруі қажет. Олар туралы келелі романдар, дастандар дүниеге келіп, кешегі Мұхтар Әуезовтің «Хан Кенесі», Ілияс Есенберлиннің «Қаһары», Әбіш Кекілбаевтың «Абылай ханы» сияқты драмалық кесек туындылар қазақ әдебиеті мен тарихына олжа салуы керек. Әлем-жәлем концерт өткізгеннен гөрі Тәуелсіз елдің асыл мұраттарын бүгінгі бедері мен беделін бағамдап берген әлдеқайда әсерлі болар еді. «Әзірет-Сұлтандағы» бір ғана Абылай хан сүйегінің өзін тап басып тани алмай жатқанда, Абылай хан шапанының табылып, Елорда төрінде тұруының өзі Тәуелсіздігіміздің түбегейлі бір көрінісі емес пе? Түркістанға оралған қасиетті қара қазанның қақпағы қайда? Қақпақ­сыз қазанның дәм-тұзы көрінгенге жем болмай ма? Кенесары Санкт-Петербор­дағы кунс-камерада сақталып келіп, кейін сап болған басы қайда? Әйтеуір, Кейкі батырдың басы қайтарылып берілді, ол туған жер төсіне құрметпен жерленді. Ал Кенесары батырдың басы елімізге оралмай, рухымыздың оянуы екіталай. Тәуелсіз еліміздің жалы күдірейіп, егемендігіміз баянды болсын десек, патшалық империяға қарсы күресіп, Тәуелсіздік рухын оятқан Кенесары батырдың басы – Қазақстан жүрегі Астананың қақ төсінде тұруы хақ!
– Біз осы Алаш арыстары армандаған күнге жете алдық па?
– Ол күнге, әрине, жеттік. Айтып отырғаным, сол қол жеткізген Тәуелсіз­дік­ті жүрегімізге әр мұсыл­ман­ның Құранды қастерлегеніндей, қадіріне жетуіміз керек. Алаш арыстары сол кездің өзінде, қылышын қайраған қызыл империясының айбарынан қаймықпай, қаншалықты құнды ұсыныстарды жүзеге асырмақ болды. Сонда олар үшін ең басты құндылық, осы жерді қан төгіп қорғаған қазақ халқының қамы бәрінен биік тұрды. Олар қандай жұмыс істесе де, өз алдына ұлттық мұратты басты міндет етіп қойды. Кейін Кеңестік төңкеріс Алаш идеясын тұншықтырып, өз идеясын іске асырғанда қазақ халқы «екінші сортты» ел болып шыға келді. Оның тілі де, діні де, салт-дәстүрі де, қайрат­кер тұлғалары да құрдымға кетіп, өзге халыққа, өгей басшыға табындырып қойды. Біз осы құлдық санадан әлі күнге түбегейлі құтылып кеткен жоқпыз. Өйткені Алаш арыстарының идеясының жолын кескеннен кейін, былайғы жұрт Кеңес үкіметінің ықпалында өмір сүріп, «Тәуелсіздік» деген қастерлі сөздің мағынасына терең бойлай алмады. Ел Тәуелсіздіктің тарихи тағылымын енді-енді түсініп келеді.
– Тәуелсіздік күні Жаңа жыл тасасын­да қалып бара жатқан жоқ па?
