«Басшыларымыз да жарылатын зат жоқ дегенге алданып қалған сияқты» (видео)

0

Жамбыл облысындағы жарылыстан аман қалған өрт сөндіруші жігіт болған жағдайды баяндап берді, деп хабарлайды ЭК.

Алмаз жарылыс болмай тұрып өрт сөндіру кезекшілік қызметі басшысына команда берілгенін айтты, деп жазады журналист Ирина Советжанқызы Instagram желісіндегі өз парақшасында. Қарауыл басшысы камазға қарай жүгіріп келіп есігін ашқан бетте жарылыс болған.

«Алдыңғы есіктің жанында тұрған бізді камаздың артқы есігінінен жұлып шығарды. Ары қарай от жанып, ыстық, қараңғы болып кетті. Бүркеніп жатқан күйі екі көзім бірдей көрмей қалды, қолдарым сынып кетті. Қарауыл басшысы мені айқайлап жүріп тауып, цементтің артына тастап, екінші адамды шығаруға кетті. Сол сәтті тағы бір жарылыс болды», — дейді Алмаз.

Бәрімізді бір жерге жиған соң, бетіме су шашып, көзің көре ме деп сұрады. Көрмейді, дедім. Сөйтіп белдігімнен сүйреп біраз жерге апарды. Айнала қараңғы, түтін, дем аламай, жөтеліп жүргенде бір бірімізден ажырап қалдық,

— деді ол өткен оқиғаны есіне алып.

Одан кейін ол айқайлап, өрт сөндіруші, ТЖМ, 051, құтқару қызметінің адамдарын көмекке шақырғанын, санаулы ғана жауынгердің жарылыс маңында болғанын, құтқарушылар өртпен алысып жатқанда әскерилер сап түзеп, өртсөндірушілерге көмектеспестен әскери бөлім аумағынан кетіп қалғанын айтып берді.

Біздің үлкен бастық әскерилерден «Жарылғыш зат бар ма?» деп сұрағанда олар «жоқ» деп жауап берді. Басқа адамдардан тротил бар екенін естіп қалдым. Үлкен полковник кісіден жарыла ма деп сұрап едім, жарылмайды, далбаса нәрсе, деді де шегіне берді,

деп сөзін әрі жалғады ол.

Құтқарушылар өрт сөндіріп жатқан кезде жарықшақтар жан-жаққа ұшып жатқан. Қарауыл басшысы ол көріністен күдіктеніп «Абайлаңдар, сәл артқа шегініңдер!» деп ескертумен болған. Бір цистерна су таусылып, екінші цистернаға барып келе жатқан кезде жойқан жарылыс болған.

Жарылмайды дегенге сеніп қалған болуы керек, қарауыл басшысы мен жанындағы қызметкерлер оқиға орнында қаза тапты. Әскери бөлімге келгенде әскерилердің жүзінде үрей бар, бір нәрсені жасырып тұрғандай болды,

— дейді Алмаз.

Бірінші мәрте өртті сөндірген соң өрт сөндірушілер тобына шегініңдер деген пәрмен жеткен, алайда оларды қайтып келе жатқан жерінен жарылыс болған аймаққа қайтарған. Мұндай бұйрықты кім бергенінен Алмаз бейхабар.