«Бассыздықтың шарықтау шегі». Тілшілерге шабуылға реакция

0

Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің «Өзінше билік ету» бабы бойынша тергеу бастаған. Полиция департаментінің дерегінше, барлығы сегіз адам шағымданған. Олардың бесеуі – Алматыдағы баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар мен журналистер. Тағы үш адам «тілшілер мен баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылардан жапа шектік» деп арыз жазған. Алматы полициясы сот-медициналық сараптама жүргізілетінін де хабарлады.

Шілденің 22-сі күні 20 шақты әйел Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында жоспарланған баспасөз жиыны алдында шараға келген журналистерге шабуыл жасады. Шабуылға ұшырағандар арасында Азаттық тілшісі Нұргүл Тапаева мен оператор Тоқмолда Құсайынов бар. Ғимараттың төртінші қабатына көтеріліп бара жатқан журналистерге бірнеше әйел тарпа бас салып, камераларын сындырды. Белгісіз әйелдер ҚазТАГ ақпарат агенттігі мен «Алматы» телеарнасы тілшілеріне де шабуылдаған.

Видео: Тілшілерге шабуылдың жай-жапсары. 22 шілде 2019 жыл.

Адам құқығын қорғау бюросында «Мемлекет аналар және балалармен күресіп отыр» деген тақырыпта баспасөз мәслихаты өтуі тиіс еді. Жиынды ұйымдастырушылар елде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына (Қазақстан билігі сынаушы, қазір шетелде тұратын қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған) қатысы бар деген күдікпен қамауға алынған алматылық көп балалы ана Оксана Шевчук пен жалғызбасты аналар Гүлзипа Жәукерова мен Жазира Демеуованың үстінен қозғалған істің мән-жайын айтпақшы болған.

Шабуыл жасағандардың кім екені белгісіз. Олардың не үшін журналистерге кедергі келтіргені де беймәлім. Тілшілерге тарпа бас салғандардың бірін полицейлер көлікке отырғызып әкетті. Қалғандарының қайта кеткені белгісіз. Полиция әкеткен әйелдің бұған дейін шілденің 15-і күні Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігіндегі жәрдемақы талап еткен әйелдер наразылығында да жүргені анықталды. Сол кезде ол аудан әкімінің жанында тұрып, әйелдерді жергілікті билік өкілінің сөзін тыңдауға шақырған.

Видео: Әкімнің айтқанына бас изеп, кейін тілшілерге шабуылдаған әйел. 22 шілде 2019 жыл.

«МЕМЛЕКЕТТІҢ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСЫНЫҢ НӘТИЖЕСІ»

Тілшілерге шабуыл қазақстандық медиа сарапшылар арасында бірден реакция тудырды. «Правовой медиа-центр» үкіметтік емес ұйымы директоры Диана Окремова «бұл – алдын ала ұйымдастырылған әрекет» деп санайды.

– Меніңше, бұл – алдын ала жоспарланған шара. Егер адамдарда қандай да бір талап-тілек болса, оны ашық айтар еді. Ал журналистерге шабуылдағандардың нақты талабы болған жоқ. Не болғанын ешкім түсінбеді. Олардың мақсатын да ешкім білмейді. Журналистерге шабуыл жасағандарда тек бір ой болды. Ол – баспасөз маслихатын өткізбей тастау. Менің ойымша, бұл – мемлекеттің жүйелі және жоспарлы жұмысының нәтижесі, – дейді Окремова.

АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Уильям Кортни «бұл оқиғаға бірінші кезекте ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев реакция танытуы тиіс» деп есептейді.

«Қауіпсіздік органдары ұйымдастыруы мүмкін мұндай шабуылдар Қазақстан билігінің азаматтық қоғам және наразылармен жұмыс істейтін нақты жоспары жоқ екенін көрсетеді. Егер Тоқаев журналистерге шабуыл жасағандарды жазаламаса, оның азаматтық қоғаммен бірге жұмыс істеймін деген уәдесі бос сөз болып қалмақ» деп жазды дипломат Twitter аккаунтында.

