Бастауыш сынып оқушылары насыбай атып жүр — Депутат

0

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы оқушылар насыбай атып жүргенін айтып, Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мен Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке сауал жолдады, деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат порталы BAQ.KZ-ке сілтеме жасап. 

Бұл депутаттық сауалда көтерілетін мәселе емес еді. Алайда 4-5 сынып оқушыларының еш кедергісіз насыбай атып жүргенін көріп, еріксіз дабыл қағуға мәжбүрміз. Заңда тыйым салынғанына қарамастан, бұл зиянды зат сауда орындарында, базарлар мен дүкендерде бала деп, жас деп қарамай, еркін сатылуда. Бағасы да қолжетімді, ал зияны шаш етектен, — дейді мәжілісмен.

Депутат насыбайдың формасын өзгертіп, кәдімгі қалташадағы шай секілді қораптап, шақшалап, түрлендіріп ұсынылып жатқанын айтты. Сөзінше, «Жевательный табак», «Снюс», «Шайба» деген атаулармен таралып жатыр.

Насыбай – не мәдениетке, не әдепке, не гигиенаға сай келмейтін жиіркенішті қалдықтардан жасалатын зат. Өкінішке қарай, бұрын оны тек үлкен адамдар ататын болса, қазіргі кезде мұнымен балғын жастар, тіпті болашақ ана болар қыздар да әуестенетін болған. Олардың саны жыл сайын артып келеді. Бұған қоса, ел үміт күтіп отырған спортшы жастар арасында да бұл кері әдеттің қалыпты жағдайға айналғанын қалай түсінуге болады?!, – деп шағымданды ол.

Кейбір деректер бойынша, халықтың 10 пайыздан астамы насыбайды қолданады екен. Жарқынбек Амантайұлының айтуына қарағанда, насыбайдың құрамында қандай заттардың бар екенінің нақты белгісіз болуы да қауіпті.

Егер темекі халықаралық стандарттарға сай құрамы көрсетіліп дайындалатын болса, ал насыбайдың құрамына қатысты мұндай стандарт жоқ. Сондықтан оның жасалу жолы да, өндіріс орны да беймәлім, бақылаудан тыс қалған. Негізі оның құрамында химиялық заттар, әк, сексеуіл, арша, тобылғы ағаштарының күлі болады. Уытын арттыру үшін тауықтың саңғыры, түйенің тезегі де қосылады екен. Насыбайды мұқият зерттеген мамандар бұдан бөлек, оған есірткі мен психотропты заттардың да қосылғанын анықтаған. Бұлардың тұтынған адамды тез тәуелділікке ұшырататыны сөзсіз, — дейді мәжілісмен өзінің сауалында.

Депутат атап өткендей, дәрігерлер насыбай атудың адамды тәуелділікке ұшыратумен қатар, түрлі ауруларға да душар ететінін айтып келеді. Тіптен ол қатерлі ісікке, ұрпақсыздыққа апаратыны да ғылыми дәлелденген.

Депутат Жанқынбек Амантайұлы елді улап отырған бұл қатерлі дертті ауыздықтап, оның таралуына мүлдем тосқауыл қою қажет екенін айтты. Оның сөзінше, елімізде насыбайға заң жүзінде шектеу қойылғанымен, орындалуында осалдық танытып отырмыз.

Мәселен, насыбай саудасымен ұсталғандарға әуелі ескерту жасалып, кейіннен небәрі 5 айлық есепті көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл салынады екен. Ал шағын және орта кәсіпкерлерге салынатын айыппұл мөлшері – 20 айлық есептік көрсеткіш қана. Саудагерлер мұны шыбын шаққан құрлы көрмей отыр, — деді ол.

Депутат ұсыныстары:

  • Қазақстан Республикасның Үкіметі насыбайға қатысты заң талаптарын барынша қатаңдатып, оған мүлдем тыйым салу жөніндегі шараларды қолға алуы қажет.
  • Қазақстан Республикасның Ішкі істер министрлігі еліміздің сауда орындарына арнайы рейд жүргізіп, заңсыз насыбай саудалаушыларды анықтап, тиісті шара қолдануы қажет.
  • Қазақстан Республикасның Денсаулық сақтау министрлігі қолданыстағы насыбайдың құрамын зерттеп, оның адам денсаулығына тигізетін зияны туралы қорытынды әзірлеуі және өзге де жауапты мекемелермен бірлесіп, халық арасында кеңінен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек.

фото: zn.ua