– Орынды сұрақ. Жетпіс жыл бойы әлі күнге дейін толассыз тойланып, Кеңес үкіметінің басты мерекелерінің біріне айналған Жаңа жылды әлі де, өз дең­ге­йінен түсірмей, алаулатып-жалау­ла­тып тойлау, тіпті әрбір жанұя – отба­сы, жаңа жыл түні сағаттың тықылы­на дейін тағатсыз күтіп, шыны аяқ қағыстыру дәстүрін Тәуелсіз ел тәркі еткен жоқ. Дұрыс-ақ. Ортақ тойда орта толсын демекпіз. Алайда еліміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздікке селкеу түспеуі керек. Қазір ел-жұрттың арасында «Тәуелсіздік тойы – Жаңа жылдың» көлеңкесінде қалып қойған жоқ па?» деп қауіптене сөйлеуінде бір гәп бар. Олай дейтінім, Тәуелсіздік дүниеге келген Желтоқсан айы басталысымен-ақ, сол күні еліміздің бас қаласынан бастап, мерекелік алаңда Жаңа жыл шыршасы бой көтеріп, жар-жұрқ етіп, «мен мұндалап» тұрады. Ертеңгі Тәуелсіздік тойы иек астында тұрғанда, келесі айда келетін Жаңа жылға бүгіннен бастап дайындық басталады. Алаңдағы алып шырша қаланың құзырлы орындарында өз жалғасын тауып, мекемелер мен мектептер, оқу орындары – ел-жұрт Жаңа жыл тойының қамына кіріседі. Ал осы Жаңа жылды 16 желтоқсандағы Тәуелсіздік мерекесін тойлап алғаннан кейін қолға алсақ та, содан кейін бет­бұрыс жасасақ та, жетіп жатпай ма?! Тіпті 13 қаңтар ескі Ресейдің жаңа жылына дейін жалғастырып жататындар бар. Оған қарсы болып жатқан ешкім жоқ. Онсыз да Жаңа жыл бір ай бойы өз рәсімін жоғалтпайды екен. Сонда біздің Жаңа жылды, дәл Тәуелсіздік күнінің табалдырығының алдында, үлкен той – ұлы той қол созым жерде тұрғанда, алаулатып-жалаулатып, шыршалатып шыға келетінімізді немен түсіндіруге болады? Жаңа жылды ешкім орнынан тайқытып жібермейді. Оның есесіне, Тәуелсіздік тойын кең тойлап, терең толғап, тұғырында бекіте түсу – басты мін­детіміз емес пе? Ендеше, екінің біріне: Жаңа жылды алаңсыз тойлайық, не болмаса, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ойлайық.
– Тілді дамыту үшін не істеу керек?!
– Әсет Найманбаев деген ақынның бір өлеңі бар еді:
Ақында менен сорлы жан бар ма екен,
Бір сөзі баспа орнына берілмеген! – деп келетін. Сол сияқты менің ойымша, «Қазақтан асқан бейбақ халық бар ма екен?!» Жеке мемлекет болғаны­на ширек ғасыр уақыт болды. Тіл байғұс, әлі күнге дейін көкпарға тартқан көк серкенің терісіндей, додаға түседі де жатады. Біздің тілді дамытуға қосқан үлесімізден гөрі, соны қалай дамытамыз деген дау-дамай, талқы-тартысымыз көп. Оны неменесіне қақпақылға сала береміз. Қаражат болса, қисапсыз бөлініп жатыр. Одан да ол ақшаны ақын-жазушы, журналист, ғалым, қайраткерлердің тіл туралы жазған шығармаларына қаламақы төлемей ме? Тілді орыстардың өздері ынталанып үйреніп жатқанда, тіл білмейтін намыссыз қазақтарды керемет «кресло» беріп, неменесіне тайраңдатып, қоя­мыз. Тілін білмеген қазақ жеме-жемге келгенде басқа ұлттың бишігеш­те­ріне дінін де, ділін де, тіпті жерін де сатып жіберуі мүмкін. Кезінде Бекболат Тілеухан «Намыс» деген журнал шығар­ды. Киоскілерде толып тұрды. Ал осы­ны қай бишігеш қолына алып парақ­­тап оқыды? Жыпырлаған журнал­ды қай қазақтың жастары таласып-тармасып алып жатыр. Оның есесіне, Құдайға шүкір, «Қазақ үні», «Жас Алаш» газет­те­рі жақсы тарайды. Журналдың аты – «Намыс» болған соң, намысқа