Басқарма Алматы облысында оқытушының «студенттерді ұрғанын» растады

0

Алматы облысының білім басқармасы Жаркенттегі колледж оқытушысының студенттерге қол жұмсағанын растады. Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, басқарма бұл факт бойынша арнайы комиссия құрды.

Басқарма мәліметінше, оқытушы студенттерді соққыға жыққан оқиға 10 қаңтар күні Жаркенттегі көпсалалы колледжде болған. Колледждегі оқиғаны тексеруге білім басқармасының комиссиясы барып, оқытушы жұмысынан шеттетілген. Білім басқармасы тексеру қорытындысы бойынша колледж басшылығы мен оқытушыға шара қолданылатынын айтады.

Алматы облысық әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкелдің хабарлауынша, оқытушының үстінен «кәмелет жасына толмағандарды тиәрбиелеу міндетін атқармау» бабы бойынша іс қозғалған.

Бұған дейін әлеуметтік желіде «Жаркентте колледж оқытушысының студенттерді ұрып-соққаны» туралы видео жарияланған.

Алматы облыстық полиция департаменті видеоны тексеріп жатқанын, видеодағы ер адамның Панфилов аудандық полиция бөліміне жеткізілгенін хабарлады.

Ал білім және ғылым министрлігі әлеуметтік желіде таралған, алғашқы әскери дайындық пәні оқытушысының студенттерге жекіп, боқтық сөз айтқаны түсірілген тағы бір видеоға түсінік берді.

«Прогресс» политехникалық колледжіндегі алғашқы әскери дайындық пәні оқытушысының колледжде 2002 жылы туған студентті тілдеп, психологиялық қысым көрсеткен» делінген министрлік баспасөз қызметінің хабарламасында. Министрлік колледж директоры «оқытушылармен жұмыс істесуде кемшілік жіберіп, тәрбие жұмыстарын ақсатып алғаны үшін» сөгіс алғанын, ал алғашқы әскери дайындық пәні оқытушысының жұмыстан босатылғанын айтады.

Дереккөз: Азаттық