Видео: Журналистерге шабуыл жайлы сарапшылар пікірі

Қазақстандық адам құқығы бюросы сайтының редакторы Андрей Свидиров полиция болған оқиға жайлы ресми мәлімдеме жасайды деп үміттенеді. Оның пікірінше, құқық қорғау органдары шілденің 22-і күнгі шабуылға байланысты Қылмыстық кодекстің бұзақылық, жарақаттау, бөтеннің мүлкін бүлдіру, журналистердің кәсіби жұмысына кедергі келтіру баптары бойынша іс қозғауы тиіс.

ЖЕЛІДЕГІ РЕАКЦИЯ

Шілденің 22-сі күні Алматыда тілшілерге жасалған шабуылды Қазақстан қоғамы әлеуметтік желіде қызу талқылады. Белгілі карикатурист Мұрат Ділманов әйелдердің тілшілерге қол көтергенін былай бейнеледі:

Ал адвокат Айман Омарова журналистердің құқығын қорғауға дайын екенін жеткізді.​

Омарова – шілденің 6-сы күні Нұр-Сұлтанда шабуылға ұшыраған Азаттық тілшілерінің қорғаушысы. Астана күні елдегі наразылық кезінде полиция жүздеген адамды ұстаған. Осы оқиғадан хабар таратпақ болған Азаттық тілшілеріне белгісіз біреулер шабуыл жасап, газ шашқан еді. Шабуыл жасағандар Азаттық журналистерінің камерасын сындырып кетті. Азаттық бұл оқиғаларға қатысты бас прокуратураға шағым түсірген.

Видео: «Тілшілерге кедергіні көрмейтін» полицей

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына енген белсенді Мұхтар Тайжан Facebook парақшасында «Журналистерге қол көтеру сөз еркіндігіне шабуыл жасауымен тең. Мұндай әрекеттер үшін арандатушылар қатал жазалануы керек» деп жазды.

Ал журналист Жанболат Мамай Facebook парақшасында баспасөз мәслихатына келген журналистерге шабуылды «бассыздықтың шарықтау шегі» деп атады. Ол бұл әрекетке билікті айыптайды.

«Бұл бассыздықты ұйымдастырған билік, бөтелкеден жынды шығардыңыздар. Мұндай адамдар бүгін сіздер нұсқаған журналистер мен қоғам қайраткерлеріне тиседі. Ертең олар сіздерге де шабуыл жасайды. Осындай арандатушы топтар құру арқылы билік легитимділігі мен заңдылығын жоғалтып, қылмыскерлер жағына шығады. Мұндай әрекетке барған билікте қадір қалмайды. Бүгінгі арандатушылық ұлттық кеңестен үміт күткендерге тағы бір жауап болды. Қоғаммен диалог орнатқысы келген билік мұндай лас іске бармас еді» деп жазды ол.

Желідегі пікірлердің бір парасы:

Марат Толыбаев, желі қолданушы:

Баспасөз – халықтың көзі мен құлағы. Ол бар болғаны — қалыптасқан жағдайдың айнасы. Егер бұл жағдай ұнамаса, айнаны сындырмай, жағдайды түзету керек.

Асхат Еркімбай, медиа тренер, блогер:

Егер Орталық Азияның бір елінде журналиске қысым көрсеткені үшін билік әлдекімді жазаға тартса, бұл бір құбылыс болар еді. Бұл туралы мемлекеттік телеарналар, басылымдар айтар ма екен? Сыналар шақтары осы болар.

Азаттық тілшілерінің кәсіби қызметіне кедергі келтіру оқиғалары бұған дейін де бірнеше рет болған. Биыл наурыздың 22-і күні Нұр-Сұлтандағы (сол кездегі – Астана) билікке қарсы наразылық шарасынан хабар таратпақ болған Азаттық журналистеріне бір топ жас кедергі келтіріп, камераны қағазбен көлегейлеген.

Мамырдың ​1-і мен 9-ы, маусымның 9-ы күндері билікке және Қазақстанда кезектен тыс өткен президент сайлауына қарсы наразылық кезінде полиция адамдарды жаппай ұстаған сәттен хабар таратпақ болған Азаттық тілшілеріне маска киіп, қолшатыр ұстаған белгісіз біреулер тағы да кедергі келтірген. Сол маңда жүрген полиция өкілдері журналистерге кедергіні көре тұра ешқандай шара қолданбаған.



Azattyq