тигізіп айтып отырмын. «Тіл» туралы басылым­дар­дың өтіп жатқаны шамалы. Бүтін Астанада қазақ басылымдарын сататын «Алты Алаш» деп аталатын дүңгіршек екі-ақ жерде бар. Ал Ресейдің ешкім алмайтын арзан газет-журналдары көрінген дүңгіршекте толып тұр. «Намыс» секілді басылымдардың ауыл­дық жерге иісі де бармайды. Ауылға барса, намысы кете бастаған қандас­тары­­мызды қайрауға жарап қалар ма деген ой ғой, менікі. Тілді дамытамыз деп құр даурыққанша, кешегі Кеңес үкіметінің кейбір тәсілдерін пайдалан­ған жөн болар еді. Өткеннің бәріне үрке қарауға болмайды. Соның бірі, «орыс тілін білмесең, саған барлық жерде есік жабық» дегендей емеурін бар еді ғой. Бізде қазақ тілін білмесең – намыс емес, таныс керек. Сол үшін «тіл шаруа­­шы­лығының» асқынып кетуіне байланысты, енді «финполиция» деген сияқты «тіл полициясын» енгізу керек. Біз қазір тек қорыққанымызды ғана сыйлайтын халге жеттік. Дәл осы кезде, тілбұзар мекемелерге айып салса, тілбұзар басшыға шара қолданса, бірден тәртіпке келер еді. Көшелердегі қазақша жарнамалардың бәрі дерлік жарымжан. Жарымжан жарнамалар Астана, Алма­ты­дан бастап, бүкіл облыс орталы­ғын­дағы қалаларда бықып жатыр. Сол қате жарнамаларға, ұран сөздерге, есік маңдайшасындағы атауларға жіберген қатесі үшін «айыппұл» салынса, шенеу­нік­тер шекесінен қарамай, тез есін жияр еді. Осының бәрі тәртіпсіздіктен, жүйесіз­діктен, талаптың жоқтығынан болып отыр. Тіл мәселесін тек қана сонымен айналысатын мекемелердің қанжығасына байлап қою әділеттілік емес. Тілді игеруге тағы да 10 жыл қосып отырмыз. Тіл алдымен, қазақ үшін керек. Өйткені бұл мемлекеттің иесі де, киесі де – қазақ. Қазақ халқы – алғыр халық. Қазақ жаста­ры қазір орыс тілін орыстардан артық біледі, ағылшын тіліне де ағып тұр. Құдай қаласа, қытай тіліне де ден қойып, тез меңгеріп кететіндер де аз болмаса керек-ті. Қазақ тіліне «қақалып» жеткендер болса, емін таба алмай жатқан – өзімізден!
– Астана сіздің көз алдыңызда өсіп келе жатыр. Осы Астананың дамуына көзқара­с­ы­ңыз қалай?
– Ең басты тақырып – Тәуелсіздік бол­са, одан кейінгі айшықты тақырыбым – А­стана. Астана, өзің айтқандай, көз алдымда өсті. Астанада тұрғаныма да 19 жыл уақыт өтіпті. Осы жылдар ішінде Астананың қилы кезеңдерінің баршасын бастан кешірдім. Он жылдай Астанадағы С.Сейфуллин музейін басқара жүріп, Елорданың небір елеулі іс-шараларынан тыс қалған емеспін. Елорда құрылысының қарқынды кезін де, тұралаған тұстарын да көрдім. Сондағы байқағаным – елдің Елордаға деген сүйіспеншілігі, патриот­тық сезімі. Кейбір шетелдік компа­ниялардың «шетінеп» кеткені болмаса, қарапайым халықтың Астанаға құлшынысы, ықыласы бөлек. Содан да болар, қазір Астанаға жан-жақтан ағылып келіп жатқандардың легі әлі күнге толас­тар емес. Тағы бір айтарым, солар­дың ішінде, Астана тарап кеткен облысым – Торғай жұртшылығына пана болды. Сол үшін Астанаға айтар алғысымыз мол. Өз басым, Астананың ең қарыштап, шарық­та­ған шағын – қала әкімі И.Тасмағам­бе­тов­тің кезеңімен бағамдай­мын. Жасыра­тыны жоқ, Иманғали қалаға күрмеуі қиын күрделі кезеңде келді. Сөйте тұра, талант­ты басшы, Елбасының ақыл-кеңесімен, қолдап-де­меуімен, Елорданы ерлікке пара-пар жол­мен бүгінгі биік деңгейге алып шық­ты.
– Әйтсе де, «Астанада Алаш арыстары­на ескерткіш орнатылған жоқ» деп бір мақа­лаңызда жазған едіңіз?
– Ол рас. Астанада аспанмен таласқан үй көп болғанымен, Алаш арыстарына орнатылған асқақ ескерткіштер жоқтың қасы. Әрине, Есіл жағасында Кенесары тұр тұлпарымен. Абайға орнатылған соңғы ескерткіш те ауыз толтырып айтар­лық­тай. Тәуелсіздік монументі, Керей мен Жәнібекке орнатылған еңселі ескерт­кіш, Бөгенбай батырдың ат үстін­дегі мүсіні – Астана арайын онан сайын нұрландырып, Тәуелсіздік тұғырын биіктете түскендей. Құрманғазыға, батыр қыз Әлияға ескерткіш орнатылды. Солар­дың ішінде Тәуелсіз тарихымыз үшін Алаш ардагерлерінің алатын орны ерекше екені бесенеден белгілі. Тіпті осы Астана­ның арқа жерінде бой көтеруін арман етіп, болжам жасаған Алаш арыстары – Ә.Бөкейханға, А.Бай­тұр­сынұлына, М.Дулатов­қа, Қ.Сәтбаевқа, Ж.Тәшеновке ескерткіш салу сұранысы халық арасынан кең қолдау тауып келе жатыр. Алла жазса, алдағы жылдарда «Алаш арыстарының аллеясы» ашылатын күнге куә болармыз деген үкілі үмітіміз де бар.
– Астанаға келгелі бері бірнеше мәрте Конгресс-холда шығармашылық кеш өткіз­діңіз. Тіпті соңғы кешіңізге – «Аспан­ның асты – Астана!» деп ат қойып, айдар тақ­тыңыз. Сондай-ақ сіздің «Есімің сенің – Елорда» деген бірыңғай Астана туралы өлеңдерден жыр кітабын жүйелеп жатқа­ныңыз­ды да естіп, білдік. Жалпы, қалың қазаққа белгілі ақын, қаламгер ретінде алдағы шығармашылық жоспарыңыз тура­лы да оқырман қауымға хабардар ете кетсе­ңіз…
– Жас кезімізде желдім-жорттым деп жүріп көп уақытымызды қызық-думанға құрбан етіп жіберіппіз. Енді егде тарта бастаған тұсымызда, уақытты қарпып қалу үшін жанталаса жұмыс істегің келеді. Алайда «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей, қайда жиын, қайда той – қалғың келмейді. Сөйтіп жүріп, соңғы жылдарда, шағын өлеңдердің шиырынан алыстап, ұзақ оқылатын көлемді дастандарға қарай көбірек ойысып бара жатқанымды жасырмай­мын. Ол жолда жеміссіз де емеспін. «Кейкі батыр» даста­ным – «Алаш» сыйлығын, «Махамбет және Жәңгірхан» дастаным «Махамбет» сыйлығын алды. Ұзақ жыл Сәкен Сейфуллин музейін басқарып, біраз зерттеп, зерделегенімнің нәти­же­сінде болар, «Сәкен – сұңқар» деген дастан жазып, оны тіпті кезінде Мемле­кет­тік сыйлыққа да ұсынған болатын­мын. Өтпей қалса да өкпем жоқ, содан өзім­ді қамшылап, «Ахмет – Іңкәр» деген, Байтұрсынұлының жастық шағы, бозбала махаббаты жайлы дастанға кірісіп кеттім. Жалпы поэма-дастан­дарым екі бағытта, батырлық, ғашықтық дастандары болып келеді. Батырлық дастандар циклінен, қазақтың ғарышкер батыры Тоқтар Әубәкіров туралы «Ғарыш-қазақ» деген дастан бітіріп, оны республикалық басылымдардың біразы жариялап та үлгерді.
«Ғашықтық дастандарынан» – Сәкен сері Жүнісовтің алғы сөзімен, ол кісінің көзі тірі кезінде «Ақан сері – Балқадиша» дастаны дүниеге келген болатын. Тиражы аз – 200-ақ дана болғандықтан, қазір қолымда бір данасы да қалмапты. Оқыр­мандар табан астында талап кетті. Бұдан біраз жыл бұрын «Балуан Шолақ – Ғалия» деген дастанды бітіріп, сүйікті газетім – «Егемен Қазақстанға» ұсынып та қойдым. Алла жазса, оқырмандардың қауышып қалар күні де алыс болмаса керек.
– Сіз өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген республи­калық бір үлкен мүшәйрада бас жүлде алдыңыз. Осы тақырыпты тарқатып, кеңі­рек айта кетсеңіз?
– Қазақстан Жазушылар одағы Қазақстанның ірі компанияларымен бірігіп, Қазақ хандығының 550 жылды­ғына байланысты үлкен мүшәйра өткіз­гені баршаға белгілі. Соның бас жүлде­сіне ие болдым. Қаражаты да қомақты. Бірақ мәселе онда емес. Мәселе, осы мүшәйраға, әдейі қатысып, Ақмоланың өткен тарихын оған кезінде бір емес, екі рет шабуыл жасаған Кене­сары мен оның төңірегіндегі батырлардың ерлік істерін көрсетуді мақсат тұттым. Өйткені біз көбінесе, бұрынғы Ақмола тарихынан алыстап, тек жаңа Астананы ғана әспеттеуге әуес болып алдық. Бұрын бұл далада ештеңе болмағандай, тусырап жатқан қу дала тұрғысында қарайтын болдық. Айтсақ, тек тың игеру кезеңімен ғана байланысты­рамыз. Осы жерде бағзы заманда «Бозоқ» деген қала болғанын, өркениет дамығанын, осы күнгі «Күйгенжар» орнында Тәуке ханның ордасы орнағанын таратып айтуға келгенде тайқақтай береміз. Мәселен, Есілдің сол жағалауындағы алқапта қазір қазба жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Онда сақ дәуірінен бері қарай ірі мемлекет болып, қала орнағанын анықтайтын айғақтар табылып жатыр. Қаланың Қараөткел, Ақмола кезінде патшаның мұздай қаруланған әскерімен Кенесары қолының қақтығысып, алапат шайқастар болғанын, тарихи деректерде хатталып жатса да, көркем әдебиетте көрсетуде кемшілік танытып келеміз.
Жоғарыда айтқанымдай, мәселе, алған бәйгемде емес, осы далада, осы қалада қалған тарихи оқиғаларды оқырмандардың ойына салып, қазақ жерінде болған ерлік тарихына өзімше үлес қостым деп ойлаймын.
– Астананың 15 жылдық мерейтойын­дағы мүшәйраға қатысып бас бәйге алып, машина мінгеніңіз де есімізде.
– Ондай оқиға болған. Қысқасы, Тәуелсіздікті, сол тәуелсіздіктің алтын ордасы – Астананы жырлаудан еш жалықпаймын. Осы күндері, көптен жазып жүрген Астана туралы өлең-жырларым мен дастандардың басын қосып (ән мәтіндері өз алдына) үлкен кітап даярлап отырмын. Осы кітабым жарыққа шықса, өзім топырағын басып, суын ішіп отырған қастерлі Елордаға қосқан аз да болса бір үлесім деп білер едім.

Сұхбаттасқан
Есенгелді СҮЙІНОВ

Дереккөз: Айқын